​Баланың жазғы демалысын ҚЫЗЫҚТЫ әрі ПАЙДАЛЫ өткізуге 5 идея

0
2 648

Жазғы демалыста мынандай төрт нәрсені ескерген жөн.


​Баланың жазғы демалысын ҚЫЗЫҚТЫ әрі ПАЙДАЛЫ өткізуге 5 идея

Фото: ашық дереккөзден алынды

Тоғыз айлық оқу марафоны осы аптада аяқталады. Алда балалардың асыға күткен үш ай жазғы демалысы. Көзді ашып-жұмғанша 90 күн де зуылдап өте шығады. Бұл уақытты балаға жақсы эмоция сыйлап, күш-қуатын толтырып, пайдалы әрі тиімді өткізу үшін оны қалай ұйымдастырған дұрыс?

Психологтардың айтуынша, жазғы демалысты мына төрт нәрсені ескеріп ұйымдастырған жөн:

  1. Баланың жасы
  2. Баланың қызығушылығы
  3. Танымдық пайдасы
  4. Отбасылық бюджет

Осыған байланысты бірқатар мысал келтірейік.



Саяхат

Саяхат бүлдіршіндерге қарағанда жасөспірімдерге әсерлі. Егер жоғары сыныптағы балаларыңызды шетелге шығаруды ойласаңыз, қолжетімді бағадағы Ташкентке, Ыстық көлге баруға болады. Әйтсе де баламен саяхаттауды өз елімізден бастаған дұрыс. Мысалы, инстаграмда Түркістанға, Түркістан облысындағы Тау самалына, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркіне, Алматыға бір күндік турлар бар. Турсыз-ақ Астанаға, Бурабайға пойызбен барып, көрікті жерлерін аралап қайтуға да болады.

Саяхат барысында бала тек физикалық және ой тұрғысында демалып қана қоймай, жаңа бірнәрсе үйренуін де ойлаңыз. Мысалы, еліміздің қалаларына саяхат жасағанда «Мынау Бәйтерек, бұл Астана қаласында орналасқан. Биіктігі 97 метр...», «Мынау Оқжетпес...» деп қысқаша мәлімет беріп таныстырсаңыз, Оқжетпес туралы аңызды айтып берсеңіз танымдық демалыс болады. Бұндай мәліметті интернеттен оп-оңай таба аласыз.

Сондай-ақ пойызға мінгенде ол әр станцияға тоқтайтынын, станцияларда қанша уақыт тұратынын, сол уақыт аралығында қайтадан пойызға мініп үлгермесе қалып кететінін айтып түсіндірсеңіз артық болмайды. Бұны есінде сақтап қалу үшін пойыз тоқтағанда станцияға түсіріп, диспетчердің пойыздың қозғалатынын ескерткенінен соң қайта мінгізіңіз.

Немесе пойызда әр қаладан мінген сан түрлі жолаушы болатынын, ұйықтағанда ақшасы мен телефонына абай болуды, сақтық шараларын үйретсеңіз, алдағы өмірінде қажет болады. Ал егер көлге, теңізге апарсаңыз, жүзуді үйретіңіз. Саяхаттағанда әйтеуір бір жаңа нәрсе үйреніп, жаңа ақпарат жинап қайтса, ол саяхат есінде қалады.



Табиғат аясы

Табиғат аясы баланың үлкеніне де, кішісіне де ұнайды. Сондықтан жазғы уақытта табиғатта көбірек отбасылық демалыс ұйымдастырған жөн.

Бала табиғат аясына шыққанда құр доп теуіп, өзенге шомылып, кәуап жеп қайтпасын. Сонымен бірге құрғақ отын жинауды, от жағуды үйретіп, тамақ істеуге араластырыңыз. Қайтарда қоқысты, босаған сусын ыдыстарын балаларға жинатқызыңыз. Таулы жерлерде кене мен жылан болатынын, қауіпсіздік ережелерін айтыңыз. Осылай демалысты танымын арттырумен, білімін толықтырумен байланыстыруға болады.



