​НЕГЕ бүгінгі жұмысыңыз ертеңге қала береді?

0
863

Сіз де осы әдеттен құтыла алмай жұрсіз бе?


​НЕГЕ бүгінгі жұмысыңыз ертеңге қала береді?

фото: psy-files.ru

Мәселені сол сәтте шешіп, темірді қызып тұрған кезде ұрып, бір күнде бірталай істі орындап тастайтын адамдар бар. Қарап отырып сүйсінесің. Сонымен қатар бүгінгі жұмысты ертеңге қалдыра беретін, кез келген істі «кейін» деп, дүйсенсенбіні, сәтті уақытты күтетіндер де жетерлік. Біз осы екінші топқа жататын адамдардың жағымсыз әдет себебін анықтап көрелік.

Көпке кедергі боп жүрген бұл әдеттің себебі неде? Психологтар бұл жаман даңдының негізгі үш себебі бар дейді. Себеп белгілі болса, оны жою қиын болмас. Олай болса, біз себебін жазайық, ал сіз сол себеппен күресіңіз.



1-себеп

Дедлайнның қойылмауы. Бұны нақты мақсат уақытының белгіленбеуі деп те түсіндіруге болады. Уақыт белгіленсе, стимул, ынта және мақсат болады. Ал бұл үшеуі адамды алға ұмтылдырады, жұмысты бастауға энергия береді.

Мысалы, мақсат – балалы болу делік. Егер дедлайн қойылмаса, адамда стимул болмайды, дәрігерге тексерілуді, анализдер тапсыруды, нұсқалған дәрі-дәрмекті ішуді кейінге қалдырып жүре береді. Сөйтіп жасы 40-қа таяғанда асығып, тыпыршып, «үлгерем бе?» деп уайымдап стреске түседі. Бұл адамды тығырыққа тіреп, мәселені ушықтырып жіберуі ықтимал. Сондықтан да кез келген мейлі ұсақ, мейлі ірі жұмыс болсын оның нақты уақытын белгілеген жөн. Уақытты белгілеу адамды әр күнді, апта мен айды жоспарлауға үйретеді. Жоспарлы өмірде адамның ынтасы жоғалмайды.

Демек, адам өзін ынталандыру жолын қарастырып, әр жұмысты орындауға нақты уақытпен мақсат қоя білуі қажет.



2-себеп

Прокрастинация. Бұл – орындалуы тиіс жұмыстың бәрін ертеңге қалдыра беруге әйтеуір желеу табу. Бұның астарында психологиялық бұзылыстар – стресс, депрессия, өзін-өзі төмен бағалау, өзін кінәлау т.б. жатады. Бұның бәрі де адамның барлық нәрсеге қызығушылығын жоғалтады.

Жалпы адамда өмір сүруге құлшыныс болса, бұл жолда алдынан шыққан кез келген жүмысты қызығушылықпен жапырып орындап тастайды. Қызығушылық бұл – энергия.

Демек, қызығушылық, сонымен бірге қуат та пайда болу үшін ең алдымен адам өзін өзі демеп стрестің, көңілсіздіктің салдарымен жұмыс істеу керек.



3-себеп

Перфекционизм. Яғни мінсіз етіп орындау. Бұны мінсіз жар іздеген жігіттің өмір бойы бойдақ боп өтетініне ұқсатуға болады. Көбіне эмоция іздеп жүретіндер, тым эмоционалды адамдар жұмысты жинап-жинап атқарғанды жөн көреді екен. Басқаларды таң қалдырғанды ұнататын, жұрттыкінен өзгеше, ерекше әрі мінсіз етіп орындаймын деп ойлаған адам істі ертеңге қалдыра береді. Мұндай адам өмірінің барлық саласында қатарынан кеш қалып жүретінін психологтар анықтаған. Яғни, кез келген істі кемшіліксіз орындаймын деп ойлау қате. 10 пайызы ғана расында да кемшіліксіз орындауы мүмкін, ал мінсіз орындаймын дегеннің 80 пайызы жұмыс уақытын созып жүре беріп, соңында үлгермей, қат-қабат жұмыстың астында қалады екен. Ал 10 пайызы аз уақыт қалғанда тез орындауға тырысып, нәтижесінде кемшілігі көп жұмыс тапсырады.

Демек, жұмысты мінсіз емес, тез-тез орындап тастауды ойлаған абзал.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

"Мықты бала" тәрбиелеуге 3 кеңес

Баланың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуге 5 идея