"Сенің ұл туа алмайтын ауруың бар ма?"

0
5 612

«Бесінші қызды туайын деп отырғаныңды маған міндет етіп тұрсың ба? Осы жұрттың әйелі ұлды ұлдай, қызды қыздай сыйлап жатыр күйеуіне. Сенің ұл туа алмайтын ауруың бар ма?!» Мына сөз оқыстан кеп қалған маған да қатты тиді. Менің де үш қызым бар, әлі ұлымыз жоқ. Алла беріп жатса, болар деген шүкіршілікпен келе жатыр емеспіз бе?


"Осы бір әңгімені қозғағым келмейтін. Бірақ жұрт сыртынан сүйсінетін таныс келіншектің үйіне ойда-жоқта барып қалып, бар жағдайына қанықпағанда. Ол менің келетінімді білетін, бірақ орынсыз жағдайдың үстінен түскенімді біліп, кетуге ыңғайлана бергенмін. «Қалшы, менімен бірге шай ішші» көзіндегі жасын сүртіп жалынғандай болды. Абырой болғанда, бала-шағасы каникулға шығып, ауылына кеткен екен. Ата-аналарының мына айғайын естімеді. Мен іштей соған қуанғанмын.

«Бесінші қызды туайын деп отырғаныңды маған міндет етіп тұрсың ба? Осы жұрттың әйелі ұлды ұлдай, қызды қыздай сыйлап жатыр күйеуіне. Сенің ұл туа алмайтын ауруың бар ма?!» Мына сөз оқыстан кеп қалған маған да қатты тиді. Менің де үш қызым бар, әлі ұлымыз жоқ. Алла беріп жатса, болар деген шүкіршілікпен келе жатыр емеспіз бе?

Үйінен ашулана шығып, көлігіне отырып кетіп қалған күйеуінің сыртынан жасты көзімен қарап қалған келіншек менің қолымнан сүйрегендей болып ішке кіргізді. Шйы қайнап, дастарханы жаюлы тұр екен. Ыңғайсыздана басып жайғастым. Ал ол болса, бетін салқын сумен шайып келіп шайын демдеді. Аяғы ауыр, іші дөңгеленіп білініп қалған. Әрдеңені айтқысы келіп әңгіме бастағысы келген. Бірақ жөні түзу ештеңенің басын қайыра алмаған соң бір кезде солқылдап жылап қалды. Байқаймын, іштегі шерін тарқатқысы келіп отыр.

«...Соңғы кезде өмірімнің тозаққа айналып бара жатқанын ойласам, келешегімнен үміт қалмайды. Үйімізде ұрыс-керіс көп. Сол баяғы «ұлдың» жыры қой. Кеше барып УДЗ жасатып келгенмін. Тағы да қыз деді. Соған барғым келмеп еді, күйеуімнің өзі қоймады. «Баршы, мүмкін ұл шығар, ендігісі. Алла бізге ұл сыйламауы мүмкін емес, менен басқа бауырларымның барлығында өңкей ұлдар...» дей берген соң қаладағы ең мақтаулы, қымбат УДЗ-ға бардым. Алты айға жуықтап қалды ғой, бәрін анықтап береді екен. Қазір оның да неше түрі шыққан емес пе?

Өзіме салса, бәрібір. Әрине, ұл болғанын қалаймын-ақ. Бірақ Алла кімді бұйыртса, сол болатыны анық. Тек дені сау, он екі мүшесі түгел болса деп тілеймін. Енем де баласына соны айтады. Бірінші қызымыз туылғанда-ақ менің көңілімді қалдырғаны бар еді. «Өй, мен ұл болады деп жүрсем, қыз ба?» дегенде ренжіп қалғанмын. Сөйтсем, оным жай екен ғой. Одан кейін артынша екінші қызымыз, одан үшіншіміз келді өмірге. Перзентханадан шыққан сайын көңілі пәсейіп қалатынынан қорқатын едім. Төртінші қызымды босанғанда мені шығарып алуға бармай да қойды. Енем мен атам келіп алып кетті. Үйге келсек, ішіп алыпты. «Маған ұл керек еді, ұл!» дегенде атам ұрып жібере жаздады. «Балаға тойынған екенсің. Құдайдың құдіретіне қарсы шығарлықтай кім едің?» деген соң барып қана басылды. Сонда да қыздарына анау айтқандай мейірімі жоқтығын байқаймын.

Ал қыздарым ғой, әкесі десе өліп тұрады. Сол кішкентайымыз әкесі келіп көрпесін жауып кетпесе ұйықтамайды бүгінде. Өзі де жақсы көреді.

Сол кешегі УДЗ-нің талдауын бүгін таңертеңгі шайда көңілді болып отырған соң жаймен айтқанмын. Түнімен айтайын ба, айтпайын ба деп ойланып шыққам. Өзі де азаннан бастап сұрап қоймады. «Ертең тағы көңілі күпті болғанша, осы бастан құлағы үйрене берсін. Ендігі, ақыл тоқтатар жасқа жетті. Қазір иманға бет бұрып, уағыз тыңдап жүр ғой. Басылған болар...» деп ойлағанмын. «Қыз деді... Мүмкін, әлі кшкентай ғой, қателескен де болар. Бірақ дәрігер солай деп отыр...» дегенді әзер айттым. Бекер айттым ба, басы салбырап отырды да қалды. Тап бір біреу өлгендей. «Қойшы, неге уайымдай бересің? Берер бізге де! Әлі жаспыз, денсаулығым жарап тұрса, саған ұл туып бергенше тоқтамаймын» деп жұбатып жатқанмын. Қолымды қағып тастады да: «Тек қыз туа беретініңе қарағанда денсаулығыңда кінәрат бар. Мен тексерілгенде маған бәрі жақсы деген. Мәселе сенде, демек...», - ашуланып орнынан тұрып кетті. Сол күйі үндемей қоя салуым керек пе еді? «Денсаулығым болмаса бала көтере алмас едім ғой. Екеумізді тексерген дәрігер бір емес пе, алдайды дейсің бе?» деп келе жатыр едім, мүлде ашуланып кетті.


