Мектеп психологы ата-аналарға кеңес береді.
Соңғы қоңырау сыңғырлап, оқушылар үш ай демалысқа шықты. Бұл кезеңде әр ата-ана «Баламның жазғы демалысын қалай ұйымдастырсам екен?», «Уақытын тиімді өткізу үшін ағылшын тілі курсына берейін бе, әлде оқу-білімнен жерітіп аламын ба?», «Адамды адам еткен – еңбек қой, жұмыс істеп ақша тапқаны дұрыс па?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздейтіні белгілі.
Ата-аналарды мазалаған сауалдарға жауап, ойына ой қоссын деген мақсатта «Баланың жазғы демалысын қалай ұйымдастыру керек?» деген сұрақты Шымкент қаласындағы Ұлықбек атындағы №3 жалпы білім беретін орта мектептің психологы Байжанова Алмагүл Жеңісқызына (суретте) қойдық.
- Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Сондықтан да баланың демалысын дұрыс ұйымдастыра білу маңызды мəселенің бірі.
Үш ай уақытты тиімді, қызықты әрі үнемді пайдалану үшін бәрін алдын ала ретімен жазып, жоспарлап алған дұрыс. Жоспарда баланың еркіндігіне, қалауына мүмкіндік беру керек.
- Осы орайда демалысты қызықты өткізу үшін қандай кеңес бересіз?
- Жаз мезгілін балалар асыға күтетіні белгілі. Мен маусым айындағы демалысты қызықты, көңілді өтіп ұйымдастыруға кеңес беремін. Алғашқы айда баланың ойы да, бойы да жақсы демалу керек. Тіпті бұл айда смартфонын сөндіріп тастағаны жөн.
Егер мүмкіндік болса, балаларға арналған демалыс орындарына, лагерьге жіберген дұрыс. Ол жерде баланың тамақтануы, ұйқысы, демалуы, ойнайтын және шомылатын уақыты қадағаланады. Өз қатарластарымен баланың демалысы қызықты өтеді.
Егер баланы лагерьге жіберудің реті келмесе, жазғы каникулдың бірінші айында табиғат аясында жиі отбасылық демалыс ұйымдастырып, шомылуға ертіп баруға болады. Бір жексенбіде хайуанаттар паркіне, келесі жексенбіде кинотеатрға мультфильм көруге баруға болады. Баламен бірге футбол ойнау, қыдыру, серуендеу, бірге кәуап пісіру – оның қалауын, хоббиін, армандарын, байқамай жүрген қабілетін білуге мүмкіндік береді.
Жалпы, тек жазғы каникулда ғана емес, басқа айларда да сенбі-жексенбі күндері отбасымен бірге саябақтарға, табиғат аясына барып тұруға тырысу керек. Бұл отбасындағы балалар мен ересектер арасында түсіністік орнауына септігін тигізеді, көп мәселенің алдын алады.
- Ал демалыста балаға кітап оқытып, үйірмелерге жіберуге бола ма? Бұл оның миына салмақ түсірмей ме?
- Маусымда ойын мен серуеннің жоспарын орындаған баланы шілде мен тамыз айларында оқу курстарына жіберуге болады. Аптасына бір-екі рет баратын тілдік курстар баланың миына салмақ түсірмейді.
Әрине бұл орайда баланың қызығушылығымен де санасқан абзал. Мүмкін ол спортты немесе ән айтқанды, шахмат ойнағанды жақсы көретін шығар?!
Жазғы каникул баланың дене және ақыл-ой қызметін тынықтыратын, қарым-қатынасты жетілдіретін іс-әрекетке жұмсалғаны дұрыс. Бала жазғы каникулда күні бойы доп теуіп немесе ұйықтай бермейді ғой. Күніне бір-екі сағатын әдеби кітаптар оқуға арнауына да көңіл бөлу керек-ақ. Бұл тұрғыда баланы мәжбүрлеудің қажеті жоқ, қызығушылығын арттырудың жолдарын іздеген жөн.