Ауыл

Жеткіншектерге қарағанда ата-әжесіне немесе ағайын-туыстың үйіне бару – бастауыш сынып жасындағы балаларға өте қызық. Егер оларға таңдау жасатсаңыз, басқа қаланың көрікті, тарихи жерлерін аралағаннан гөрі өзі қатарлы балалармен қуаласып ойнауды, өзен жағалап жүгіруді, атқа мінуді, жұлдыз санап жатып далада ұйықтағанды қалайды. Яғни, ауыл – кішкентай балалар үшін жазғы демалысты өткізуге ең қолайлы, пайдалы мекен.

Ауылда кішкентай бала үй жануарларын көреді, малды өріске айдайды, бұзауға су береді, ағаштан алма теріп, бау-бақша жұмысына көмектеседі.

Қысқаша айтқанда, ауылдағы демалыс баланы еңбекке тәрбиелейді әрі спорт. Ал ауылдың таза ауасы, айран-сүті, құрт-майы, бақшадағы балғын көкөніс пен қарбыз-қауын денсаулығы үшін мол дәрумен, таптырмас дәру.

Ауылдан балаңыз күнге күйіп шынығып, шымыр боп денсаулығын нығайтып, мол энергия жинап қайтады.

Егер саяжайыңыз болса, жаз айларын, тым болмаса сенбі-жексенбіні сол жақта өткізу ауылдағы демалыспен пара-пар болады.



Лагерь

Лагерь – баланың ата-анасынан бірінші рет бір-екі ай бөлек өмір сүретін, әр түрлі жағдайға адаптацияланатын орны. Жаңа атмосфера мен жаңа орта баланың бойында әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларын қалыптастырады. Сондықтан да лагерь барлық жастағы оқушы үшін пайдалы.

Онда баланы зеріктірмейтін бағдарламалар бар, яғни оның көзі мен миы гаджеттен демалады. Бала демалыспен бірге шығармашылықпен айналысады, билейді, сурет салады, тіл курстарына қатысады, спорттық жарыстарға қатысады. Сондай-ақ ол уақытылы тамақтанып, уақытылы ұйықтайды, ойнайды. Яғни, бала күн тәртібіне әдеттенеді.

Лагерьде фаст-фуд, газды сусын жоқ, тек пайдалы ас. Ата-ана баласының денсаулығына алаңдамайды. Қауіпсіздігіне де сенімді бола алады. Өйткені лагерьлерде 24 сағат бойы күзет, видеобақылау және тәрбиешілер бар.

Тағы бір артықшылығы – бала лагерьде өзі құралыптас балалармен тіл табысуды, достасуды, ренжісіп қалса татуласуды, өз жағдайын өзі жасауды, заттары мен киімдеріне еге болуды, төсек-орнын реттеуді үйренеді. Бұл өз-өзіне сеніп өмір сүруге тәжірибе, баланың тұлғалық дамуына көмек.



Үйірме

Кейбір бала ата-анасының қасында болуды қалайды. Бұндай баланы үйірмеге жазу керек. Әрине, бала жазғы демалысында математика мен тіл үйрену курстарынан басқа үйірмелерге қатысқаны абзал. Аптасына екі рет өзіне ұнайтын үйірмеге барып келсе жетеді.

Мысалы, үш ай демалысында суда жүзуге машықтансын. Шахмат, я болмаса тоғызқұмалақ ойынын үйренсін. Жалпы, ойнай отырып үйрену демалыс әрі білім болмақ.

Үйірмені таңдаған баламен сенбі, жексенбі күндері қаладағы саябақтарға қыдырыңыз, шомылуға барсын.

Оның бос уақытын тиімді өткізу үшін асүйде анасына қолғабыс боп, торт пісіруді, салат жасауды үйренуге жетелеу керек. Ұл болсын, қыз болсын, тым болмағанда бір тамақ пісіруді, бір салат дайындауды білгені дұрыс. Оның үстіне өзі пісірген тағамды жеу балаға қызықты, ал ата-анаға перзентін еңбекке баулу болады.


Әрине, психологтар айтпақшы, жазғы демалысты баланың өзімен ақылдаса отырып, оның қалауын ескеріп ұйымдастырған дұрыс. Егер баланың таңдауы болмаса, жоғарыда аталған кеңестерді араластырып, микс демалыс жоспарын түзуге болады.

Ж. СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

ҮШ ЕРЕЖЕ: қиындатпай-ақ өмір сүруге болады

Өз-өзіңе МОТИВАЦИЯ беретін супер 2 техника