9-сыныпты, мектепті, жоғары оқу орнын бітіретін түлектерге арналған психологиялық кеңес
фото: elle.com.kz
Биылғы оқу жылының аяқталуына екі-ақ ай уақыт қалды. Оқушылардың көбі жазғы демалысын жоспарлап жүрсе, бітіруші түлектер емтиханды уайымдап жүрген болар?!
Әрине кез келген емтиханалды уайымның болуы заңдылық. Алайда ол стреске, депрессияға ұласып кетпегені абзал. Ал стрестің, күйзелістің алдын алу үшін 9-сыныпты бітіретін оқушылар, мектеп пен колледжді, университетті бітіруші түлектер мынадай психологиялық кеңестерді орындағаны жөн.
Дайындықты ерте бастау
Кез келген маңызды шаруа алдындағы уайымды болдырмаудың ең жақсы жолы – алдын ала дайындалу.
Емтиханда өз біліміңізге сенімді болсаңыз да тест сұрақтарын қайталап, қажетті мағлұматты оқып, еске түсіруді ертерек бастаңыз. Бұл стрестік жағдайлардан құтқарады, психикаға аз салмақ түсіреді.
Ол үшін тест жауаптарын жаттауды, тиісті тақырыптарды оқуды бірнеше ай бұрын бастап, тапсырмаларды аптаға бөліңіз. Сосын апта сайын белгілі психиатр-дәрігер И.А.Корсакованың әдісімен қайталап оқып отырыңыз.
И.А.Корсакова кез келген ақпаратты психикаға салмақ салмай жаттаудың мынандай әдісін ұсынады.
1-күн – 2 рет қайталау
2-күн – 1 рет қайталау
3-күн – демалыс
4-күн – 1 рет қайталау
5-күн – демалыс;
6-күн – демалыс
7-күн – 1 рет қайталау
Әр аптаның 7 күнінде осы ережемен қайталап отырсаңыз, көп мағлұматты есте сақтау оңайырақ болады екен.
Тағы бір әдіс: алғашқы күні әр 15-20 минут сайын, екінші күні араға 8-9 сағат салып, үшінші күні 24 сағат өткен соң бір мәліметті қайталап оқу. Бұл тәсілдің де мағлұматтың есте жатталып қалуына көмегі зор.
Тест сұрақтарына дайындықтан бөлек, сол күнге қажетті қағаз-қалам сияқты заттарыңызды, киетін киіміңізге дейін алдын ала әзірлеп қойыңыз.
Сондай-ақ емтиханның қандай форматта өтетінін оқытушыңыздан, мұғаліміңізден сұрауды да ұмытпаңыз.
Физикалық жаттығу
Уайым кезінде қанда картизол бөлінеді. Бұл кезде адамның психикасында үрей, қауіп, сәтсіздіктен қорқу сезімдері туып, физикалық күші көбейеді. Осы кезде ол жүгіргісі, айқайлағысы немесе әлдеңені ұрғысы, әрлі-берлі жүре бергісі келеді. Дұрыс, эмоцияны сыртқа шығару керек.
Егер бұндай күшті сыртқа шығармаса, адам стреске түседі. Сондықтан да күніне бір мезгіл (30 минут) немесе таңертең (15 минут) және кешке (15 минут) спортпен шұғылдануды дағдыға айналдырған дұрыс.
Психологтардың айтуынша, күнделікті қандай да бір физикалық жаттығу жасауды әдетке айналдырған адамның стреске қарсы тұру иммунитеті жоғары болады екен.
Өзіңізге ұнаған спорт түрін таңдаңыз. Баяу темппен ауланы екі-үш рет айналып жүгірсеңіз де болады, я болмаса керілу, созылу жаттығуларын жасаңыз. Емтиханға дайындықтан жарты сағат бұрын 10-15 минут дене жаттығуларын жасап алсаңыз, ақпаратты жадыңызда сақтау жылдамдайтынын да біле жүріңіз.
Демалу
Дайындық кезінде уақытыңызды тиімді ұйымдастыра біліңіз. Емтихан өткенше бір-екі ай интернеттен кино көруді, әлеуметтік желілерде түн ортасына дейін отыруды, достармен қыдыруды доғара тұрыңыз.
Ұйқыға ерте жатып, ерте тұрып үйреніңіз. Суды көбірек ішіңіз, дұрыс әрі уақытылы тамақтаныңыз.
Ми тәттіні жақсы көреді. Дайындық кезінде тәтті конфет сорып отыруға немесе сүйікті шокаладыңызды жеп алуға болады.
Дайындық барысында денеңізді қыспайтын кең, ыңғайлы киім киіңіз.
Емтиханға дайындалудан бұрын және одан кейін 10 минут таза ауада жалғыз өзіңіз жүріп қайту да ми мен ағза үшін жақсы демалыс.
Позитивті ойлау
Есте ұстаңыз, емтихан сұрақтары оқу орнында (мектепте, колледжде, жоғары оқу орнында) өтілген тақырыптардан ғана келеді. Демек, сіз білетін, сізге таныс тақырыптар, сондықтан қорқудың қажеті жоқ. Бастысы, алдын ала қайталап шығу, дайындалу.
Сонымен қатар, емтиханнан кейін де өмір жалғасатынын ойлап қойыңыз. Тапсыра алмай қалсаңыз, арада уақыт өткен соң қайта тапсыруға болады. Немесе дипломсыз да екі қолға жұмыс табылады.
«Мен пәленшеден жақсы нәтиже көрсетуім керек», «Ата-анам ренжиді», «Ең жоғары балл жинауым қажет» деп өзгелерден озуды, үміт күткен адамдарды қуантуды емес, шама-шарқыңызға қарай жұрт қатарлы емтиханды тапсыруды ғана ойлаңыз. Бірінші болуға міндетті емессіз.
Емтихан кезінде білмейтін сұрағыңызға қадалып қалмаңыз, білмейсіз бе, келесі тапсырманы орындауға көшіңіз. Көп балл жинау емес, білетініңізді, басыңыздағы білімді мүмкіндігінше қолдану маңызды екенін есте ұстаңыз.
Егер емтихан барысында немесе дайындық кезінде жан-жағыңыздан уайым қаумалай бастаса, терең-терең тыныс алып, негативті ойларды позитивті көңіл күймен алмастырыңыз.
Емтиханға дайындалып қана қоймай, оны тапсыратын күні өзіңізді сенімді ұстай білуге де көп мән беріңіз. Ол үшін ойыңызды тек емтиханды сәтті тапсыруға шоғырландырыңыз.
Кез келген емтихан, конкурстар мен олимпиадалар эмоциямен байланысты өтеді. Олай болса, ең бастысы, эмоцияңызды басқара біліңіз. Сонда стресс сізге жолай алмайды!
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз: