​КАРМАны тазалаудың ең оңай 4 ТӘСІЛІ

0
5 100

Бұларды Рамазан айында көбірек істеңіз.


​КАРМАны тазалаудың ең оңай 4 ТӘСІЛІ

фото: www.mycustomer.com

Әркім өзінің сөзімен, қолымен, ойымен жасаған барлық іс-әрекетінің «қайтарымы» болатынын ерте ме, кеш пе мойындайды, біледі. Иә, бұл «карма заңы» деп аталады.

Өмірдің бұлжымас бұл заңдылығы туралы Құранда да айтылған. Зілзәлә сүресінің 7-8-ші аяттарында «Кім шаңның тозаңындай жамандық істесе, соның зардабын тартады. Кім шаңның тозаңындай жақсылық жасаса, соның сауабын көреді» делінген.

Әрине, жасаған жақсылығымыз да, жамандығымыз да өзімізге қайтып оралатынына кейде сенгіміз келмейді. Бірақ ол сол күйінде емес, өзгеріп, еселеніп қайтқанын ұққанда ғана адам ойлана бастайды. Әсіресе, бұны адам өз өміріне шолу жасап, ғаламның құдыретіне сенімі артатын Рамазан айында ұғады. Олай болса, қасиетті осы айда ораза ұстаумен қатар карманы тазалау оңайырақ болатыны анық. Ендеше, ауыз бекітумен бірге карманы тазалауды да бастаған дұрыс болар. Қалай?



1. Ойды тазалау

Ислам дініндегідей басқа діндерде де тазалыққа ерекше көңіл бөлінеді. Тазалықты үйдегі қажетсіз, істен шыққан жарамсыз, сынған заттарды қоқысқа тастаудан бастаңыз. Кірленген есік, терезе, жиһаздар мен ойыншық, киімдерді жуыңыз. Үйіңіз ғана емес, аулаңыз, жалпы айналаңыздың бәрі таза болуы керек.

Дененіңізді де таза ұстаңыз. Үй мен тәнді таза ұстау негативті ойлардан тазаруға жәрдемдеседі. Әлдекімге жамандық тілеу, қарғау, біреудің бақытын, жетістігін көре алмау, қызғаныш, іштарлық, адамдардың арасына от салуды ойлау, кектену – осының бәрі негатив ойлар. Арылыңыз бұндай сасық пиғыл, жаман ойдан.

Ой тазаланса, тіл де тазаланады. Иә-иә, ойыңызды дұрыстасаңыз, ғайбаттау, өсек айту, былапыт, балағат сөздеріңіз де біртіндеп тыйылады. Мейірімді, қайырымды, кешірімшіл бола бастайсыз.

Негативті ойдан арылудың нәтижесінде мінез-құлқыңыз, айналаңыздағы адамдарға көзқарасыңыз, ал тән мен үйді таза ұстаудың арқасында өзіңізбен қарым-қатынасыңыз өзгереді. Ал бұл карманың тазалануы үшін қажетті қадамдарға бастайды. Сондықтан ең бірінші ой таза болуы керек. Ойы таза адамға басқаларды кешіру оңай.



2. Кешіру

Өмірдегі сәтсіздіктердің көбі реніштің қордаланып жиналуынан болады. Бұл туралы психолог коучтардың инстаграмдағы парақшаларынан да жиі оқып жүрген боларсыз. «Тұрмыста жолың болсын десең, әкеңді кешір. Табысым көбейсін десең, анаңды кешір» дейді психологтар. Ал карманы тазалау үшін ренжіткен және ренжіп жүрген адамның бәрін кешіруіңіз керек. Сол адамның алдына барып кешірім сұраудың қажеті жоқ, оңашада отырып атын атап, «Мені кешір, мен де сені кешірдім» деп айтсаңыз да болады. Бірақ шын көңілмен кешіруіңіз қажет. Ол үшін кешірім хат жазыңыз немесе бірнеше күн дауыстап айтыңыз.

Дұрысы, отыз күн оразада әр күні таңертең ауыз бекітіп болған соң «Мені ренжіткен барлық адамды кешірдім» деп айту. Кешірген адам айналасындағыларға жақсылық жасаудан қашпайды, қиналмайды.



3. Жақсы, қайырымды іс жасау

Жақсы іс – сауапты іс. Сауапты іс жасау қиын емес. Көмектесу, жәрдем берудің барлық түрі сауапты іске жатады. Мысалы:


  • Басқа қаладан келген жолаушы қажетті мекенжайды таба алмай жүрсе, қай автобустар баратынын, қай аялдамадан мінетінін тәптіштеп түсіндіру;
  • Жүріп-тұруға қиналатын немесе ауырып жатқан көрші апаның сөмкесін көтерісу, дүкеннен нан-сүтін әкеп беру;
  • Аса асығып тұрмасаңыз, кезегіңізді асығып тұрған адаммен ауысу;
  • Ренжісіп жүргендерді татуластыру;
  • Қаңғыбас иттерге тамақ беру;
  • Волонтерлік жұмыстар;
  • Дерт ем таппай жүрген адамға білікті мамандарды нұсқау;
  • Жақын адамдарға жақсы, жылы сөз сөйлеу.

Осы секілді сауабы мол қарапайым іс көп. Тіпті хадистерде жарға, ата-анаға күлімсіреп қарау да – сауап екені айтылады.

Кез келген жақсы ісіңіз үшін алғыс аласыз, «рахмет» деген сөзді естисіз. Ал карма заңында өзгенің алғысын, үлкендердің батасын, ризашылығын алу да өмір жолыңыздағы жамандықты жоятыны, тазалайтыны жазылған.



4. Алғыс айту

Өзгенің алғысын алумен қатар, өзіңіз де көбірек алғыс айтыңыз. Байқасаңыз, психологтар алғашқы сабақтарында «Алғыс жазу» күнделігін жүргізу тапсырмасын береді. «Күнде бес себеп тауып алғыс жаз» дейді бір психолог. Ал сіз жазбай-ақ күнде бір алғыс айтып үйреніңізші, сол да жеткілікті.
Алғыс айтуға себеп көп. Мысалы, таңертең ұйқыдан тұрдыңыз ба, жаңа күнге алғыс айтыңыз. Айнаға қарап тұрып, жалқауланып жата бермей ерте тұрғаныңыз үшін өзіңізге рахмет айтыңыз. Таңғы асты ішіп болдыңыз ба, асты шайнай алғаны үшін тісіңізге, асты қорытқаны үшін асқазаныңызға алғыс айтыңыз. Балаңызды құшақтап «Менің өмірімде бар болғаның үшін саған алғыс» деңіз. Анаңызға «Мені өмірге әкелгеніңіз үшін рахмет» деп айтыңыз. Газет оқып болдыңыз ба, көзілдірігіңізге де рахмет айта салыңыз...

Жалпы, адамның бойындағы мейірімділік сезімі «рахмет» айтқан сайын еселене түседі. Ал мейірімді адам сауапты, жақсы істі қайтарымын күтпей-ақ істейді.

Тоқетері, сауапты, жақсы іс көбірек жасалуы керек. Сонда кармаңыз тазаланады. Карма заңында «Көп дұға жасағаннан бір жақсы іс артығырақ» делінген екен. Олай болса, Рамазан айында ғана емес, күнде бір жақсы іс істеуді әдетке айналдырайық!

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҰБТ, емтиханға ДАЙЫНДЫҚ: үздік нәтижеге жетудің 5 қағидасы


ИКИГАЙды табу өте МАҢЫЗДЫ