Менің де қайбір жүйкем қалды дейсің?! Осы құрсақты көтергелі ішіп қылпылдап, «тағы қыз болар ма екен» деген ой-ақ әбден мүжіген. Оның үстіне бұрынғы қыздарымды босанған сәттегі күйеуімнің қылықтары есіме түсіп, жаным ауырып жүр еді. Шыдамадым. «Жұрт перзентінің сау болуы тілеп жүрген мына заманда неге күпірлік ете бересің? Одан да құдайдан амандығымызды сұрасайшы. Әлі рахатты осы қыздан көрерсің», - дегенім сол еді. «Маған ұл туатын әйел керек!» деп қойып қалды. Мұнысы «мен басқа әйел аламын» дегені анық еді.

Сол ұрыс-керістің үстінен түстің ғой. Білмеймін, әрі қарай не болатынын... Ата-енеме айтайын десем, олар да қайбір жетісіп отыр?! Қой дегенге қоя салатын балалары болса қанекей?!

Неге құдайдың құдіретіне сенбейтіндігін, перзенттің ұл немесе қыз болуы әйелдің де, еркектің де қалауынан емес, тек Алланың дегенімен болатынын түсінбейтіндігіне таңмын. Жеті қызы бар көршіміз бар, олардың қыңқ етіп ұрысқанын естімеппін осы күнге дейін. Алды бойжетіп отыр. Әке-шешесінің қолын ұзартқалы қашан?! Екінші қызы ғой, әкесімен бірге көлік айдайды. Қашан көрсең қыздарын еркелетіп жүрген бір жақсы кісі. Ал біздікі ғой, менің құлақ етімді жегеннен басқа ештеңе жоқ. Тіпті, қыздарының болашағы туралы әңгіме қозғамайтынына таңмын. Жұрттың әкесі «менің қызым анау болады, өскенде мынадай болады» деп жатпаушы ма еді?! Менің күйеуімде ол да жоқ. Үйде болса теледидар, ұйқы. Қолы босаса, көлігіне мініп жолдастарымен қыдырып кетеді. Түсінбеймін...»

Көзіне жас алып отырып әңгімесін әзер айтқан келіншекке шын жаным ашыды. Өямірде осындай да әкелер бар екеніне сенгім келген жоқ. Бар білгенімді айтып жұбатып, Алладан оған сабыр беруін тілеп көңілсіз қайттым үйге. Жол бойына өз жайымды ойлап келдім. «Қазір үш қызымыз бар, ертең өмірге тағы да қыз әкелсем, менің күйеуім сола ете ме? Перзентіңнің ұл да, қыз да болғаны жақсы ғой. Бірақ Алланың қалай бұйырарын білмейсің ғой. Тағдырға не жазғаны беймәлім, ол тек өзіне ғана аян. Ол да бір кездері «ұл тумадың» десе қайтпекпін?!»

Осындай ойлар мазалай берді кешке дейін. Біздің де балалар он күндік демалыс орнына кеткен, үйде екеуміз-ақ едік. Кешкі асымызды ішіп болған соң күйеуіме ойымдағыны айттым. «Егер мен тағы да қыз тусам, «ұл болмады» деп маған ренжіп немесе басқа әйел аламын деп кетіп қалмайсың ба?» дедім әзіл араластыра. Ол алдымен маған ежірейе қарады да, содан кейін күлімсіреп отырғанымды көріп: «Не болды, тыныштық па?», - деді менің оқыстан мұндай әңгімені қозғамайтынымды біліп.

Сол күнгі көргенімді, естігенімді айтып бердім. «Ақымақтық қой» деді ол қысқа қайырып. «Сол баланы құрсаққа салып берген өзі шығар?! Әйел – жер, еркек – егінші. Не ексе, соны орады. Одан да Аладан тілемей ме? Сен де қайдағыны айтпашы, маған десе неге он қызымыз болмайды? Алла кімді берсе, соны өсіріп, бағып-қағамыз. Екіншілей ондай ойға берілме!» деп кесіп айтты. Жаным жайына түскендей болды.

Алла берерінен танбасын, расында бүгінде баланың жынысынан бұрын оның ден сау туылуы маңызды болып тұрған жоқ па? Адамдар, әлгі сияқты еркектер айналаға қарап біршама шүкіршілік етсе болады ғой. Қаншама ата-ана баласының денсаулығы үшін барын беруге даяр. Ал енді біреулер бір перзент үшін не тірлікке бармай отыр?! Мүлде перзентсіз өткен жандар да бар. Солардың қасында «бесіншім де қыз болды» деудің үлкен қателік, күпірлік екенін қалай түсінбейді?

Анасының да, алған жарының біреудің қызы екендігін, содан өмірге келіп, сол арқылы ұрпақ таратып жатқанын түсінбеген еркектерге не дерсің?"...

"Алтын босаға KZ" журналынан

Суреттер ашық дереккөзден