​Балаға неге «МЕН» деп айтуды үйрету керек?

0
3 862

Бұл баланың болашақ өміріне өте қажет екен.


​Балаға неге «МЕН» деп айтуды үйрету керек?

иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды

Тіл мамандары мақала, эссе жазғанда бірінші жақта айтылатын сөйлемдердегі "мен" деген сөзді артық санайды. Ал психологтар бұл сөздің адам өміріне әсері өте зор екенін айтады. Сондықтан да балаға кішкентай кезінен "мен" деп сөйлеуді үйрету өте маңызды дейді. Неге?



БІРІНШІ

Әр етістіктің алдына «Мен» деген сөзді қосып айтуды үйретіңіз. Сонда бала есейгенде әр ісіне жауапты болады екен. Түсінікті болу үшін мысал келтірейік:

  • «Күлше жедім» – «Мен күлше жедім»
  • «Ойнадым» – «Мен ойнадым»
  • «Ойыншықтарды жинап қойдым» – «Мен ойыншықтарды жинап қойдым»
  • «Мультфильм көрдім» – «Мен мультфильм көрдім»
  • «Мектепке бардым» – «Мен мектепке бардым»
  • «Әжемді жақсы көрем» – «Мен әжемді жақсы көрем»
  • «Бес алдым» – «Мен бес алдым»...

Осы сөздерді дауыстап, асықпай оқып шығыңызшы, екі түрлі интонациямен айтылатынын байқайсыз. Бір мағына беретін екі сөйлемді оқығанда психологиялық тұрғыда күйіңіздің өзгеретінін де аңғарасыз. Естілуі мүмкін бірдей, бірақ айтқан адам екі түрлі әсерде болады. «Мен» дегенді қосып айтқанда ойланып, жауапкершілікті сезініп айтасыз. Байқадыңыз ба? Бала да солай, ол үнемі іс-әрекетін «мен» деп бастайтын болса, ол жауаптылықты үйренеді, жауапкершілікті сезінеді. Ал жауапкершілік жетістікке жетуде, қызметте абыройлы, достар ортасында сыйлы болуда өте қажет қасиет. Сонымен қатар отбасында да, өмірлік мәселелерге, қиындыққа жолыққанда да жауапкершіліктің жәрдемі зор.

Психологтардың зерттеуінше, «мен» дегенді айтып үйренген бала өтірік сөйлеуден де аулақ болады екен.



ЕКІНШІ

Балабақша және мектеп жасындағы балаңызға әр сын есім алдына «Мен» деген сөзді қосуды әрдайым есіне салып отырыңыз. Бұл оған өзін-өзі бағалауды үйретеді және «мен» деген сөзді қосып айтқан сайын өзіне сенімділігі арта береді.

Мысалы:

  • Мен әдемімін!
  • Мен озат оқушымын!
  • Мен көріктімін!
  • Мен батылмын!
  • Мен сүйкімдімін!
  • Мен жалқау емеспін!
  • Мен еңбекқормын!

Осындағы адамды сипаттайтын сөйлемдерден «мен» дегенді алып тастап оқып көріңізші. Содан соң «мен» деген сөзді қосып қайтадан айтыңыз.

Біріншісі эмоциясыз айтылса, екіншісі яғни «мен» деген қосылып айтылғанда көңіл күйіңіздегі, денеңіздегі (қимыл, өзін-өзі ұстау, жүріс-тұрыс т.б.) өзгерісті байқау қиын емес.

Бала осы сөз арқылы өзінің артықшылықтарын бағалайтын болады. Кемшіліктерін тізіп, қатарластарынан өзін төмен санамайтын болады, соның нәтижесінде оның жеке тұлға боп қалыптасуында ешнәрсе кедергі бола алмайды.



ҮШІНШІ

Жантану мамандарының айтуынша, «мен» деген сөз адамды көптің арасынан ерекшеленуге, алға ұмтылдырады. «Мен» деген сөз адамның ішкі «менін» қалыптастырады. Ол өзін, өз қалауын өзгелерден бірінші орынға қоятын болады.

Ертең жұмысқа орналасқаннан соң да «біз» деп көптің арасында еленбей қалуды емес, өзін, өзінің қабілеттерін «мен» деп көрсетуге талпынады.

«Мен» деген сөз адамның жеке шекарасын қалыптастырады. Ол өзін, өзінің құқығын қорғауды үйренеді.

Даналарымыз «бір-ақ ауыз сөз адамды өшіреді немесе өсіреді» деген. Сол сияқты психологтар бір ғана «мен» деген сөз баланың өзіне сенімді, өміріне жауапты және көшбасшы боп өсуіне ықпал ететінін айтады. Бір таңқаларлығы, бұл сөзді жауапсыз, өзін өзгелерден төмен санайтын үлкендер айтса да оң әсері бар екен.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Үнемі «жағдайы жаман» адаммен қалай сөйлесу керек?


40 жастан асқан соң нені өзгертуге, не бастауға болады?