Той туралы психологияны өзгерту керек!
Фото: pexels.com
Қазақта той көп. Бірақ сол үш сағаттық қуаныш үшін үш жылға несие арқалайтындар да аз емес. Ал ол кеше ғана шаттыққа бөленген отбасы үшін тойдан кейінгі үлкен жырға айналады. Бір сәт ойланып көрейікші, қуанышты бөлісу үшін міндетті түрде қарызға бату шарт па?
Шын мәнінде, сәнді әрі есте қаларлықтай той өткізу үшін миллиондарды шашудың қажеті жоқ. Ең бастысы – ниет, идея және дұрыс ұйымдастыру. Қалай?
Тойдың сәні ақшада емес, талғамда!
Тойдың өзінің сән-салтанаты бар. Қазіргі қазақ тойларының сәнін айқындайтын негізгі бағыттарды былайша атауға болады.
- Дәстүрлер: Той – қазақ халқы үшін тек мереке емес, ұлттық құндылықтардың көрінісі. Сондықтан да қазақ тойының сәні – бата беру, шапан жабу, домбыра немесе қобыз әуені. Бұл сән элементтері артық шығынды қажет етпейді.
- Музыка, би: Қонақтардың күтіп алу, би кезінде қойылатын музыка дұрыс таңдалуы керек. Бұл қымбат шоуларсыз-ақ тойды ұмытылмас етеді.
- Декорация: Сәнді тойдың құпиясы – жылы атмосферада. Қолдан жасалған декорлар (шарлар, ленталар, гүлдер) тойды әсем етеді. Шын мәнінде, қарапайымдылық пен үйлесім қымбат декорациядан да әсерлі.
- Фотозона: Соңғы кезде тойханалардың кіреберісіне баннер ілу сәнге айналды. Жасанды гүлдер, шамдар, арка, neon жазулармен безендіріледі. Әрине қонақтар тойға келген соң сол күннен естелік ретінде суретке түсуді қалайды. Бірақ баннердің орнына отбасылық суреттерді рамкаларға салып қою, жіпке қатар-қатар іліп қою әлдеқайда сәнді әрі қалтаға салмақ салмайды. Ол суреттерді түрлі түсті принтерден шығарып алуға болады.
- Эмоция: Тойдың сәні – адамдардың қуанышында, шынайы күлкісінде. Тойдағы ең есте қалар сәт те – жас жұбайлардың, ата-ананың, достар мен қонақтардың эмоциясымен байланысты. Ал тойдың эмоциясына әсер ететін, қонақтарды баурайтын – асаба және көңіл-күйді көтеретін музыка.
- Киім стилі: Жас жұбайлар, той иелері, сол әулеттің келіндері, абысындары, балалары бір стильде немесе бір түсте киінсе, сәнді әрі ерекше көрінеді.
Шығынды азайтудың 6 ережесі
1. Жоспар құру: Көптеген отбасы артық шығынды жоспарсыздықтан жасайды. Сондықтан тойдың әр қадамын алдын ала ойластырып, жұмсалатын ақшаның әрбірін тәптіштеп жазып шығу қажет. Соған қарай бюджет шегін белгілеп, артық шығындарды қысқартыңыз. Нақты соманы анықтаңыз және оны неге жұмсау керектігін жоспарлаңыз. Әр шығынға лимит қойыңыз. Бұл – ең басты ереже және күтпеген шығындардан сақтайды.
2. Қонақтар тізімін қысқарту: Үлкен той – үлкен шығын. Әрбір қонақ – бұл қосымша шығын (тамақ, сусын, орын, тойбастар т.б.). “Ол шақырса, біз де шақыруымыз керек” деген ой қонақты қосымша 20-30 адамға көбейтеді, олардың көпшілігін сіз жақсы танымайсыз. Тойға құдаңыздың құдасын, досыңыздың достарын, абысынның бүкіл аға-әпкелерін шақыруды доғару керек. Ең жақын туыстар мен достар жеткілікті.
3. Ас мәзірін дұрыс таңдау: Дастарханға қойылған төрт түрлі салаттың екі-үшеуі ғана желінеді. Сосын екінші тамақты қонақтың 70-80 пайызы ішпейді, ал 20 пайызы 1-2 қасық ауыз тиеді. Неге? Себебі той соңында бәрі тоқ, көбі бұл уақытта сыртқа шығады, біраз қонақ қайтып кетеді. Сондықтан екінші тамақты қысқартыңыз.
4. Той күнін ақылмен белгілеу: Той маусымы деген бар. Ол уақытта тойханаларға сұраныс көп болғандықтан оларда қызмет көрсету бағасы, асабалар мен операторлардың, бишілердің қызметақысы қымбат болады. Дастарханға қойылған салаттар мен еттер бұзылуы мүмкін. Осыларды ескеріп, тойды күздің әдемі салқын күндерінде немесе қыста өткізсеңіз, бәсекелестік төмен және қызметтердің бағасы арзанырақ болады.
5. Кәсіпқойды емес, талантты табу: Атышулы жұлдыздарға миллиондар төлеудің қажеті жоқ. Қонақтардың көңілін көтеретін талантты жергілікті өнерпаздарды шақырсаңыз да, тойдың сәні кемімейді. Фотограф ретінде талантты студентті тартыңыз. Олардың жұмысы арзан болады және олар барын салып жұмыс істейді. Тойды қымбат шоуға емес, шынайы қуанышқа айналдырсаңыз – ең үлкен үнем сол болады. Өйткені адамдар әшекейге емес, көңілге, ықыласқа риза болып қайтады.
