​Психолог: «ҰРЫП ТӘРБИЕЛЕУ – АТА-АНАНЫҢ БАЛА ТІЛІН ТАБА АЛМАҒАНДЫҒЫНЫҢ БЕЛГІСІ»

0
3 723

Сіз де балаңызды ұрасыз ба?


​Психолог: «ҰРЫП ТӘРБИЕЛЕУ – АТА-АНАНЫҢ БАЛА ТІЛІН ТАБА АЛМАҒАНДЫҒЫНЫҢ БЕЛГІСІ»

фото: miro.medium.com

Бала тәрбиесі – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мәселенің бірден-бірі. Ал бала тәрбиесіндегі негізгі мәселелердің бірі – ата-ананың баланы ұрып-соғуы. Осы жөнінде редакциямызға оқырман тарапынан бірқатар сұрақ келген еді.

Ата-аналардың сұрақтарын топтап, Украинадағы психология мектебін бітірген, педагогика ғылымдарының магистрі, отбасылық және балалар психологы Ақгүл Амантайқызына қойдық.



Ақгүл Амантайқызы, бала тәрбиесіне кеңінен әрі тереңнен қалам тербеп, ой қозғап жүрген психологтың бірегейісіз. Ендеше, сұрағымызды «тәрбие деген не?» дегеннен бастасақ. Өйткені көп ата-ана тәрбие мен қамқорлықты шатастырып жүр. Осы екеуін ажыратып түсіндіріп берсеңіз...

- Расында да, тәрбие мен қамқорлықты шатастыратындар бар. Баланың қарны тоқ, киімі жылы, аяқ киімі бүтін болуы – қамқорлық, тәрбие емес. Өкінішке орай көп ата-ана баланы тәрбиелеуде қамқорлық қана жеткілікті деп ойлайды. Бұл қате түсінік.

Бала ата-анасы арқылы әлемдегі, қоғамдағы өз рөлін анықтайды. Олардың әрбір әрекетінің артында, есейген шақтағы қалыптасатын мінез-құлық қасиеттері жатыр. Ал сол қасиеттер оны мықты адам қылып өсіре ме, әлде өшіре ме ол ата-ананың тәрбиесіне байланысты. Демек, тәрбие бұл – мықты тұлға жасап шығару, ата-анасыз өз бетінше өмір сүруге үйрету.



Баланың тәрбиесіне қай жастан бастап аса көңіл бөлу керек?

- Тәрбие жүктілік кезден басталады. Өйткені баланың тәрбиесі ата-ананың ниетімен тығыз байланысты болмақ. Мысалы көп ата-ана мынандай ниетте бала жоспарлайды:

  • Үйленген соң келесі миссия балалы болу;
  • Қартайғанда бізді бағатын адам керек;
  • Мемлекеттік жәрдемақы алу;

Жүктілік осы үш ниетте жоспарланса, іштегі балаға ол бейсаналы түрде әсер етеді. Бұл ниет болашақта баланың денсаулығына, қандай адам болатынына, мінез-құлқына, қаншалықты табысты болатынына, барлығына өз әсерін береді. Сондықтан да дұрыс ниетпен балалы болу өте маңызды!

Ал ең негізгі, маңызды фундамент 3 жасқа дейінгі кезеңде қалыптасады. Ата-ананың баламен осы жасындағы қарым-қатынасы оның болашақта кім болатынын шешеді.



Сонда балалы болудағы дұрыс ниет қандай болу керек?

- Баланың немесе өзіңіздің дүниелік пайдаңызды ойлап емес, қалай тәрбие беріп, қандай адам қылып өсіргіңіз келеді – сол басты ниет болуы тиіс.

Дұрыс ниет деп мыналарды айта аламын:

  • «Алла Тағалам маған өз тарапыңнан игі ұрпақ бер, мен оны өз дініңді берік ұстаушы етіп тәрбиелеймін»;
  • «Ұлым немесе қызым болса екен, мен оны елге пайдасы тиер азамат етіп тәрбиелеуші едім»;
  • «Балам болса екен, одан ешнәрсені талап етпей, тек махаббатыммен бөлісер едім»;
  • Осы тұста айта кетейін, баланы өмірге әкелген сіз, Алладан тілеп алған өзіңіз. Бала сіздің алдыңызда ешнәрсеге міндетті емес.

