​Өзіңді өте-өте жақсы көр! Өйткені...

0
331

Энергияны арттыру да, жетістіктерге қадам мен өзгеріс те - өз-өзіңе көңіл, уақыт бөлуден басталады.


​Өзіңді өте-өте жақсы көр! Өйткені...

Фото: ЖИ

Айнаға қарағанда немесе жалғыз қалғанда іштегі бос кеңістік пен түсініксіз мұңды сезесіз бе? Көбіне мұның себебі өзімізді ұмытып, ішкі жан дүниемізбен байланысты үзіп алуымызда. Өмірдегі ең үлкен жетіспеушілік - сырттан издейтін махаббат емес, өзімізге деген көңіл мен уақыттың аздығы. Психологияда бұл өзіміздің «ішкі баламызды» елеусіз қалдырудан туындайды дейді.

Энергияны арттырудың, жетістікке жетудің және шынайы өзгерістің құпиясы өте қарапайым: ол - өзіңді бар болмысыңмен қабылдау, өзіңді жақсы көру. Қалай?

Төмендегі тәжірибелер өзіңізбен қайта қауышуға, өзіңізді тануға, табуға апаратын ең жылдам жол.


1. Бала кездегі суретіңізді табыңыз

Иә, 5-7 жас шамасындағы фотосуретіңізді алыңыз. Бұл қыз немесе ұл:

• өмірдің қиындығын әлі білмейді;

• өзін ешкіммен салыстырмайды;

• өзгелердің пікіріне тәуелді емес;

• бар болғаны өмір сүріп, әр күніңе қуана алады.

Осы балаға сұрақ қойыңыз: «Ол менен бүгін не күтеді?», "Оны не қуантады?". Сосын фотосуретке қарап дауыстап айтыңыз: «Сен ештеңеге кінәлі емессің. Саған болған жағдайлардың бәріне сен жауапты емессің. Енді сен жалғыз емессің. Мен сені қорғаймын. Мен сені ешқашан тастамаймын».

Балалық шақтағы кінә сезімі, қорқыныш пен жалғыздық сезімі біртіндеп әлсірейді. Адам өзінің ішкі тірегін қалыптастыра бастайды. Бұл жаттығу адамға өзіне сырттай емес, мейіріммен қарауға көмектеседі. Өзін сынау азайып, өзін қабылдау күшейеді.


2. Өзіңіздің кішкентай кезіңізге хат жазыңыз

Қағаз алып, сол балаға былай деп жазыңыз: «Қымбаттым, саған рахмет. Сен қанша қиындық көрсең де сынбадың. Армандарыңнан айырылып қалғаның үшін кешір. Саған уақытында жеткілікті жылулық бере алмадым. Бірақ бүгіннен бастап мен сенің жаныңдамын». Бұған өзіңіз қалаған сөздерді қосыңыз. Айына бір рет кішкентай өзіңізге хат жазып тұруды әдетке айналдырыңыз.

Жазу терапиясы іште жылдар бойы жиналған өкініш пен ауыр сезімдерді сыртқа шығаруға мүмкіндік береді.


3. Денедегі жылдар бойы жиналған ауырлықты босатыңыз

Қолыңызды кеудеңізге қойыңыз. Терең дем алыңыз. Баяу дем шығарыңыз. Көзіңізді жұмып, денеңіздегі ауырлық қара түтін сияқты сыртқа шығып жатқанын елестетіңіз.

Өзіңізге айтыңыз: «Қымбаттым, енді сен жалғыз емессің. Сенде мен бармын. Менде сен барсың. Біз бәрін бірге еңсереміз». Бұл жаттығуды аптасына бір рет, моншадан соң жасасаңыз жақсы.


4. Айна алдындағы қабылдау тәжірибесіне де жеттіңіз

Бір апта бойы күн сайын айнаға қарап, өзіңізді құшақтап былай деңіз: «Қандай керемет жансың! Мен сені жақсы көремін. Мен сені мақтан тұтамын. Мен саған берген уәдемді ұмытқан жоқпын. Мен әрқашан сенің жағыңдамын».

Бұндай сөздер өзін-өзі бағалауды күшейтеді. Уақыт өте келе ішкі сыншының даусы бәсеңдеп, өзін қолдайтын ішкі дауыс қалыптаса бастайды.

Бұл тәжірибелерді жай ғана оқып шықпай, жүрекпен сезініп жасап көрсеңіз, уақыт өте келе іштегі аяусыз сыншының үні бәсеңдеп, оның орнына жылы, қолдаушы ішкі дауыс пайда болатынын байқайсыз. Олай болса, бүгіннен бастап өзіңіздің ең сенімді қорғаушыңыз да, ең жақын досыңыз да өзіңіз болыңыз. Сонда ғана өмірдің кез келген қиындығы жеңілдеп, ішкі қуатыңыз қайта таси бастайды. Және көп ұзамай-ақ барлық өзгеріс өзіңізді жақсы көруден басталатынына көз жеткізесіз.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Өз өміріңнің авторы болуға не кедергі?

НЕГЕ өзгенің өмірін талқылауға БОЛМАЙДЫ?