6. Киімді жалға алу: Үш-төрт сағаттық тойға 100-400 мың теңгелік көйлек алудың қажеті жоқ. Қымбат көйлектің орнына жалға әдемі көйлек алыңыз. Қазақ ұлттық киімдерін пайдалану – стильді әрі арзан. Тіпті үйлену тойында жігіт те костюмді сатып алудың орнына жалға алуға болады.
Аружан Қошқарбаева, тігінші-дизайнер:
– Той – әр отбасының өміріндегі ең қуанышты әрі тағылымды күн. Әркім сол ерекше сәтті сәнді де есте қаларлықтай өткізгісі келеді. Ал тойдың басты көркі – той иелерінің, той болып жатқан отбасының киімі.
Той күні жақындаған сайын ойландыратын ең үлкен сұрақтардың бірі де – «Не киеміз?» болады. Өкінішке қарай, көп жағдайда арнайы сатып алынған қымбат көйлек пен костюм бір-ақ рет киіліп, кейін шкаф түбінде қалады. Бұл артық шығынға алып келетіні анық.
Осындайда ең тиімді шешімнің бірі – ұлттық нақыштағы киімдерді жалға алу. Қазір заманауи үлгіде тігілген, ұлттық нақышпен әрленген сәнді киімдердің түр-түрі бар. Бағасы да қолжетімді. Мысалы, менің “Etno Turan” (инстаграм парақша @etno_turan) ұлттық киімдер дүкенімде түрлі жағдайға арналған сәнді киімдер ұсынылады: отбасылық образдар, қыздарға, ұлдарға арналған киімдер, абысындарға арналған үйлесімді киімдер, тіпті бір үйдің бірнеше келініне арналған жинақталған үлгілер де бар. Киімдерді бір күнге жалға алу 10-15 мың теңгеден басталады.
Мұндай жалға беру қызметі бірнеше артықшылық береді: Артық шығыннан құтқарады, уақытты үнемдейді (барлық отбасы мүшесіне бір жерден киім табуға болады), түрлі өлшем мен стильдегі сәнді үлгілерді таңдауға мүмкіндік береді.
Этно стильдегі киімді жалға алу – бұл тек үнемділік қана емес, сонымен бірге тойды сәнді өткізуге, ұлттық дәстүрді дәріптеуге және бірегей образ қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Психологиялық кеңес
Той өткізерде біз көбінесе «қалай көрінеді?» деген сұраққа жауап іздейміз. Оның орнына өзіңізге «Бұл тойдан кейін қонақтар нені еске алғанын қалаймын?» деген сұрақты қойыңыз. Әрине жауабы: «қымбат ресторан мен әншілермен суретке түскенін емес, жылы атмосфераны, әдемі көңіл-күйді».
Иә, тойдың тамаша өтуі – дастарқанның молдығында да, көйлектің бағасы мен әдемі декорацияда да емес. Ол – адамдардың эмоциясында. Той иелерінің көңілді жүргені, келген қонақтарға шынайы ықылас білдіргені есте қалады, қалғандары ұмытылады.
Әрине той өткізерде туыс пен достар көп идеялар айтады. Бірақ олардың әрқайсысына иә деуге міндетті емессіз. Мінсіздік тұғырынан түсіңіз. Барлығы мінсіз болуы мүмкін емес. Психологиялық тұрғыдан ең үлкен қателік те – «бәріне ұнайтын той жасау» талпынысы. Шындығында, сіз бәріне бірдей ұнай алмайсыз. Артық шығынды өзгелердің пікірі үшін емес, өз бақытыңыз үшін жасаңыз. Сонымен қатар той - сынақ емес, мереке екенін есте ұстайық.
Мынандай қателіктерден қаш!
- Бәсекелестікке түсу: Ағайын-туыс пен көршілердің тойына қарап, “мен неге олардан қалуым керек?” деп қымбат шоу немесе 300-500 қонақ шақыру – үлкен қате. “Барлығы біреулерде болғандай болуы керек” деген де қателік. Сіздің тойыңыз сізге, шамаңызға лайықты болуы керек.
- Барлығын жаңадан сатып алу: Той күні ғана қолданылатын ыдыстарды, үстелдер мен алыстан келген қонақтар үйге қонса астына төсеймін деп көрпешелер т.б. зат-бұйымдарды сатып алу - қате. Егер ол заттар кейін пайдаланылмайтын болса, жалға алыңыз, көрші-қолаңнан, ағайыннан бір күнге сұраңыз.
- Қажетсіз мамандар: Фотограф пен бірнеше видеооператор жалдаудан гөрі тек бір кәсіби маманға тапсырыс берген жеткілікті. Жеке мобилограф та жалдау - қате, оның орнына достарыңыздың көмегіне жүгініңіз.
- Трендтерге еру: Әр маусым сайын тойға қатысты жаңа трендтер пайда болады. Мысалы: дрон, фейерверк, түтін мен отшашу ортасында жас жұбайдың вальс билеуі т.б. Қазақ дәстүріне сүйене отырып, трендтерді бір-екеуін ғана таңдау жетеді.
Қымбатты оқырман!
Тойды қымбат етіп емес, есте қаларлықтай ерекше әрі шынайы етіп өткізуді трендке айналдыруымыз қажет. Сонда той үшін несие алуды азайтып, қаншама отбасының уайымын кемітеміз. Олай болса, мақтангерлікпен емес ақылмен жоспарлап өткізілген той – ең сәнді той екенін насихаттайық.
Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
Өз миссияңды табудың ОҢАЙ 5 жолы
Миссия – өмірдің компасындай...Неліктен "Шүкіршілік дәптерін" бастау керек?