Бұл психологиялық әдіс жаңа идея табуға, дұрыс шешім қабылдауға, шабыт шақыруға да көмектеседі.
Фото: pexels.com
Кейде ішкі күйзеліс пен мазасыз ойлар шырмап, демалуға, жұмыс істеуге, шынайы сезімді түсінуге мұрша бермей қояды. Осындай кезде психологтар фрирайтинг әдісін ұсынады.
Фрирайтинг деген не?
Бұл – ішкі дүниеңізбен диалог құрудың, жан айқайыңызды тыңдаудың, өзіңізді түсінудің таптырмас құралы. Фрирайтинг психологияда өзін-өзі тану және рефлексия құралы ретінде кеңінен қолданылады. Психотерапевттер оны клиенттердің ішкі қақтығыстарын анықтау, эмоцияны босату және өз ойларымен байланыс орнату үшін пайдаланады. Бұл әдіс когнитивті мінез-құлық терапиясымен және басқа психологиялық тәсілдермен үйлеседі. Фрирайтингтің артықшылығы – ол қарапайым, кез келген адам өз бетінше қолдана алады.
Қалай көмектеседі?
- Эмоцияны сыртқа шығарады. Бар сезімді – ашу, реніш, қорқыныш, өкінішті еш шектеусіз жазу арқылы ішкі қысым азаяды.
- Ойыңды тазартуға, жинақтауға көмектеседі. Миыңызда бірнеше ой бірден жүріп, не істеріңізді білмей жатсаңыз, көп ойдың ішінен ең маңыздысын ажыратуға, шын мазалап тұрған түйінді табуға мүмкіндік береді.
- Ішкі тыныштық орнатады. Жазып болған соң, жеңілдік сезімі туады. Өйткені эмоцияны іште сақтамадың, сыртқа шығардың.
- Өзін-өзі түсінуге жетелейді. Көбіне біз неге уайымдап жүргенімізді өзіміз де анық білмейміз. Ал жазу процесінде астарлы себептер анықталады.
- Шығармашылықты оятады. Шығармашылық блоктарды жоюға және жаңа идеялар табуға көмектеседі. Жазушылар, суретшілер немесе кез келген шығармашылықпен айналысатындар үшін де идея табуға көмектеседі.
- Уайымды жеңілдетеді. Уайым, күйзеліс немесе алаңдаушылықты қағазға түсіру арқылы ішкі жүктемеден арылуға болады.
- Мәселенің түпкі себебін анықтауға немесе шешім табуға жәрдемдеседі.
- Шабыт шақырады. Жазу процесі шабытты оятады және ойды жинақтауға мүмкіндік береді.
- Ішкі дауыспен байланыс орнатады.
Орындау техникасы
- Уақыт белгілеңіз. 5, 10 немесе 15 минут жеткілікті. Таймер қойыңыз.
- Қағаз не дәптер, қалам алыңыз.
- Тыныш бөлмеге отырыңыз. Ешкім кедергі келтірмейтін орын табыңыз.
- Тақырып таңдаңыз. Уайымыңызға немесе мәселеңізге орай өзіңізге сұрақ қойып, соған жауап жазсаңыз болады. Мысалы: "Мен не сезініп отырмын?", "Мен не ойлаймын?", "Қазір менің ішімде не болып жатыр?", "Неден шаршадым?", "Мені не мазалап жүр?", "Неге жылағым келіп тұр?"
- Жазуды бастаңыз. Ойға не келсе, соны жазыңыз. Егер ештеңе ойға келмесе, "Мен не жазарымды білмеймін" деп жаза беріңіз.
- Таймер уақыты аяқталғанша тоқтамаңыз. Ой ағынын үзбеңіз.
- Ешнәрсені түзетпеңіз. Грамматика, стиль немесе мазмұн туралы ойламаңыз. Яғни қате жазуға, қайталауға, шимайлауға, бояуға, бір сөзді бірнеше рет жазуға, геометриялық фигуралар салуға да болады. Маңыздысы — тоқтамай жазу, сызу. Өйткені басты мақсат – ойдың еркін ағымын сақтау және ішкі дауысты есту.
Фрирайтингтің негізгі идеясы – адамның ішкі әлемімен байланыс орнату. Бұл процесс барысында жасырын эмоциялар, ойлар, тіпті өзіңіз білмейтін мәселелер қағаз бетіне шығады. Түсінікті болу үшін бірер мысал келтірейік.
1-МЫСАЛ. Айгүл соңғы кездері өзін шаршаңқы, әлсіз сезінеді. Ол жұмыстағы стресс пен жеке өмірдегі мәселелердің арасында қалып қойғанын сезеді. Ол фрирайтингті қолданып көруді шешеді.
Тақырыбы: "Мен қазір не сезініп отырмын?"
Фрирайтинг үзіндісі: "Мен қазір ешнәрсе істегім келмейді. Себебі бәрі маған ауыр болып кетті. Жұмыстағы жобалар, үйдегі мәселелер, бәрі бір-біріне қосылып кетті. Мен өзімді кінәлі сезінемін, өйткені барлығын бірдей ұстап тұруға күшім жетпейді. Мүмкін, мен жай ғана демалыс алғым келетін шығар. Бірақ демалуға уақыт жоқ сияқты. Менің ішімде бір нәрсе тыныштықты қалайды, бірақ не екенін білмеймін..."
Нәтиже: Айгүл жазу барысында өзінің демалысқа мұқтаж екенін және жұмыстағы жобаларды басқаруда шекара қою керектігін түсінді. Ол келесі күні басшысымен сөйлесіп, бір апталық демалыс сұрауды шешті.
2-МЫСАЛ: Ербол – жас жазушы, бірақ соңғы уақытта жаңа әңгіме жаза алмай жүр. Ол шығармашылық тоқыраудан шығу үшін фрирайтингті қолданады.
Тақырып: "Менің кейіпкерім қандай болар еді?"
Фрирайтинг үзіндісі: "Менің кейіпкерім... Білмеймін, ол батыл болса керек. Немесе жоқ, ол батыл емес, бірақ ішінде бір құпия бар. Мүмкін, ол қалада жалғыз өмір сүреді. Ол қалай өмір сүреді? Күнде таңертең кофе ішіп, терезеден қарайды. Нені ойлайды? Ол бір нәрсені іздейді, бірақ не екенін өзі де білмейді. Мүмкін, ол өзінің өткенін іздейді. Немесе бір махаббатты. Жоқ, ол махаббат емес, ол бір мақсат іздейді..."
Нәтиже: Ербол фрирайтинг арқылы жаңа әңгіме кейіпкерінің прототипін жасады. Ол жалғыз өмір сүретін, ішкі мақсат іздейтін кейіпкер туралы жазуды шешті. Бұл оның жаңа әңгімесінің бастамасы болды.
Екі мысалдан көргеніміздей, фрирайтинг эмоциялық жеңілдеуден бастап, шығармашылық идеялар табуға дейін кең ауқымда қолданылады. Ендеше оны күнделікті өмірде қолданып, өз ойларыңызбен тереңірек байланыс орнатыңыз. Пайдасын сынап көру үшін дәл қазір мазалап отырған сұрағыңызды тақырып етіп алып, жазуды бастаңыз. Небәрі 15 минутта керемет өзгерістер әкелетініне көзіңіз жетеді.
Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз: