Бұған енесі қарсы болып отыр...
коллаж: ERNUR.KZ (коллаж үшін суреттер ашық дереккөзден алынды)
Шымкент қаласының тұрғыны өз оқиғасын айтып ERNUR.KZ тілішісіне хабарласты. Айтуынша, әпкесі 14 жылдан бері құрсақ көтермей жүрген көрінеді. Жалғыз бауырына қолқа салып, өзіне бір перзентті дүниеге әкеп беруін өтініп отырса керек. Бірақ бұған өзін Жәмила деп таныстырған келіншектің енесі қарсы болып отыр екен.
- Төрт балам бар. Денсаулығым да жақсы. Бәрін заңды түрде жасаймыз деп отыр әпкем. Оның перзент сүйе алмай, жездем екеуі ғана соқа бастары отырғаны жаныма қатты батады. Тіпті, осыдан бес жыл бұрын кенже ұлымды босанғанда бауырына салып бергім келген, - дейді ол әпкесінің жағдайына алаңдап.
Өзінің ең кенжесін босана салысымен бергісі келгенін айтқанда ол бата алмапты. Жәмиланың айтуынша, ол кезде әпкесі мен жездесі мұндай шешімге дайын болмаған көрінеді. «Қалай қараймыз, ауыртып алсақ ше? Тым кішкентай ғой, сенен қалай айырамыз?» деп ана мен баланы ажыратуға дәті жетпепті. Тіпті, екі айдан соң да «алып кетіңдер» деген Жәмилаға алғысын жаудырып, ниетіне разы болысыпты. Бірақ баланы алмаған. Жәмиланың ойынша, қорыққан көрінеді.
- Содан бері бес жыл өтті. Қазір жақсылап ойланып, саналы түрде дайындалған шығар. Өздері қолқа салды. Жалғыз әпкем үшін мен бәріне дайынмын ғой. Күйеуім де біледі менің ниетімді, ол да мені қолдайды. Тіпті, бажасымен әр кездескенде оның жүрегінде мұң бар екенін, сыртқа білдіргісі келмесе де сезілетінін айтып келетін. Әрине, айналасының барлығы перзентті болып жатқанда үйден сәбидің дауысы шықпау оңай ма? Көпшілік жиынға барған сайын әпкемнен «дәрігерлер не деп жатыр енді?» деп сұрайтындар көп болған соң кейінгі кезде бармай да қойды. Көппен араласқысы келмейді. Әйтпесе, әпкем сондай ортаның гүлі ғой, - дейді Жәмила.
Айтуынша, әпкесі мен жездесі өздері балалы болудан біржола күдерін үзген. Осыған дейін қаралмаған дәрігері, бармаған жерлері, жасамаған емдері жоқ. Өзгеден асырап алуға да батпапты. Оның қиындығы да жетерлік екенін алға тартқан. Ендігісі, өз бауырының құрсағынан шыққан сәбиді асырап алуды қалайды. Онда да сіңлісінің ұсынысын енді ғана қабыл алып отырған көрінеді.
- Осы уақытқа дейін әпкеме бала туып бергеніме енем қарсы болады деп ойламаппын. Үйге келгенінде әңгіме арасында әпкемнің қолқа салып отырғанын, оған күйеуім екеуміздің де келісіп отырғанымызды айтқанмын. Бірден қарсы шықты...
Жәмиланың айтуынша, әпкесі сол үшін үш миллион теңге төлесе ғана енесі рұқсат беретінін айтыпты.
- «Егер, менің айтқаныма көнбесеңдер, ешқашан разы болмаймын. Сендерге үш миллион теңге төлесін. Ұлымның ұрпағын бөтен біреуге беріп қойып қарап отыра алмаймын!» деп кесіп айтты. Күйеуім екеуміз аңтарылып қалдық. Ұлы біршама көндіріп көрмек болған, мүлде тыңдағысы келмейді. «Айттым, бітті» деп қасарысып отыр, - деп мұңайды Жәмила.
Келіншек қанша жерден енесін түсінгісі келсе де, бұл әрекетін ақылға қондыра алмаған. Енесі қалайда ақша төлеуін талап етіп, егер келіні мен ұлы айтқанын тыңдамай әрекетке барар болса, теріс батасын беретінін де айтыпты. Жәмила енесінің теріс батасын да алғысы келмейтінін айтады.
Себебін сұрасам, сол «баламның ұрпағының өтеуі болуы тиіс» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Ал күйеуім өз анасын түсінбей әлек. Жағдайымыз нашар болса мейлі. Ел қатарлы кәсібіміз, менің жұмысым бар. Төлей алмай жүрген несиеміз де жоқ. Білмеймін, неге олай қарсы болып жатқанын... «Өзіміз білеміз» дейтіндей емес, мұндай әрекетке ата-енеге айтпай баруға да болмайды...
Мұны естіген әпкесі басында абдыраңқырап қалғанымен, «мейлі, төлейміз» деп те келіскен көрінеді. Яғни, бала үшін миллиондап теңге төлеуге де қарсы емес.
- Екеуінің де қызметтері жақсы, жалақысы, жағдайлары да жеткілікті. Бірақ мен келісіп алып баланы туған әпкеме қалай сатамын? Естімейді емес, ол бала ертеңгі күні естиді. Алладан жасырмағанды адамнан құпия сақтай алмассың. Есейгенде неге оны әпкеме бергенімді түсіндіруге де дайынмын. Бірақ сол үшін ақша алсам, өз перзентімді ақша үшін сатып жібергендей болмаймын ба? Ертең әпкем мен жездемнің, болашақ баланың, о дүниеге барғанда анамның аруағына қалай қараймын?, - деп уайымдайды келіншек.
Тіпті, енесі Жәмиланың әпкесіне мұны қоңырау шалып та айтыпты. Екеуі талқылаған да көрінеді. Бірақ енді Жәмила не істерін білмей жүр. Әпкесі үшін өз құрсағын жарып шыққан баланы беруге дайын болғанымен, енді оны ақшаға туып бергісі келмейді.
- Мұндай тығырыққа тап боламын деп ойламаппын. Мүмкін, көпшілік ақыл қосар. Әлде осындай салты бар ма екен? Болса, енем оны түсіндіріп берер еді ғой, - деп көпшіліктен қолдау сұрайды келіншек.