«Жаназадағы төбелес»: түркістандық бойжеткен жеңгелерінің масқара болған қылығын айтып берді

0
6 664

«Алтынға таласып, абыройларынан айырылды»


«Жаназадағы төбелес»: түркістандық бойжеткен жеңгелерінің масқара болған қылығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мен апамның қызы болдым. Немеренің үлкені болған соң ба, апам мені ерекше жақсы көрді. Ешкімге есемді жібермейтін. Бір адам бетіме келіп сөйлеген емес. Жеңгелерім де атымды атамай, «Апасының қызы» деп кетті. Айтсам мақтанғандай, бірақ мен апатайымның әр сөзін көкейіме тоқып алатын зерек бала болдым», - дейді Лаура есімді бойжеткен.


Айтуынша, сол апасы жақында өмірден өтіпті. Жаназасында жеңгелері шу шығарып, шаш жұлысқан. Оның себебін Лаураның өзі ERNUR.KZ тілшісіне былай деп түсіндірді:


- Тынымкүл апам қартайып, жасы сексенге таяған шақта әр батаның соңында «Е, Аллам, келіндердің қолына кіріптар етпе, масылдықтан сақтай гөр! Абыройлы өлім бер!» деп тілейтін. Оны естіген сайын ашуым келіп «Апа, Құдайдан өлім емес, өмір тілесеңізші. Аллаға шүкір, абыройыңыз жетеді. Әр батада неменеге қайталай бересіз?» деп әзілдеуші едім. Сонда апам марқұм «Өлмей қайда барамын, айналайыным-ау. Абыройлы өлім дегенім – артыңдағы ұрпағыңның арулап көмуі. Ешкімнің қолына қаратпай, төсек тартып жатпай, кісіге салмақ салмай кетсем арманым жоқ. Бата-тілектің көптігі жоқ, балам», - деп әр сөзінің мағынасын түсіндіріп отыратын.


Апам былтыр, қараша айында өмірден өтті. Өз шаңырағында емес, кіші баласының қолына кеткен-тұғын. Кейде осылай әр баласының үйіне қыдырып барып, апталап жатып қайтатын. Сол әдетімен кеткен шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек ағамыздың үйінде жағдайы нашарлап қалыпты. Аудан орталығы болған соң, аурухана жақын деп ағам үйге әкелмей қойған. Тек дәрігерлер «дайындала беріңіздер» дегеннен кейін, әл үстінде жатқан апамды біздің үйге жеткізді. Ол кісі де өз үйіне келгенін күтті ме, таң қылаң бере о дүниеге аттанып кете барды.


Өзі тілегендей, ешкімге салмақ салмады, айлап-жылдап төсекте жатпады. Небәрі бір-екі апта көлемінде жатты да, кете барды. «Апатайым-ай, Алла тілегіңізді қабыл еткен екен-ау, ойламаған жерден кете салдыңыз ғой» деп аңырап қалдым. Сол сәтте іштей «абыройлы өлім деген осы шығар» деп топшылағам.


Сөйтсем сұмдықтың көкесі жаназа шығарылған соң басталды ғой. Ел-жұртқа масқара болдық. Бүкіл ауыл қазір «Тынымкүлдің жаназасында келіндері жұлысты ғой» деп әңгіме етуде.


...Былай болды, әкем, ағаларым апамды жерлеп келген соң, кешкісін ағайын-туғанға арнап қонақасын бердік. Ас ішіліп, Құран оқылып, үлкендер жағы тарқаған соң, анам бар, басқа да келіндер бар, апам жатқан бөлмеге кірді де, киімдерін реттестіретін болды. Әкемнің қарындасы апамның киімдерін теберік ретінде бәрімізге бөліп берді. Біразын «ертең ағайын апаларға таратамыз» деп алып қойды.


Кезек апамның алтын бұйымдарына келді. Әпкем батыл кісі еді, «апама мына алқаны өзім әпергем, мұны өзім алайын, сырғасын сен ал» деп маған ұсынды. Сосын апамның үлкен қызыл көзі бар, оюланған білезігін «Мынаны мен Айымкүлге беремін, кенже келінісің, көзінде көріп, тағып жүр!» деді. Оны естіген үлкен жеңгем «Әпке, қарашаңырақтағы абысынның жолы емес пе, неше жыл апамызға қарап, бақты. Мынауыңыз біртүрлі екен» деп қалды.


Негізі жеңгемнің айтып отырғаны дұрыс. Шынында да қарашаңырақтағы келіннің еңбегі бөлек, апамды шомылдырып, шашын өріп, екі мезгіл ыстық тамағын әзірлеп, бар жағдайын анам жасады. Сол кісінің алатын жөні еді. Бірақ мен үндемедім.


Кіші жеңгемнің аузы жылдам еді, «Абысын шырақ қарағыш болса, апам әл үстінде жатқанда қайда қалды? Дені сау кезде қараған шығар, ауырған кезде алып кетуге де жарамады ғой. Тосып, астын тазалап, халін сұрап келгендерге шай-тамағын беріп жүрген мен емеспін бе?» деп шап ете қалды. Ал содан екі жеңгем айтысып, ұрысып, ақырында төбелесіп қалды. Қой демесең шаш жұлысып, қырық жылғы әңгімелерін қайта қозғап, үйдің ішін азан-қазан етпекші.


Мұндайды күтпеген анам жылап қалды. «Маған алтыны да, ештеңесі керек емес, тоқтатыңдар!» деп айқайлады. Әпкем де ашуға булығып, бұрқылдап жатыр. «Қайран апам-ай, Алладан абыройлы өлім тілеп еді, өзі кеткен соң мыналар итше ырылдасып, темір-терсекке таласа бастады-ау» деп өкіріп, бар даусыммен жыладым. Сонда ғана әлгілер тынышталып, өз қателіктерін түсінгендей, жым болды. Ақырында әпкем білезікті анама, үлкен көзді сақинасын кіші келінге үлестіріп берді. Апам жарықтық алтынға құмар еді, жинай берген екен. Ешкім құралақан қалған жоқ.


Бірақ «көңіл бір атым насыбайдан қалады» дегендей, осы бір жағдай абысындар арасындағы көзге көрінбейтін сыйластыққа сызат түскендей. Апамның өзімен бірге абысындардың арасындағы ауызбіршілік те жойылғандай көрінеді. Болмашы дүние үшін беттерін ашып жібергені жаныма батып жүр».


«Кейде осындай болмашы дүние үшін сыйластық, құрмет сияқты қымбат құндылықтарды ұмытып кететініміз өкінішті». Лаура осылай деп ойын қорытындылады. Ол бұл оқиға өзге келіндерге сабақ болса екен дейді.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Он екі жыл опасыздық жасаған»: шымкенттік бойжеткен әкесінің сатқындығын кешіре алмай отыр


«Сүтке нан турап қоймасам, өкпелеп қалады»: шымкенттік келіншек күйеуінің қылықтарын түсінбей жүр