"Кей кездері нанға ақша жетпеген күндер болды"
көрнекілік үшін фото ашық дереккөзден алынды
"Тұрмыстағы әйелмін, бірақ сол тұрмысымда мен бақыттымын деп айта алмаймын. Одан гөрі «ажырасқан» деген атты алсам да бақытты өмір сүргенім жақсы ма еді деп екіұдай оймен келе жатқаныма міне он жылдан асыпты" дейді ERNUR.KZ оқырманы.
"Біз бір-бірімізді ұнатып үйлендік, 19 жыл бірге болдық. Тұрмыс құрғанымда ол қарапайым жұмысшы еді, бір айлыққа күн көрдік. Той, құдалық өткен соң ата-енем «өз күндеріңді өздерің көріңдер» деп қолымызға киім-кешегіміз бен екеумізге жеткілікті етіп көрпе-төсек, ыдыс-аяқ беріп шығарып салған.
Қалаға келіп, пәтерге орналастық. Ауылдағы үймен салыстырғанда, шынында да, қорқынышты. Аядай ғана бір бөлме, оның өзі иістеніп, көгеріп кеткен. Амал жоқ, уақытша паналауға тура келді. Өйткені, жағдайы жасалған пәтерлер өте қымбат болды біз үшін.
Кей кездері нанға ақша жетпеген күндер болды. Жалдамалы бір бөлмелі кішкентай пәтер, одан қалса менің әпкемнің есігінің алдындағы кепесінде тұрдық біраз. Мен де жас болдым, әдемі киінгім, қыдырғым келді, балаларымның тәтті тамақ жегенін қаладым. Бірақ жолдасыма бір ренжімеппін ақша таппайсың деп. «Сенің қолыңнан барлығы келеді, бұл да өте шығады» деп үнемі демеу беретінмін. Соның арқасында шүкір, жаман болған жоқпыз. Күйеуім қарапайым жұмысшыдан ақырындап сатылап көтеріле бастады. Жағдайымыз да реттеліп, алдымен өзімізге времянка, содан соң үлкен үй салдық, көлік алды жолдасым.
Ақшаны өте жақсы тауып, жағдайымыз орташадан жоғарылай бастады. Төрт балалы болдық. Енді 19 жыл отымен кіріп, күлімен шығып, ыстық-суығына көніп, қасында демеу болғанымда, оның бірін де елемей, тіпті барлығын бір-ақ сәтте ұмытып, артық ақшасы пайда болған соң маған деген қарым-қатынасы суып кетті.
Артық ақшаның буына мас болып, жас қыз тауып алыпты. Оған екі бөлмелі пәтер, астына менде жоқ көлік әперіп қойған. «Жұмыстан шаршады» деп оған алаңдап жүрсем, осындай екен жағдай. Жағдайды білген кезде ұрыс болды, бірақ оған тіпті ұялмады. Мойындағаны былай тұрсын, өзіме шарт қойып «Осыған көнесің. Көнбесең, есік ашық, кете бер. Балаларым үшін бір үй алып қойғам, қаласаң сонда тұр. Оны да ұнатпасаң, қайда барсаң, онда бар!" деп отыр. Балалар үшін әперемін деген үйі қаланың шетінде, ескі.
Енем де мені қолдап, ұлына ақылын айтудың орнына баласын қоштап отыр. «Жүрсе не болыпты? Ақшасы бар адам, өзі біледі не істесе де. Ол енді ересек адам. Әрі-беріден соң, осыған жеткізген - өзіңсің» дейді. Әлбетте, ана үшін перзентінен артық жан жоқ, ол қандай қателік жасаса да, ақтап алуға дайын тұрады. Дегенмен, шын жаны ашитын ана болса, баласына қатесін түсіндіріп, райынан қайтаруға тырысуы керек еді, меніңше. «Әйелдің жанын әйел түсінеді» деген бұл жерде ешқандай рөл атқармай қалды.
Балаларымның алды он сегізде. Биыл ғана жоғары оқуға түскен болатын. Қалғандары әлі мектепте оқиды. Не істерімді білмеймін. Жаныма қатты батады. Жағдайы жоқ кезінде қасында болдым, үнемі қолдау көрсеттім. Енді қолына дүние біткенде мен керек емес болып қалдым. «Өмірімнің зая өткені ме? Қандай қателік жасадым?» деп жиі ойланамын.
Қазір үйге келуді де тоқтатты. Анда-санда хабарлдасып "Үйді қашан босатасың? Қашан, қайда көшетін болдың?" деп мазамды алады. Ажырасайын десем балаларымды ойлаймын. Ажыраспайын десем, өзегім өртеніп барады.