Өмір қысқа. Бұны бәріміз білеміз. Тіпті, бабаларымыз айтып кеткен «Қамшының сабындай қысқа өмір» дегенді орайы келгенде өзгелерге ақыл ретінде айтып та қаламыз. Бірақ, өзіміз осы сөзге мән беріп жүрміз бе? Қысқа өмірдің қанша бөлігін өзіңізге арнадыңыз?
фото: thechangeacademy.co
Өмір қысқа. Бұны бәріміз білеміз. Тіпті, бабаларымыз айтып кеткен «Қамшының сабындай қысқа өмір» дегенді орайы келгенде өзгелерге ақыл ретінде айтып та қаламыз. Бірақ, өзіміз осы сөзге мән беріп жүрміз бе? Қысқа өмірдің қанша бөлігін өзіңізге арнадыңыз? Өзгені қойшы, өзіңізге ұнайтын іс жасадыңыз ба? Өзіңізге қандай жақсылық істедіңіз? Сіз үшін не маңызды? Жаныңыздың қалауы не? Өміріңіздің құндылықтары қайсы? Жылдам ойланыңыз, тез жауап беріңіз, өмір қысқа...
1. Өмір қысқа, өткен шаққа бара бермеңіз
Барлық адамның өткен шағы бар, ол: балалық шақ, жастық шақ, жұбайлық өмірдің алғашқы жылдары... кейбіреулерде бірінші неке, ажырасудан кейінгі жылдар, бәрі теріс айналғандағы қиын жылдар, жақын адамның өлімі, әділетсіз айыптау... қимас жылдар, махаббат қызық мол жылдар... Айта берсек, көп. Қызық та, қиындық та өтті, бірақ пенде болған соң көпшілігіміз жақсыны емес, өткен шақтағы жаманды: ренішті, өкпені, ыза мен кекті, ашу мен өкінішті жиі еске аламыз. Неге? Өйткені, қуанышты сәтте қуанышыңызды ешкімнен жасырмадыңыз, эмоцияңыз сыртқа шықты. Ал, ренжігеніңізді жасырып, «Ренжіген жоқпын, бәрі жақсы» дедіңіз. Ашуыңызды ауыздықтап, өзіңізді сабырға шақырдыңыз. Реніш пен ашу сыртқа шықпады, іште қалды. Өткенге орала берудің бір себебі осыдан. Алайда, бұл енді маңызды ма?
Бұның түкке пайдасы жоқ, тек уақытыңызды босқа шығындайсыз. Иә, қып-қысқа өмірді одан сайын қысқартып, онсыз да әрқашан көтеріліп тұрмайтын көңіл күйіңізді бұзып қайтесіз? Өткен шаққа мүлде оралуға болмайды демеймін. Әрине, анда-санда өткен шаққа саяхат жасап, жігерлену үшін жеңісті, жемісті сәттерді еске алуға, өзіңізді қамшылау үшін кейбір қиындықты еске түсіруге де болады. Бірақ өткеннің есігін айқара ашып қоюдың қажеті жоқ. Бұл тек өзіңізге ғана зиян. Қалай түсіндірсем екен?
Сіз қазір қайдасыз? Осы шақта! Осы шақты өзіңіз отырған бөлме деп елестетіңіз. Есік – өткен шақтыкі дейік, ал терезе – келер шақтыкі. Тереземен бірге есікті де ашып қойсаңыз не болады? «Сквозняк» болады! Аурудың көбісі «сквозняктан» дамиды. Бұл өткен шаққа орала берудің жүйкеңізге, көңіл күйіңізге, өміріңізге тигізер зардабының мысалы.
Иә, өткен шақты ойлай берудің зардабы «сквознякқа» ұқсайды. Ал, өткен шағын күнде еске алатын адамдарды мен ауыр чемодан көтеріп жүргенге ұқсатамын. Ауыр жүк салынған сөмкесі көзге көрінбейді, бірақ түріне қараңызшы: тұнжырап, түнеріп, қиналып жүр. Мұндай адамдар тіпті той-томалаққа барса да зіл батпан «невидимка» сөмкесін арқалап жүреді. Сізде де сондай ауыр «невидимка» чемодан бар ма? Ашып қараңызшы, ондағы заттардың қолдану мерзімі өтіп кеткен, жарамсыз. Оны қайтесіз, тастаңыз!
Өткен шақты ойлай беру осы шақтағы өмірдің ләззатын, бақытын сезінуге кедергі келтіреді. Өткенді ойлап, өзгені, өзіңізді және өмірді жазғыруды, кінәлауды доғарыңыз. Келешекті ойлап уайымға салынудың да қажеті жоқ. Өткеннің есігін жауып, болашағыңызды бір Тәңірге сеніп тапсырып, осы шақта өмір сүріңіз!
2. Өмір қысқа, соның бәрі маңызды ма?
