Барлық ата-ана ұлының еңбекқор, бай болғанын көксейді, ал қызының табыскер жігітке тұрмысқа шыққанын қалайды. Болашақта баланың бизнесте бағы жануы үшін не істеу керек?
Барлық ата-ана ұлының еңбекқор, бай болғанын көксейді, ал қызының табыскер жігітке тұрмысқа шыққанын қалайды. Болашақта баланың бизнесте бағы жануы үшін не істеу керек?
Бір ғана мысал келтірейін, тағы да бір жетіден соң жаз мезгілі басталады. Біреу еңбек демалысына шыққаннан соң істейтін уақытша жұмыс, ал біреу демалыс орнын іздестіріп жатыр. Енді біреу қартайған ата-анасына шипажайға жолдама алуды жоспарлап отыр. Жазды қалай өткізуді жоспарлау қаржыға байланысты.
Жыл сайын санаторийге барып ем алатын, дем алатын ата-аналар бар, сонымен қатар, жасы 80-ге келсе де демалыс орнына мүлде бармаған ата-әжелер де бар. Перзенттің бәрі әке-шешесін шипажайға ғана емес-ау, Меккеге де апарғысы келеді. Тек... иә, сол қаржы ғой жетпейтін. Осындайда бала өзін жазғырса, ал ата-ана «Жұрттың ұлдары...» деп басқаға сүйсінеді. Бұл жерде көпшілік табыс табуға қыры жоқ ұлды кінәласа керек. Ал, психолог не дейді?
Нақыпбекова Раиса Үбітайқызы, ҚР Психологтар қауымдастығының мүшесі:
- Тыңдаушыларыммен әңгімелесе келе, мен ақша тақырыбымен көп кездесемін. Таңқаларлық жайт, «Мен не таңдаймын?» деген тапсырманы орындағанда (Денсаулық, Жұмыс, Жанұя, Достар, Ақша) семинарға қатысушылардың ешқайсысы ақшаны таңдамайды. Мен олардан: «Мұныңыз қалай? Әлде сізге ақша керек емес пе? Егер сізге жалақысы жоғары жұмыс ұсынса, бас тартатын ба едіңіз? Сізді ақшаның көп болғаны мүлде қызықтырмайды ма? Джон Кехо айтқандай, әлемдегі барлық жақсылықтар ақша мен биік мақсаттардың үндесуінен туындамайды ма?» - деп сұраймын.
Көп жағдайда адамдар ақшаға қатысты мәселелерді талқылауға ыңғайсызданады. Менің ойымша, мұның мәнісі – олардың ақшаға деген көзқарасында, ақша және байлық заңдылығын білмеуінде.
Қаржы тұрғысынан еркін болу – бұл ең маңызды мақсаттар мен өмірлік міндеттердің бірі. Сондықтан да әркімнің өз алдында міндеті бар – өзінің дарыны мен қабілетін ақша мұқтаждығын көрмейтіндей дәрежеге дейін көтеру. Бертольд Авербах айтқандай, көп ақша табу – батылдық, оны сақтап қалу даналық, ал оны дұрыс жұмсау – бұл өнер.
Қазіргі заманның балалары ақша мәселесіне анағұрлым есептілікпен қарайды. Олар материалдық жетістіктерге талпынады, ақшаны қалай табу жөнінде нақты түсініктері қалыптасқан және жастайынан-ақ жеке бизнесін ашуға бейім келеді. Ата-аналар өз тарапынан баласының мұндай талпынысына барынша қолдау көрсеткені дұрыс.
Келешекте бұл талпыныстар қаржы құралдарын тиімді пайдалану дағдысына айналады. Өйткені, олар жастайынан ақша заңдылықтарын, байлық заңдылықтарын игеріп өседі.
Біз жолдасым екеуміз ұлымыздың бизнестегі алғашқы қадамдарын еске түсіріп отырып, мынадай қорытындыға келдік. Оның барлық идеялары мен шығармашылық ынтасын қолдап, оған сенім артқанымыздың арқасында, қазір ересек шағында барлық қаржы мәселелерін дұрыс шеше алады. Ал өзінің бірінші бизнесін ол 14 жасында ұйымдастырған: ұлым үйдегі бейнекассеталарды жалға беретін. Кейін ол басқа да жаңа жобалар ойлап тауып отырды, осының арқасында ақша мәселесіне қажетті барлық тәжірибе мен дағдыны меңгерді. Шынымды айтайын, мен ақша әлеміне қатысты көптеген нәрсені балаларымнан үйрендім. Балаларға ақша ұғымы мен заңдылықтарын игеру бізге қарағанда оңай болса керек. Өйткені олар – жаңа заманның балалары.Ақша жөнінде балаларыма не үйреткім келді, білесіз бе? Ол – балаларымның ақшаға деген құмарлығын тек қатаң адамгершілік пен мейірімділік негізінде қалыптастыру. Барлық бизнестің негізі және өрлеу көзі – еңбек.