Баланы қартайғанда бағады деп тәрбиелей алмайсыз, жәй ғана баланы шынайы махаббатпен, травмасыз өсірсеңіз, ол ата-анасын тастап кетпейді. Ал шынайы махаббат – ол тек анда-санда құшақтап сүю, еркелету ғана емес, бала тәрбиесіне өте мұқият болу, үнемі ізденісте болу. Оның дұрыс дамуы үшін уақыт пен энергияны аямау.



«Бала ата-ана алдында ешнәрсеге міндетті емес» дедіңіз. Ал ата-ананың басты міндеті не?

Ата-ананың басты міндеті – бала үшін бәрін жасап беру емес, ересек өмірге, өз бетінше, яғни сізсіз өмір сүруге үйрету. Қолдауыңызды, жылуыңызды сезіндіріңіз, бірақ балам жыламасын, қиналмасын деп баладағы жауапкершілікті ата-ана өз мойнына алуына болмайды.

Ересек өмірге дайындау үшін балаға жауапкершілікті сезіндіру керек. Әйтпесе әбден басқаларға сеніп қалған, өзіне сенімсіз, басқалардан көмек күтіп жүретін адам өседі.

Тағы да қайталап айтамын, балалар бізге тиесілі емес. Олар өмірге біздің қажеттілігіміз үшін келген жоқ. Сондықтан да ата-ананың басты міндеті – біз өмірден өткенде оларға бізсіз өмір сүруді үйрету. Жеке тұлға боп қалыптасуына ықпал жасау, өз жолы бар екенін түсіндіріп, бағыт-бағдар нұсқау.

Десек те, кез келген ата-ана перзентін қатарынан кем қылмау үшін айтқанын алып беруге тырысады, жағдайын жасау үшін көп жұмыс істейді, оқытады, көлік әпереді... Ал негізі ата-ананың баласы үшін істей алатын ең игі амалы қайсы?

Ата-ананың бала үшін ең игі ісі – олардың бір-біріне деген шынайы махаббаты. Нақтырақ айтсам, әкенің өз балалары үшін істей алатын ең игі амалы – олардың анасын жақсы көруі. Ананың баласы үшін істей алатын игі амалы – оның әкесін жақсы көруі.
Әке-шешесінің шынайы махаббатын көрген бала, олардың өзін де жақсы көретініне сенімді болады. Бұл бала үшін ақша, байлық, қымбат ойыншық, әдемі киімнен артық, маңызды. Сондықтан да мен үнемі ата-аналарға «Баланы жақсы көруді жұбайыңыз екеуіңіз бір-біріңізді жақсы көруден бастаңыздар» деп айтып отырамын.

Ата-ананың мейір-махаббаты балаға қолдауды, қауіпсіздікті сезіндіреді. Ал қауіпсіздік пен қолдауды сезінбей өскен бала әлемнен, кез-келген жағдайлардан қорқатын болып өседі. Ал өмірден қорқу – баланың дамуын, есеюін, өз бетінше әрекет етіп жетістікке жетуін тежейді. Өз бетінше шешім қабылдауға да қорқатын болады.


Бала тәрбиелеу типі бойынша ата-ананың қандай түрлері болады?

Ата-ананың тәрбиелеу типі бойынша екі түрі болады: авторитет ата-ана және авторитарлы ата-ана.
Бірінші типтегілер бала тәрбиелеу арқылы ата-ана болудан ләззат алады, өзіне мол сауап жинайды, нәтижесінде мықты тұлға тәрбиелеп шығарады. Ал екінші типтегілер ата-ана болудан шаршап жүреді, аманатқа қиянат жасап, жүйкесі тозып, түбінде балаға да, өзіне де қиындық тудыратын қарым-қатынас құрады.

Өкініштісі, ата-ананың көбісі бала алдында авторитет боламын деп, авторитарлы тәрбиеге қалай өткенін байқамай жатады.