Мынау қысқа өмірде біз бәріне үлгеру керек деп жанталасамыз, әбігерге түсеміз. Сөйтеміз де өмір сүруді ұмытып кетеміз. Бұны бір испан жазушысы «Тірі, бірақ өлі» деп бейнелеген екен. Айналаңызға қарасаңыз көп адамның «тірі, бірақ өлі» екенін көресіз. Олар бәріне ие болсам дейді.
Басыңызда баспанаңыз бар ма, бар. Ал, сіз енді үлкен етіп үй салам деп жанталасудасыз. Перзентіңіз бар ма, бар. Жеті қызыңыз бар, ал сіз «ұл туып бер» деп әйеліңіздің жанын ауыртасыз. Көлігіңіз бар ма, бар. Бастысы, жүріп тұр емес пе? Ал, сіз досыңыздан қалғыңыз келмей, оныкінен жақсы жаңа көлік аламын деп, өміріңіздегі маңызды адамдарға, маңызды нәрселерге көңіл бөлуді ұмыттыңыз. Балаларыңызды зообаққа апардыңыз ба? Олармен соңғы рет қашан қыдырдыңыз? Соңғы рет қашан әйеліңізге жаңа көйлек сатып әпердіңіз? Үйіңізге достарыңызды шақырып, мәре-сәре болмағалы қашан? Өзіңіз соңғы рет қашан шынайы күлдіңіз? Сіз үшін не маңызды, дүние ме, адам ба? Дұрыс, өсіңіз, жетіліңіз, көбейіңіз, бірақ «өмір сүруді», сіз арқылы өмірге келгендерге жауапты болуды ұмытпаңыз.
3. Өмір қысқа, барлығына ұнауға тырыспаңыз
Бәріне үлгеруді ғана емес-ау, айналамыздағы адамның барлығына ұнауға да тырысамыз-ау. Шамаңыз келгенше тырысып жатырсыз, бірақ «Жарайсың!» деген сөзді, алғысты бәрінен бірдей естідіңіз бе? Жоқ! Кейбіріне жасаған жақсылығыңыз жамандық боп қайтты. Өзіңізді кінәлағандар да бар. Сіз жақсылық жасадым деп ойладыңыз, бірақ жақсы ісіңіз оған кесірін тигізді, сондықтан ол сіздің «тырысқаныңызды» жамандыққа балады. Оған да, өзіңізге де ренжудің қажеті жоқ. Өйткені, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Әркімнің талғамы, ой-пікірі, көзқарасы, түсінігі басқа-басқа. Бұны әу баста-ақ Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз «Секілді өмір қысқа, жарты тұтам» деген өлеңінде:
...Денеден-ақ көрініп тұрған жоқ па,
Саусақтың алалығы біткен қолға, - деп түсіндіріп кеткен. Ендеше, барлық адамның тілін, көңілін табуға тырысып өзіңізді қинамаңыз. Сол көптің сізді ұнатқаны маңызды ма?
Бір шаңырақтың астында бірге тұрып жатқан отбасы мүшелерінің көңілінен шықсаңыз жетеді. Соларға бақыт таратып, соларға ұнасаңыз болғаны.
Дұрысы, барлық жерде, барлық ортада шынайы болыңыз. Сонда бәріне бірдей ұнауға тырысып әуреленбейсіз.
4. Өмір қысқа, миссияңызды орындауға асығыңыз
Мен танитын бір азамат «кейін үйленем, алдымен...» деп, тынбай еңбек етіп, кең сарайдай үй салды. Құрылыс материалдарының сапасы, үш қабатты үйдің дизайны керемет. «Енді жиһаз алайын, сосын...» деп тағы да біраз жыл тынбай жұмыс істеп, шетелден жиһаз алдырып, үйін сәндеді. Сол баспананы бітіремін деп, ол дос-жаранның туған күн, тойына да бармайтын. Өзіне жақсы жаңа киім сатып та алмайтын, тіпті, өзінің тамағына, ауыра қалса дәрісіне қимайтын еді. Бір күні ұйықтады да, қайтып оянбады. Сырт көз ретінде айтсам, ол 37 жасқа дейін өмірдің де, тапқанының да қызығын көрмеді. Алаңсыз демалмады да. Ал, оның керемет баспанасына інісі мен келіні кіріп алды.
Танысым «бәрі алда» деп ойлады, бірақ, «өлім айтып келмейтінін» ойламады. Өмірде ажал және махаббат айтып келмейді. Ал, адамзаттың негізгі миссиясы – ұрпақ қалдыру, көбею емес пе?!
Ендеше, сезіміңіз селт етті ме, оған үйленіңіз. «Бұдан да жақсысы кездесер» деп немесе «Алдымен баспана сатып алайын, жалақысы жақсы қызметке тұрайын, жағдайымды жасап алайын» деп уақытты соза бермеңіз. Үйленуге қадам жасарда, тұрмысқа шығар сәтте жар таңдауда том-том ақыл кітаптарын ақтарып уақытты оздырып алмаңыз. Қысқа өмірде әрдайым ақылды болудың қажеті шамалы. Кейде асығыс шешім қабылдап, ақымақтық жасағанның да пайдасы бар. Бұл орайда «Ақылды ойланып жүргенде ақымақ балалы болып үлгереді» дейді қазақ мақалы.