МЫСАЛ-АҢЫЗ. Бұрынғы өткен заманда бір ақылгөй патша өзінің ақылшыларын шақырып алып, мынадай тапсырма береді: «Келешек ұрпаққа мұра ретінде қалатындай етіп адамзаттың мәңгілік даналығын жинақтап келіңдер».
Ақылшылар патшаның тапсырмасын орындау үшін ұзақ уақыт еңбектенеді. Бір күні олар көлемі үлкен-үлкен 12 фолиант алып келіп, бұл шын мәнінде «адамзаттың мәңгілік даналығы» екенін мақтанышпен айтады. Патша 12 қалың кітапқа қарап тұрып: «Мырзалар, мұның шын мәнісінде де адамзаттың мәңгілік мұрасы екенінде күмәнім жоқ және біз осындағы білімді кейінгі ұрпаққа қалдыруымыз керек. Алайда мен осынша көп, қалың кітаптарда жинақталған ілім-білімді адамдар оқи қоймайды-ау деп күдіктенемін. Дәл осында жинақталған ақыл-парасатты қысқа әрі нұсқа етіп жеткізулеріңізді талап етемін».
Ақылшылар қайтадан патшаның тапсырмасын орындауға көп күш жұмсай келе, патшаның алдына бір ғана кітапты алып келеді. Патша мұны да ұзақ деп есептейді де, мәтінді тағы да ықшамдауды бұйырады.
Данагөй ақылшылар мәңгілік даналықтың көлемін бір тарауға, одан кейін бір бетке дейін, содан соң бір абзацқа дейін, ең соңында бір сөйлемге дейін қысқартып, патшаның алдына алып келеді.
Мұны көрген патша шексіз қуана отырып, былай дейді: «Достарым, бұл шын мәнінде де адамзаттың мәңгілік даналығы. Барлық адамдар осы ақиқатты түсініп, меңгергенде ғана біздің проблемаларымыздың көбісі шешіледі». Сол сөйлем мынау: еңбекпен тапқан нан сіңімді болады.
Балаға мынаны ұғындыру керек: еңбекпен тапқан нан сіңімді болады, қаржылай мол табысқа жету үшін, өз ісінің нағыз шебері, майталманы болу керек.
Адамгершілікті ұмытпай, адамдарды, өз жұмысын, өмірді жақсы көру керек. Бір нәрсеге қол жеткізу үшін, алдымен күш-қуат жұмсап, еңбектену керек, адамдардың өмірін жақсартатындай, адамдар оны ойланбастан сатып алатындай жаңа бір нәрсе ойлап тауып, ұсыну қажет.
Сонымен қатар, баланың санасында жастайынан «Арамның берекесі таудай, түбі қылдай, Адалдың берекесі тарыдай, түбі таудай» деген өсиетті тереңінен сіңірген жөн. Бұл оны өмірде шалыс қадамдар жасаудан сақтайтынына кәміл сенемін.
Өкінішке орай, қазіргі таңда көпшілік арасында «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүру ұстанымы кеңінен тарап кеткені байқалады.
Еліміздің жарқын болашағы үшін өскелең ұрпақтың бойында өзіне деген сенімділігі мен еңбексүйгіштік қасиеттерін қалыптастырып, өз ісінің нағыз шебері мен майталманы етіп тәрбиелеудің маңызы зор.
Астың дәмін тұз келтіретіні сияқты, өмірдің мәнін жұмыс келтіреді. Бірақ алдымен еңбекті сүйе білу керек, сонда ғана ол жемісті болып, бақыт сыйлайды.
(Педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Психологтар қауымдастығының мүшесі Нақыпбекова Раиса Үбітайқызының «Нәтижелі тәрбие берудің 10 алтын ережесі» кітабынан алынды).