​Қалауың ТЕЗ ОРЫНДАЛСЫН десең...

0
125

Психологиялық және энергетикалық тәсілдер


​Қалауың ТЕЗ ОРЫНДАЛСЫН десең...

Фото: pinterest.com

Соңғы жылдары психологтар мен нейропрактиктер “жоғары вибрация” ұғымын жиі қолданып жүр. Олар адамның энергетикалық және эмоционалдық күйі ең жоғарғы деңгейге көтерілгенде, оның қалаулары мен мақсаттары әлдеқайда жылдам орындалатынын айтады. Бұл – сиқыр емес.

Ғалымдардың түсіндіруінше, адамның психикасы, нейрофизиологиясы және сенім жүйесі үйлесімді жұмыс істеген кезде ой нақты формаға айналып, адам әрекетке табиғи түрде тез кіріседі. Коучтар осы үйлесімді, қуатты ішкі күйді “жоғары вибрация” деп атайды.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – адамның эмоционалдық және ішкі ресурстық күйінің деңгейі. Эмоция оң болған сайын (қуаныш, шабыт, тыныштық, ризашылық), вибрация көтеріледі. Ал негативті эмоциялар (ашу, уайым, реніш, жек көру, мұң, күйзеліс) артқан сайын, вибрация төмендейді.


Жоғары вибрацияға жету үшін не істеу керек?

1. Эмоциялық гигиена қажет. Өйткені адамның вибрациясын ең қатты түсіретін нәрсе – созылмалы стресс, өзіне реніш, кінә сезімі, өзін төмен бағалау. Ал бұндай эмоциялық “қоқыс” адамның энергиясын жеп, тежейді. Сондықтан ең алдымен ішкі кеңістікті тазарту қажет.

Психологиялық әдістер:

  • Кешіру практикасы. Өзіңізді де, өзгелерді де шынайы кешіріңіз. Бұл – эмоциялық токсиндерді шығарудың ең қысқа жолы.
  • 30 күндік жазу терапиясы. Реніш, өкпе, кінәлау, қорқыныш секілді сезімдеріңізді күн сайын қағазға жазыңыз. 30 күннің соңында ішкі ауырлық айтарлықтай жеңілдейді.
  • Дене арқылы стресс пен қайғыны шығарыңыз (жаяу көп жүру, тыныс алу жаттығулары)


2. Фокус анық болу керек. Фокусты ниет десек түсінікті болатын шығар. Не қалайтыныңызды анықтаңыз.

Әдіс: күнде 10 арман-мақсат жазыңыз. Кеше жазғаныңызды бүгін оқымайсыз. Өйткені бүгін жазатын арман-мақсаттарыңыз өзгеруі мүмкін. Осылай отыз күн жазасыз. Отызыншы күні нақты қалауларыңыз қалады. Шарт: арасын үзбей күнде жазу керек. Фокус анық болғанда – ойға энергия бөлінеді.


3. Дене энергиясын реттеу. “Вибрация” деген сөз дененің күйімен де тікелей байланысты. Уақытылы ұйқы, дұрыс тамақтану, сымдай тартылған сымбат, үнемі шынығу – дененің жоғары вибрациялы күйін қалыптастырады. Психологияда бұны адамның реактивтілігін, креативтілігін, мотивациясын анықтайтын денелік база деп атайды.


4. Позитив эмоцияны күшейту. Жоғары вибрация = жоғары эмоциялық ресурс. Байқайсыз ба, үнемі күліп, өміріне риза боп жүретіндер қалауларына тез жетіп жатады. Оларда көлік те, үй де, отбасы, танымалдылық пен ақша да бар, саяхаттап та жүр. Бұл кездейсоқтық емес. Олардың ішкі энергиясы ашық, еркін, ағыста.

Психологтар “Ұйықтау үшін алдымен басымызды жастыққа қойып көзді жұмып ұйықтаған сияқты жатамыз, содан соң шынымен ұйықтап кетеміз. Бақытты болу үшін де – бақытты адамның күйін сезіну керек” дейді. Олай болса, өтірік болса да төрт құбыласы түгел адамдай қуанып, риза боп жүріңіз.


5. Ішкі сенімді ояту. Психологтар шешілмей жатқан мәселеңді құдайға тапсыр дейді. Бұл адамның сенімін күшейтеді. Сол сияқты “”Менің қолымнан келмейді”, “Ондай өмір жай арман ғой”, “Біз сияқтыларға қол жетпес қой”, “Маған ондай өмір бұйырмайды” деген секілді ішкі шектеулерді айтпаңыз, ойламаңыз. Қашан, қалай орындалатынына бас қатырмаңыз, процесті бақылауға тырыспай, нәтижеге сеніңіз, өмірдің сізге қолдап тұрғанына сенім орнатыңыз.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Көп АҚША қандай адамдарға КЕЛЕДІ?

Аттестация, ҰБТ және емтиханға дайындықта көмектесетін СУПЕР әдіс