Жатып алып, терезеден қарап тұрып, аспанға көз тастап қойып... ең арысы әжетханада отырғанда да әйтеуір бірдеңені армандап отырасыз, иә?! «Аяқ астынан ақша тауып алсам...» деген ойдың аяғында сол ақшаны қайда, қашан, қалай жаратып тастағаныңызды байқамай қаласыз.
Бірақ соның барлығы орындалып жатыр ма? Кәне, қашан ақша тауып алдыңыз? Көп болса, бір мың теңге тауып алған шығарсыз. Бір қап ақша тауып алу деген миллиардтың бірінде болмаса, орындалуы өте қиын арман.
«Ниет етсең бәрі орындалады» деп ақыл айтатындар да көп. Сіздің де жаман ниетте жүрмегеніңіз анық. Онда неге орындалмай жатыр ойлағаныңыз?! Жауап беріп көріңізші.
Таппадыңыз ба жауабын?! Ендеше, біз айтайық неге екенін...
Ойлаған, жоспарлаған, армандағандарыңыздың ішінде ҚАТЕ жоқ па, көріңізші!
Иә, тап осы қателер екен біздің ойлағанымызды орындатпай, армандағанымызға қол жеткізбей жүрген. Арманымыздың өзінде қате бар екен ғой, қарап отырсақ?!
Басқа біреудің арманын армандайды екенбіз
Тап солай! Мүлде басқа біреудің арманын армандап лағып кететін көрінеміз. Ол қалай десеңізші?!
Мысалы, сіздің бір танысыңыз қосқабатты үй салды. Іші-сыртын дүниеге толтырды. Енді бір керемет, ауызбен айтып жеткізгісіз. Оны көргенде не істейміз?! Біздің де сондай үйде тұрғымыз кеп кетеді емес пе? Осы жерде арманның КЕРЕК және КЕРЕК ЕМЕСІ анықталады екен.
Қосқабатты үй оларға керек болған. Демек, отбасы үлкен шығар немесе басқа жағының барлығы жетіп тұрған соң қолдағы артық ақшасына үй тұрғызуды қажет еткен.
Ал сіз ше? Оны армандамай тұрып керек немесе керегі жоқтығын анықтап алдыңыз ба әлде көзіңізді жұмыс армандап кете салдыңыз ба?
Зәулім үй тұрғызғаннан басқаның барлығын іске асырып қойып па едіңіз? Денсаулығыңызды күттіңіз бе? Бала-шағаңыздың, ата-анаңыздың қажеттілігінің барлығы түгел ме? Оларды түгендемей тұрып неге біреудің арманына «қол саласыз?»
Міне, бұл жердегі басты қателік! Алдымен, басқасын түгендеп алыңыз. Денсаулығыңыз нашарлап жүрсе, ең керектісі сол деп қарап, сауығуды армандауға тиіссіз. Арманда да кезек болуы тиіс екен.
Арманыңыз кімге кедергі келтіріп жүр?
«Пайдаң болмаса да біреуге зияныңды тигізбе» деген тамаша қанатты сөз бар Исламда. Тек Ислам дінінде ғана емес, бұл АДАМЗАТтың ортақ қағидасы.
Ал сіз «бір қап ақша тауып алсам» деп армандап отырсыз. Ол ақша кімдікі? Жерде неғып жатыр? Кім тастап кетті?
Ақшаны біреудің «тауып алсыншы» деп тастамайтыны анық. Ендеше, оны біреу жоғалтып алған! Сонда ғана сіз оны тауып ала аласыз немесе қойып кеткен жерінен аласыз. Мұныңыз енді біреуге зиян тілемегенде немене?!
Демек, сіздің орындалуы тиіс арманыңыз ешкімге зияны тимейтіндей болуы керек. Мысалы, «күшті жұмыс істеп, 1 млн теңге сыйақы алсам!» деген арманның «бір қап ақшадан» гөрі орындалуы жылдамырақ әрі ол расында орындалады!
Арманыңызды ешкім де орындап бермейді!
Иә, «Армандар орындалады!» деген керемет қанаттандыратын сөз бар. Осы жердегі тағы бір «ҚАТЕ» - армандар орындалмайды, арманға адам қол жеткізеді!
Армандап, оны қағазға жазып жастығыңыздың астына немесе әмияныңыздың ішіне жазып салып қойғанда оны бір «періште» оқып орындап береді деп сенесіз бе? Ешқашан, ешкім де Сіздің арманыңызды орындап бермейді. Ол ПЕРІШТЕ – тек ӨЗІҢІЗ ғана екендігін есте мәңгіге сақтап алыңыз да, білекті шынтаққа дейін түріп тастап іске кірісіңіз.
Үміт үздім дегенше, тағы бір ҚАТЕЛІК жасадыңыз
Уақытын күтіп сарылып, одан кейін үміт үзу – ең оғаш қателік.
АРМАН – МАҚСАТТЫ шақырады, МАҚСАТ – ЖОСПАРДЫ шақырады, ЖОСПАР – ЕҢБЕКТІ шақырады, ЕҢБЕКТІҢ достары – ҚУАТ пен ҚАЙРАТ.
Осы ДОСТАР ойыңыз бен бойыңыздан табылса, сіздің үмітіңіздің үзілмесіне кепілдік береміз!
КҮДІКті қуып жіберіңіз! Ойыңыздан да, тіліңізден де!
Ашу қысқанда, жүйке жұқарғанда не айтпаймыз, ә?!
«Ондай болса жүрегім жарылып сол күні өліп кететін шығармын!», «Бізге көптік қылады ол!», «Ондайды көтере алмаймыз біз!», «Соған жетем дегенше өлетін болдым-ау!» деген сарынды сөздер тіліңізге оралды дегенше, миыңыздағы КҮДІКті оятты дей беріңіз.
Ал КҮДІК оянды дегенше, ол барып ҚУАТ пен ҚАЙРАТтың «миын жейді», айналсоқтап қасынан шықпай, ЕҢБЕКТІҢ шырқын бұзады. ЕҢБЕКтің шырқы бұзылды дегенше, жұмыс ЖОСПАРмен жүрмей МАҚСАТтың «солға» кетуіне жол береді. МАҚСАТ кетті дегенше, АРМАН соңынан ілесті дей беріңіз.
Қанша ашулансаңыз да, қанша мысқылдағыңыз келіп тұрса да ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС екенін ешқашан ұмытпауға тырысыңыз! ЕШҚАШАН!
Қырмызы Сауран,
ERNUR.KZ
Тағы оқыңыз:
"Өшейін" деп тұрған ЕРКЕКТІ өсіріп отырған ӘЙЕЛДІҢ сыры неде?
Әркім өзіне қоюы тиісті 10 сұрақ