5. Өмір қысқа, шыдай беруге болмайды
Шыдамдының шырағы ұзақ жанады. Бұған таласым жоқ. Әрине, шыдамдылық – жақсы қасиет, бірақ ұзақ шыдауға өмір қысқа. Айтайын дегенім, өзіңізге не қажет екенін, кімнің керек екенін саралай білгеніңіз жөн.
Жақын адамдарыңыздың тарапынан «туған» қиындыққа шыдаңыз, бірақ көнбіс болмаңыз. Қажет жерде өзіңізге керекті айта біліңіз. Үнемі ренжітетін, уақытыңыз бен күш-қуатыңызды сорып алатын «вампир» құрбы, дос, туысқан, әріптес, көршімен байланысты үзгіңіз келе ме, ешкімнің көңіліне қарамаңыз. Түзеуге тырысқаныңызбен арағын, жеңіл жүрісін қоймаса, жұдырық жұмсауын тыймаса, есіктегі басын төрге қарай сүйресеңіз де ол екі аяғын босағаға тіреп алып жоғары шыққысы келмесе, адам болмайтынын ұқсаңыз, ажырасудан ұялмаңыз. Қашанғы шыдайсыз? Сіз де ет пен сүйектен жаралған адамсыз, темір емессіз. Сізде де жүйке жүйесі бар. Олай болса, адамды ғана емес, жұмысты, қаланы ауыстырудан, барлығын «нөлден» бастаудан, тіпті қателесуден де қорықпаңыз. Әрине, жылдар бойы тер төгіп құрғанды «бұзып», қайтадан «соғу» оңай шаруа емес. Алайда, басқа жол жоқ болса, амал қанша?!. Өмір бір-ақ рет беріледі. Тәуекелшіл болыңыз!
6. Өмір қысқа, ертеңгі емтиханның сұрағына бүгін дайын болыңыз
Ақын ағамыз Қалқаман Сарин «Бұл өмір қысқа, құстың тұмсығындай» деген өлеңінде:
...Бұл өмір өтпес, өтсек біз өтерміз,
Қыс, Көктем, жасыл Жаз бен Күз екенбіз.
Тұншығып жасына әбден көзіміздің
Бір күні еріп кетер мұз екенбіз, - дейді.
Әркім Жаратушының өлшеп берген жарығын көреді. Біреу 18 жыл, біреу 81 жыл. Енді біреу 100-ден асса, кейбір нәресте туыла сап шетінеп жатыр. Қанша жыл өмір сүретініміз Аллаға ғана аян. Мүмкін бүгін соңғы күніңіз шығар?..
Әзіл ғой! Жо-жоқ, шынында да бір апта ғана уақытыңыздың қалғанын білсеңіз, не істер едіңіз? Меніңше, 65 жыл үйрену қиын болған намаз оқудың тәртібі мен сүрелерді сол күні-ақ жаттап алар едіңіз. Алланың 99 есімін 9 минутта жаттап, ең көркем және ең ұлы осы есімдер арқылы Жаратушыға жалбарынып, біліп және білмей істеген күнәларыңызды кешіруін сұрап, сәждеге жығылар едіңіз. Жолыңыз, жасыңыз кіші болса да қателігіңізді мойындай алмай, кішірейе алмай жүрген сіз ұзақ жыл араздасып араласпаған ағайынмен татуласуға асығар едіңіз. Кеше ғана телефонмен «кешірші» деген бір ауыз «смс» жазуды қиын көрген сіз ренжіткен жақындарыңыздың үйіне барып кешірім сұрап та үлгерер едіңіз-ау. Уақытыңыздың көп бөлігін жан жарыңызбен, балаларыңызбен өткізуге тырысасыз, қайта-қайта құшақтап, беттерінен сүйесіз... Солай ма? Қайтер едіңіз?
Әрине, Жаратқан ғұмырыңызды ұзақ етсін, оқырман! Жүзге жетсін жасыңыз. Әйтсе де, бұл пәниде о дүниені де ойлап, адамдық жолымен жүріңіз, адал болыңыз демекпін.
Өмір қып-қысқа, соңғы сәтті күтпей-ақ ренжіскен жақындарыңызбен жылдам татуласып үйреніңіз. Тез кешірім сұрап, кешіре біліңіз. Ұнады ма, сезіміңізді жасырмаңыз. Ренжідіңіз бе, айтыңыз. Жаттау керек пе, бастау керек пе, ертеңге қалдырмаңыз. Уақытты созып жүруге, маңызды шаруаны кейінге қалдыруға...ӨМІР ҚЫСҚА.
Жазира СМАҒҰЛОВА,
ERNUR.KZ
суреттер ашық дереккөзден алынды