иллюстрациялық фото: ukranews.com
Әркім өзінің не нәрсеге алаңдап, ненің мазалап жүргенін жақсы білсе керек. Иә, солай дейміз, «білем» деп ойлаймыз. Ендеше, айтыңызшы!
Ойланып қалдыңыз ғой... Көп нәрсе мазалайтын сияқты ма? Нақты айта алмасаңыз, онда сізге біздің психологиялық тестіміз көмектеседі.
фото: allforwoman.coСуретке үңіліңіз. Анықтап қараңыз. «Көп мәселе алаңдататын секілді» деп ойлағаныңыздай мұнда да көп бейне бар, бірақ ең бірінші нені (кімді) көрдіңіз? Бұл – сізді дәл қазір алаңдатып жүрген жайттан хабар береді.
Бір-біріне қарап тұрған екі қарт
Дәл қазір сіз үшін ең бірінші туған-туысқандарыңызбен қарым-қатынасыңыз маңызды. Бірге туған бауырларыңыздың, қымбат жандардың өміріне алаңдаулысыз. Ең алдымен өзіңізде емес, солардың отбасында, жұмысында, жеке өмірінде әрқашан тыныштық болса екен деп тілейсіз. Олардың көңілін кірлетіп алмауды ойлап, ара қатынасқа мейлінше мән бересіз.
Әрбір ісіміз бен ойымыз жоғары күштің назарынсыз қалмайды. Әркімге ниеті мен ісіне сай үлесін алады. Байқайсыз ба, қиын жағдайға тап болғаныңызда, өмірдің қалтарысы мен бұлтарысы көп жолында адасқаныңызда әрдайым сізге бір тылсым күш көмектеседі. Ата-әжелеріміздің тілімен айтқанда, бұл ата-бабалар рухының желеп-жебеуі. Әрине, олар келіп қолыңыздан сүйеп, құлағыңызға сыбырламайды. Ой тастау арқылы, айналаңыздағы адамдардың сол мезеттегі әрекетімен немесе бір күнде бірнеше рет қайталанған оқиға, я болмаса әңгімеге арқау болған белгілі бір тақырып бойынша мәселенің шешуін көрсетеді.
Егер, мұндай белгілерді аңғармаған болсаңыз, бұдан былай зер салып, зейін қоя біліңіз. Кездейсоқ ешнәрсе болмайды. Мәселе түйіні шешілмей жатса, сол сәтте айналаңыздағы адамдардың өмірінде орын алған жағдайлар мен әңгіме ауанына мән беріп пайымдай білсеңіз, дұрыс жауапты анық «ести аласыз».
Сіздің алдыңызда өмірдің жол картасы әрқашан жаюлы. Тылсым күштің бұл жәрдемі ешқашан жоғалмасын десеңіз, алғыс ретінде сіз де жақын адамдарыңызға жанашырлығыңызды жоғалтпағаныңыз жөн.
Екі ер адам
Психологиялық суреттен ең бірінші бір-біріне қарап отырған екі ер адамды көрдіңіз бе? Оның біреуі қолына гитара ұстап отыр.
Гитара музыкалық аспабында неше ішек болады? 6-7 ішек. Дәл қазір сізді алаңдататын мәселенің саны да осымен пара-пар. Нақты бір-ақ нәрсе – жеке басыңызға, өз өміріңізге алаңдаулысыз. Әйтсе де, бұны уақытысында атқарылмаған жұмыстардың жиынтығы деген дұрыс болар.
Өміріңізде шешілмей жатқан, орындауыңыз міндетті мәселе қат-қабат жиналып тұр. Бұл үшін өзіңізді жазғыра бермеңіз. Дұрысы, кінәлі – жалқаулық, енжарлық және «ертең» дейтін әдетім деп қабылдаңыз да күш жинаңыз. Қалай?
Әрине, дәл қазіргі сәтте сізге тынығу мен шабыт қажет. Бітпейтін күйбең тірлік пен жетпейтін қу дүниені бір сәт ұмытып, тән мен жан саулығына аса көңіл бөлу керек. Әйтпесе, торығу, жабығу, уайым жүйкеге салмақ сала бермек.
Алаңсыз демалу арқылы бойыңызға күш, ойыңызға қуат құйылады. Ал, сергектік өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырып, шабыттандырады. Сосын, биік боп көрінген таудай қиындық аласарып, аяқ алып жүргісіз болған мәселелер жеңілдей түседі.
Сонымен, қанша күн тынығу керек дейсіз бе? Бұл сұрағыңыздың жауабы белгілі ғой. Гитарада неше ішек бар? Ендеше, 6-7 күн тынығу жеткілікті. Бір апта ешнәрсе істемей, ешнәрсені ойламай, физикалық және психологиялық тұрғыда алаңсыз демалыңыз. Сонда босқа мұңайып жүргеніңізді, сәттіліктің сізге сатқындық жасамағанын білесіз.
Өзгелердің сіз жайында «жаны нәзік», «жүрегі жараланғыш», «жұмсақ адам» дейтініне сенбеңіз. Гитараның дыбысы жүректің нәзік қылын шерткенімен, оның ішектері қатты металдан жасалғанына көпшілік мән бере бермейді. Сол сияқты, айналаңыздағы адамдар да сіздің қазіргі өмір сүру дағдыңызға қарап сырттай «тон пішіп» жүрген шығар. Шын мәнінде сіз болаттай берік, талапшылсыз. Дегенмен, талап қоюды өзіңізден бастап, жұрт ойлағаннан басқа адам екеніңізді алдымен өзіңізге дәлелдеңіз. Бұл сіздің қолыңыздан келеді!
Бойжеткен, тәж, шам, ағаш, сарқырама
Ең бірінші осы аталғандардың бірін көзіңіз шалса, дәл қазір сізде аса алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Қалауыңыздағы өмірді өз қолыңызбен жасап, дүниенің ләззатына бөленіп жүрсіз деп айтуға болады. Сіз бұны білесіз бе? Олай болса, осы кезеңді бағалап, өміріңіздің тәттілігі мен сәттілігін сезе біліңіз.
Өмір жолыңыздың шамды сөндіріп алмаңыз, жүрек үнін тыңдап, оны ақылыңызбен үндестіре білсеңіз. Өмір ағашын қуратып алмаңыз, адал да арлы болыңыз. Өміріңіздің бойжеткендей сұлу да сәнді боп тұра бергенін қаласаңыз, жақын адамдарыңыздан мейір-махаббатыңызды аямаңыз.
Дайындаған: Ж. СМАҒҰЛОВА.
ERNUR.KZ