«6-сынып оқитын баласы бар»
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды
«Қызым, әкеңнің киімін жоғары қой», «Әкеңнің аяқ киімін сүртіп қой», «Әкеңді тамаққа шақыр», «Әкеңнен рұқсат сұра», «Әкеңнің мазасын алма, демалсын»... Бұл біздің бала күнімізден естіп өскен сөзіміз. Анамның арқасында әкемді ерекше құрмет тұтып келдік. Бірақ... біз әулиедей көріп жүрген сол адамды қазір жек көремін».
Шымкенттік Гүлсім есімді бойжеткен ERNUR.KZ тілшісіне осылай деп мұңын шақты. Айтуынша, әкесі бұдан оншақты жыл бұрын жасырын түрде екінші рет үйленіп алып, оны бәрінен жасырып келіпті.
«Біз үйде бес баламыз, үш қыз, екі ұл. Мен үйдің ең кішісімін. Әпкелерім тұрмыс құрып кеткен. Бір ағам үйленген. Кіші ағам Нұр-Сұлтанда жұмыс істейді. Ал өзім қалада, бір басқарманың есепшісімін. Жұмыс қиын, қағаздан бас алмайсың. Сондықтан ауылға сирек барамын. Барғанда анам қуанып күтіп алатын, бар дәмдісін аузыма тосып, еркелетіп, үйде болған оқиғалардың тек жақсы жағын әңгімелеп беретін. Балалығым ба, әлде анамның «ертегісіне» тым беріліп сенгендіктен бе, көп нәрседен хабарсыз болып жүріппін ғой.
Алдыңғы жылы, елді жаппай ковид ауруы жайлағанда анам қатты сырқаттанып қалды. Өзі ауылда мұғалім болып істетін, еңбек демалысына шығып, түскен ақшасына үйдің ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. «Берік балам үйленсе, құда күтеміз, реттестірейік» деген. «Шаршамаңызшы, қайынжұрты үшін өздері-ақ істейді, қолдарынан келеді ғой» дегеніме қарамады. Асығыс шешім қабылдап, өзі ұста тауып, соған ары-бері шапқылады. Үйді қанттай қылып бітіріп, ең соңында сыртын әкетеген. Содан терлеп тұрып, тоңазытқыштан қауын алып жепті. Ертеңіне тамағы ауырып, қалтырап-дірілдеп жатып қалыпты. Онысынан мен хабарсызбын. Бір сөйлескенімде «Мазам жоқ, самалдап қалдым-ау, уайымдама, дәрі ішіп жатырмын» деп келтірмей қойған. Соған сеніп жүре бергем ғой. Бір күні әкемнің қарындасы хабарласты, «Сендерге шеше керек емес пе, бүк түсіп жатып қалған. Тамақ ішпегеніне біраз күн болыпты, тәтем де қалада, жұмыста. Тым болмаса сен келіп, жағдайын білмейсің бе?» деп айқай салды.
Салып ұрып ауылға барсам, анамның жағдайы тым нашар екен. Ауа жетпей, ентігіп жатыр. Дереу жедел жәрдем шақырып, аудандық ауруханаға апардық. Дәрігерлер «жағдайы тым ауыр, жан сақтау бөліміне жатқызамыз» деп алып кетті. Сол бойы анамнан хабар ала алмадық. Телефонмен сөйлестірмеді. Не керек, арада үш күн өткенде «Аналарыңыз өмірден өтті, бекем болыңыздар» деген хабар алдық қой. Кеше ғана «келін келеді» деп шын ықыласымен шапқылап жүрген аяулы анамыздан қас пен көздің арасында айырылып қалғанымыз бізді есеңгіретіп жіберді. Байғұс анашым арманда кетті-ау...
Үйде кәрі апам бар. Ағам мен жеңгем қалада тұрады. Үй шаруасына қарайласар ешкім жоқ болғасын ауылға аптасына екі мәрте баратын болдым. Үйді жинап, апама дәмді тамақ пісіріп беремін. Сонда да әйел жоқ үйде береке болсын ба, апамның еңсесі көтерілмей-ақ қойды. Әкем қалада істейді. Анамыз болмағасын оның да жағдайы болмай жүр деп ойладым...
Былтыр анамның жылдық асын өткіздік. Сонда ағайындар жиналып, «Тірі адам тіршілігін жасайды деген бар, Сұлтанбектің қартайып тұрған жері жоқ. Мына үйге бір әйел керек, анау балаларды үйлендіріп, жайландыру үшін бауырымызға жақсы келіншек қарастырайық» деп қойып қалды. Басқаларды қайдам, маған мына сөз өте ауыр тиді. Анамның орнына бөтен біреудің келетінін ойлап, әкемді қызғанып, анамның өз қолымен жөндеп, тап-тұйнақтай етіп қойған үйіне басқа әйелдің иелік ететінін елестетіп, мазам кетті.
Сөйтсем бұл мәселе анамның жылы өтпей жатып-ақ шешіліп, келісіліп қойған нәрсе екен ғой. Тіпті апамдар әкеме жар болатын әйелдің төркініне барып, олармен танысып келіпті. Гаухар деген келіншекпен әкем он екі жылдан бері кездеседі екен, тіпті некелерін қидырып қойған. Алтыншы сынып оқитын Арман деген баласы да бар боп шықты.
Қайран шешем-ай, осының бәрін білген екен. Оны тіпті үлкен екі әпкеме айтыпты. «Бауырларың бар, өскенде табысып, араласыңдар, баланың кінәсі жоқ» деп аманаттап кеткен дейді. Ал маған мұндай жаңалықты есту оңай болмады. Күйеуін пір тұтып, бар жағдайын жасап, бес баласын өсіріп, бағып жеткізген анама опасыздық жасаған әкемді қазір жек көріп кеттім. Оны көргім келмейді. Мен үшін әлемдегі ең сатқын адам әкем сияқты.
Әлгі әйел қазір баласын ертіп, мен жоқта ауылдағы үйге барып тұрады екен. Бірнеше айдан кейін түбегейлі көшіп келмекші дейді. Мұны естіген бойдақ ағам ашуланып отыр. Бізге бөтен шеше керек емес, ол әйел келсе, ауылға мүлдем бармаймыз деп қарсылық білдіруде. Тек әпкелерімнің ойы бөлек. Әкеміздің екінші әйелімен туысқанындай араласып кетті. Олардың бұл әркетіне жыным келеді. Ішімді өртеп бара жатқан жалынды қалай басамын?»
Гүлсім әкесін қалай кешірерін білмей отырғанын айтады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Сүтке нан турап қоймасам, өкпелеп қалады»: шымкенттік келіншек күйеуінің қылықтарын түсінбей жүр
«Сыртымнан күйеуіме жамандайды»: қызылордалық жас келін енесіне өкпелі екенін айтты