​Өз өміріңнің авторы болуға не кедергі?

0
238

Қайталанбайтын мынау өмірде өз өміріңді өз қалауыңша өткізіп, ешкімге тәуелді болмаудан артық бақыт бар ма десеңізші?!


​Өз өміріңнің авторы болуға не кедергі?

Фото: ЖИ

Көптеген ересек адам «өз өмірімді сүрмей жүрген сияқтымын» деген ішкі қанағаттанбаушылықты бастан кешіреді. Сонымен қатар олар өз сәтсіздіктеріне ата-анасын, жағдайды немесе айналасындағы адамдарды кінәлауға бейім. Себебі біреуді кінәлау – бәрін өз қолыңа алып, автор болудан әлдеқайда оңай.


Не істеген жөн?

Эмоционалды есею керек. Ал эмоционалды есею – өз сезімдеріңді басқару, өз таңдауың мен өмірің үшін жауапкершілік алу. Өйткені адам эмоционалды есейген кезде ол өмірдегі қиындықтарды сырттан «құтқарушы» күтпей, саналы түрде шешуге үйренеді.


Эмоционалды есеймегеннің негізгі белгілері

1) Эмоционалды реакциялардың балалық деңгейде қалуы. Эмоционалды жетілген адам мәселе туындағанда диалог құруға, сезімін ашық жеткізуге тырысады. Ал жетілмеген адам ренішін тікелей айтудың орнына, үнсіздік, өкпе немесе манипуляция арқылы білдіреді.

Мысалы: Күйеуі жұмыстан шаршап келіп, байқамай суық сөйлесіп қойса, ол: «Маған сөзің ауыр тиді» деп айтудың орнына, бірнеше күн сөйлеспей, қарсы тараптың өздігінен түсінуін күтеді.


2) Іштегі «кішкентай бала» позициясы. Әр адамның ішінде «ішкі бала» болады. Мәселе ішкі баланың болуында емес, оның өмірді толық басқаруында. Мұндай жағдайда адам өзін үнемі әлсіз әрі қорғансыз сезінеді және айналасындағылардан тұрақты қолдау күтеді. Ол серіктесін тең адам ретінде емес, өзін қорғап, барлық мәселені шешіп беретін тұлға ретінде қабылдайды.

Мысалы: «Менің қолымнан ештеңе келмейді», «Менсіз шешім қабылдашы» деген сөздерді жиі айту.


3) Жауапкершіліктен қашу және өзгелерді кінәлау. Эмоционалды жетілудің маңызды белгісі – «Менің өмірім үшін ең алдымен мен жауаптымын» деген ұстаным. Ал жетілмеген адам өз сәтсіздіктерінің себебін үнемі өзгелерден іздейді.

Мысалы: «Егер ата-анам басқаша тәрбиелегенде...», «Өз қалауымдағы мамандықта оқығанымда...», «Егер мені ешкім түсінбесе, не істеймін?» деген ойлардың жиі қайталануы. Сонымен бірге, мәселені шешудің орнына кез келген ұрыстан кейін «Ажырасамын», «Бәрін тастап кетемін» деп айтады немесе маңызды шешімдерді ашумен қабылдайды.


Бұдан өзге кез келген жанжалдан кейін бірден анасына немесе жақындарына шағымдану, маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдай алмау сияқты белгілер де бар.

Егер сіз өз бойыңыздан жоғарыда айтылған белгілердің бірін байқасаңыз, өзіңізді айыптауға асықпаңыз. Бұл сіздің жаман адам екеніңізді білдірмейді. Бұл – сіздің ішкі әлеміңіз сізге «Мені естіп, менімен жұмыс істеудің уақыты келді» деп тұрғанының белгісі.


Эмоционалды есеюдің белгілері қандай?

  • Қателескенін қабылдап, кешірім сұрай біледі;
  • Өзгелерді кінәламай, шешім іздейді;
  • Өз шекарасын қорғайды және басқалардың шекарасын құрметтейді;
  • Қиын әңгімелерден қашпайды;
  • Жалғыз қалудан қорықпайды;
  • Өміріне жауапкершілікпен қарайды;
  • Өзгелерді өзгертуге емес, өзін дамытуға көңіл бөледі.



Біз не үшін есеюіміз керек?

  • Өз өміріңіздің авторы болу үшін! Бала кезімізде шешімнің көбін біз үшін өзгелер (ата-ана, мұғалімдер) қабылдайды. Есею – бұл өз өміріңіздің рөліне отыру. Өзіңіз не қалайсыз, қайда барғыңыз келеді, қандай құндылықтармен өмір сүргіңіз келеді – соны тек өзіңіз ғана таңдайсыз.
  • Шынайы ішкі еркіндікке жету үшін! Бұл физикалық және қаржылық еркіндік және өзгелердің пікіріне, бағасына немесе мақұлдауына тәуелді болмау.
  • Сау қарым-қатынас құру үшін! Балалар көбіне «алушы» позициясында болады. Ал есейген адам бере де, ала да білетін, шекараларды сыйлайтын жеке тұлға. Тек есейгенде ғана біз өзгелерді транзакциялық емес, шынайы жақсы көруді, кешіруді және қолдауды үйренеміз.
  • Өз потенциалыңызды жүзеге асыру үшін! Кез келген идея, арман немесе жоба жауапкершілікті талап етеді. Тәртіп (дисциплина), төзімділік, мақсаттылық сияқты қасиеттер тек есейген, толысқан санада ғана гүлдейді. Бала армандайды, ал есейген адам сол арманды шындыққа айналдырады.


Тағы да оқыңыз:

НЕГЕ өзгенің өмірін талқылауға БОЛМАЙДЫ?

Өзіңді қайта таба аласың: Карл Юнгтің 4 маңызды қағидасы