Авторитет ата-ана авторитарлы ата-анаға айналып кетпеуі үшін не істеу керек?

Әрине, ата-ана баланың алдында авторитетін сақтап қалуы керек. Ол үшін:


  • баланы ұрмау;
  • тілдемеу, намысына тимеу;
  • жиі, жөнсіз жазаламау;
  • басқалардың көзінше сөкпеу;
  • өтірік айтпау;
  • уәдеге берік болу;
  • баланың жасына сәйкес келмейтін істі жүктемеу;
  • бала психологиясын білу;
  • баламен сырласу, дос бола білу;
  • қиын сәттерде оны қолдау;
  • жиі құшақтау;
  • бала өтініштерін орындау керек.

Егер осы айтылғандарды керісінше жасар болса, автоматты түрде авторитарлы типке ауысады. Авторитарлы типтегі ата-аналар баласын тыңдату үшін ақылын емес, күшін, намысқа тиетін сөздерді, ұрысу, ұру, бопсалау әдістерін қолданады.

Егер ата-ана авторитет бола алмаса, бала өскенде өзіне басқа авторитет адамды тауып алады. Ата-анасы бола тұра басқа ересек адамның ақылына жүгінеді, басқаның айтқаны көңіліне жағымдырақ болып, басқаны жанына жақын етеді.


Авторитарлы ата-ананың бір белгісі баланы ұрып тәрбиелеу екен. Ал баланы ұрып-соғу ата-ана бойындағы ненің белгісі болуы мүмкін?
- Баланы ұрып-соғып тәрбиелеу – ата-ананың бала тәрбиелеуде басқа әдістерді білмеуі, қолдана алмауының белгісі. Баланы ұрып-соғу – ата-ананың бала тілін таба алмағандығының көрінісі. Балаға қол жұмсау – ата-ананың балаға шектеулер мен тыйымдарды толық жеткізе алмауының, ереже орната алмауының нәтижесі.



Ұрып тәрбиеленген баладан қандай адам өсіп шығады?

Баланы ұрып-соғу – бала үшін өте ауыр жан жарақаты. Баланы ұрып тәрбиелеу:

  1. Өзін-өзі бағалауын төмендетеді;
  2. Ұруды үйретеді;
  3. Өзіне деген, алға қойған мақсатына жете алам ба деген сенімсіздікті тудырады;
  4. Жеке дене шекарасын бұзады. Бұндай бала есейгенде өзінің де, өзгенің де шекарасын ұстануы қиын болады;
  5. Жасқаншақтық, өтірік айту, тұйықтық қалыптасады;
  6. Өзін сыйламау;
  7. Қызықсыз балалық шақ;

Ең сорақысы, бала ұрған кездерді жадында мәңгі сақтап қалады. Ең жаманы, ол әке-шешесін емес, өзін жек көре бастайды. Есейгенде өмірден де таяқ жеймін деген қорқынышпен жүреді.

Бұның бәрі бала жүрегіндегі мейірімділікті өлтіреді. Оның орнына кек алу сезімі билейді. Сөйтіп ондай баладан өзін махаббатқа, жақсы нәрселерге лайық емес тұлға сезінетін, өзіне сенімсіз, кекшіл, мейірімсіз адам өсіп шығады.



Осы уақытқа дейін баласын ұрып тәрбиелеген ата-аналар сіздің сұқбатыңыздан кейін қателігін түсінетін шығар. Оларға қателігін түзеу кеш емес пе?

- Ешқашан ештеңе кеш емес. Бәрін түзеуге болады. Бастысы, сол қателікті қайталамау. Ал баламен қарым-қатынасты қайта қалпына келтіретін психологиялық техникаларды видео ретінде түсіріп, алдағы уақытта парақшамда (@akgul_amantaiqyzy) жариялаймын.


Ақгүл Амантайқызы, ақыл-кеңеске толы әңгімеңізге рақмет.

Сұқбаттасқан: Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:


"ЕШНӘРСЕ ІСТЕГІҢІЗ КЕЛМЕЙ МЕ? Ондай "дерттің" ДӘРІСІ бар

Ең ОҢАЙ медитация