Мысалы, ата-ана ұл-қызын балалар кітапханасына ертіп барып, бірге кітап іздесе, қызығушылығы артуы мүмкін. Қызығына бір түссе, күзге дейін бірнеше кітапты оқып шығуы және әрі қарай кітап оқуды тұрақты түрде әдетке айналдыру да кәдік.
Оқу курстарынан бөлек, домбыра тарту, ән-би үйрететін, көркемсурет сияқты шығармашылық дарынын дамытатын түрлі үйірмелер де бар. Бұның барлығы да бала үшін пайдалы демалыс, ал ата-ана үшін перзентін теледидар мен смартфоннан алыстатудың бір жолы.
- Смартфон демекші, айтыңызшы, каникулда бала күніне қанша сағаттан артық ұялы телефонды пайдаланса, зиян?
- Арнайы зерттеулерге сүйенер болсақ, 7-12 жас аралығындағы балаларға смартфон мен компьютерді күніне 40 минут қолдануға болады. 12 жастан асқан жасөспірімдерге бір сағат көлемінде ғана қолдануға рұқсат етіледі.
Балалар онлайн сабақтарда үнемі смартфонды пайдалануға мәжбүр болғандықтан, жазғы каникулда лажы барынша ұялы телефонға жоламай-ақ қойғаны дұрыс дер едім.
Оның орнына оқу жылында игере алмай қалған сабақтарын қайталап оқып, меңгеріп алуына жағдай жасау тиімді. Келесі жылғы оқу жылына қамданып қою да артықтық етпейді. Алдын ала келесі сыныбының кітаптарын алып, көз жүгіртіп алса, алдағы уақытта сабақты тез игеруіне көмектеседі.
- Ал егер бала ата-ананың айтқанын тыңдамаса ше? Мысалы, құлақ аспай смартфонын қолынан тастамауы мүмкін. Демалыс деп, күні бойы судан шықпай қойса, не істеу керек?
- Ата-ананың көңіл бөлгеніне зәру бала айтқанды орындамай, тыңдамай, сол әрекеті арқылы өзіне назар аударғысы келеді. Ата-ана баласының тыңдағанын қаласа, өздері де оның әрбір сұрағына жауап беріп үйренуі тиіс.
Бала жазғы демалысты тек демалу, ойнау, қыдыру үшін асыға күтеді деп ойлау қате. Олар сонымен қатар, ата-анасымен әңгіме айтып, сырласып, қасында көбірек болуды қалайды. Баламен бірге оның ертеңгі күнін жоспарлап, немен айналысатынын бірге талқылау керек. Баламен бір мәселені талқылап, үлкендер сияқты ақылдасып, көңіл бөлу де оны ата-анамен жақындата түседі. Бұл ой-өрісінің дұрыс жетілуіне, болашақта өз бетімен шешім қабылдауына, өзіне сенімді азамат болып жетілуіне зор ықпал етеді. Сондай-ақ бұл баланың ата-ананы тыңдауға біртіндеп үйретеді.
Жалпы, баланың жазғы каникулын денінің саулығын, білімін, тәрбиесін және шығармашылық талантын дамытумен үйлестіре білуді – демалысты дұрыс ұйымдастыру дейді. Бұл әр ата-ананың өз қолында.
- Алмагүл Жеңісқызы, пайдалы кеңесіңізге рақмет.
Мектеп психологы жазғы демалысты алдын ала жоспарлауға кеңес береді. Ал оқырман, сіз балаңыздың 90 күндік демалысына жоспар түздіңіз бе? Жоспарыңызбен бөлісе отырыңыз.
Сұхбаттасқан: Жазира Смағұлова,
Ұқсас мақалалар:
Баланың оқу үлгерімін жақсартудың ЕҢ ОҢАЙ жолыБалаңыз «ҰСҚЫНСЫЗ БАЛАПАНның» күйін кешіп жүрген жоқ па?