Бұл туралы психология мен нейроғылым не дейді?
Фото: ЖИ
Күнделікті өмірде өзгелердің іс-әрекетін, мінезін немесе отбасы мәселесін сөз ету қалыпты әңгіме сияқты көрінуі мүмкін. Кейде мұны уақыт өткізу үшін, кейде қызығушылықпен, кейде тіпті «жақсылық тілеп» айтып жатамыз. Алайда мұндай әдеттің психологиялық әсері біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде екен.
Психологтар адамның не туралы жиі ойлап, не туралы көп сөйлейтіні оның эмоциялық күйіне, дүниетанымына және мінез-құлқына ықпал ететінін айтады. Ал нейроғылым адамның миы назарын жиі аударған ақпаратты маңызды деп қабылдайтынын дәлелдейді. Сондықтан үнемі біреудің кемшілігін талқылап, негативті оқиғаларға назар аудару өзіміздің ішкі күйімізге де әсер етеді екен.
ҚАЛАЙ?
1. Ми эмоцияға жауап береді
Адамның миы елестетілген немесе егжей-тегжейлі талқыланған жағдайларға да эмоциялық реакция бере алады. Мысалы, сіз ұзақ уақыт бойы бір адамның қателігін немесе өміріндегі қиындықтарын айтып отырсыз делік:
- «Пәленше тым жалқау екен...»
- «Түгеншенің күйеуі өте дөрекі екен...»
- «Балаларына дұрыс тәрбие бермеген екен...»
Осындай әңгімелер кезінде ми сын, ашу, реніш, өкпе сияқты эмоцияларды қайта-қайта белсендіреді. Соның нәтижесінде көңіл күйіңіз төмендеп, күйзеліс деңгейі артуы мүмкін. Яғни сіз әңгіме айтып отырған адам емес, өзіңіз сол жағымсыз эмоцияларды бастан кешіресіз. Сол әңгімелерді келесі адамға тағы айтқанда ми үшін сіз ол оқиғаның ішінде жүргендей әсер қалыптасады. Нәтижесінде сіздің ағзаңыз сол эмоциялы сөздерге ыңғайлана бастайды. Қысқаша айтқанда, сол талқыланған адамдардың эмоиясын сіз де көп ұзамай бастан өткізесіз.
2. Не нәрсеге көп назар аударсаңыз, ми соны көбейтеді
Мидың ерекше қасиеті бар: ол сіз жиі назар аударатын нәрсені маңызды деп қабылдайды. Маңызды деп тапқан нәрсені сіздің өміріңізде көбейтеді. Мысалы, егер сіз:
- адамдардың кемшілігін іздесеңіз;
- өсек айтсаңыз;
- әлдекімнің қарызын, ойынқұмарлығын немесе отбасындағы таусылмайтын ұрыс-керісін өзгеге айтсаңыз;
миыңыз «бұлар керек нәрсе екен, маңызды» деген нейрондық байланыстар қалыптастырады. Біраз уақыттан кейін соның бәрі (қарыз, ойынқұмарлық, ұрыс-керіс т.б.) біртіндеп, өзіңіздің, перзенттеріңіздің, ең жақын адамдарыңыздың өмірінде орын алады. Сол кезде әлгі адамның неге арықтай алмай жүргенін, пәленшенің ұлы неге ойынқұмарлығын қоя алмай жүргенін, түгенше ақшасын не үшін жинай алмайтынын түсінесіз. Басқаша айтқанда, біз не туралы көп сөйлесек, соған ұқсай бастаймыз.
3. Ми энергиясы сарқылады
Адам миы ағзадағы энергияның едәуір бөлігін пайдаланады. Сол энергия:
- маңызды шешім қабылдауға;
- жаңа білім игеруге;
- шығармашылыққа;
- жоспар құруға;
- мақсатқа жетуге жұмсалғаны тиімді.
Ал егер күн сайын:
- біреудің қалай киінгенін;
- кіммен араласатынын;
- отбасы мәселесін;
- жіберген қателігін;
- әлеуметтік желідегі әрекетін талқылай берсек, ми өз ресурсын біздің өмірімізді жақсартуға емес, бөтен адамның өмірін «өңдеуге» жұмсайды.
Бір сәт ойланып көріңізші: өзгелердің өмірі туралы ұзақ әңгімелескеннен кейін сіздің мәселелеріңіздің біреуі шешілді ме? Әлде уақытыңыз бен күшіңіз ғана азайды ма?
Есте болсын, біз өзгелердің өмірін талқылауға қанша уақыт бөлсек, өз өмірімізді дамытуға сонша уақыт жоғалтамыз.
4. Сөздер сенімге, сенім әрекетке айналады
Психологтардың айтуынша, адам жиі қайталайтын сөздер уақыт өте келе оның ішкі сенімдерінің бір бөлігіне айналуы мүмкін. Мысалы, егер адам күн сайын:
- «Қазіргі келіндерде ұят жоқ»;
- «Еркектердің бәрі опасыз»;
- «Адамдарға сенуге болмайды»;
- «Қазір ақша табу мүмкін емес», - деп қайталай берсе, оның миы осы пікірлерді растайтын жағдайларды көбірек байқай бастайды және оларды өміріңізге тартады. Бұл құбылыс психологияда растау бейімділігі деп аталады.
Әрине, бұл өзгенің іс-әрекетін, мінезін, өмірін мүлдем сөз етуге болмайды деген сөз емес. Тек талқылау мен талдаудың, мақсат пен ниетті ажырата білу керек.
| Талдау (анализ) | Талқылау (сын, өсек) | |
| Мақсаты | Мәселені түсіну, шешім табу, тәжірибе алу | Айыптау, кемшілік іздеу, келеке ету |
| Мысал | Психологтың клиентпен жұмысы, ұстаздың кері байланысы, басшының жұмысты бағалауы | Артынан сөз айту, орынсыз пікір білдіру, адамның жеке басына тиісу |
| Нәтижесі | Дамуға, үйренуге, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі | Көңіл күйді төмендетеді, уақыт пен энергияны сарқиды, негативке шоғырландырады |
Қысқа-нұсқа айтсақ, идеялар туралы сөйлессеңіз, ой-өрісіңіз өседі. Білім туралы сөйлессеңіз, интеллектіңіз дамиды. Мақсаттарыңыз туралы сөйлессеңіз, әрекетіңіз өзгереді. Адамдар туралы сөйлессеңіз, уақытыңыз бен ресурсыңыз таусылады.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Өзге біреуді талқылау ойы келгенде немесе сондай әңгімеге тартылғанда, тоқтап, өзіңізге «Бұл әңгіме немесе ой менің өмірімді 1%-ға болса да жақсарта ма?», «Мен қазір энергияны қайда құйып жатырмын: өз өміріме ме, әлде өзгеге ме?» деп сұрақ қойыңыз. Егер жауап «жоқ» болса, әңгіменің бағытын өзгерткен дұрыс.
Иә, біз барлық әңгімені бақылап, өзгелер туралы мүлде сөз қозғамауымыз мүмкін емес. Бірақ әңгіменің мақсатына мән бере аламыз: ол бізді өсіре ме, әлде тек уақыт пен күшімізді сарқи ма?
Есте ұстаңыз: адамның өмірін өзгертетін ең маңызды ресурс – уақыты, назары және ойы. Ал сол ресурстарды қайда бағыттайтынымызды күн сайын өзіміз таңдаймыз.
Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқығыз:


