Коучтардың "Трансформация" деген курстарына қызығып жүрсіз бе? Өз бетіңізше трансформациядан өте аласыз.
Фото: avatars.mds.yandex.net
Адамның трансформациялануы – оның өміріндегі, санасы мен ойлау жүйесіндегі, әдеттері мен өмір салтындағы түбегейлі өзгерістер процесі. Бұл өзгеріс физикалық, психологиялық, эмоционалдық, рухани немесе кәсіби салаларда орын алып, дамуға, жетілуге бағытталады.
Бір сөзбен айтқанда, трансформация – адамның қазіргі өз нұсқасынан жақсырақ, жетілген, құндырақ түрге айналуы. Мысалы, жүзім шарапқа, бидай ұнға айналып өзгереді. Енді салыстырып көрейік: 1 кг бидайдың бағасы қанша? Ал 1 кг ұн ше? Жүзім қымбат па, әлде шарап па? Әрине, шараптың құны жоғары! Себебі ол өңделіп, сапасы жақсарған, құндылығы артқан өнім. Сол секілді адамның да білімді, ұстамды, сымбатты, қуатты, рухани жетілген тұлғаға айналуы – оның трансформациясының көрінісі.
Бұдан да нақтырақ айтсақ, трансформация – бұл даму, өсу және жақсы өмір сүруге апаратын жол.
Трансформацияға не әсер етеді?
1. Қиындықтар мен сынақтар
Адамның трансформациялануына көбінесе оның өміріндегі қиындықтар, дағдарыстар, аурулар, қаржылық мәселелер және басқа да сынақтар себеп болады. Бұл процесті түсінікті ету үшін табиғаттағы өзгерістерге назар аударайық:
- Жүзім шарапқа айналу үшін сығылады.
- Өсімдік майын алу үшін күнбағыс, мақта, зәйтүн дәндері сығылады.
- Табиғи алмаздар миллиондаған жылдар бойы жер астында жатып, жоғары қысым мен температураның әсерінен түзіледі.
- Кез келген дән қараңғы топырақ астында белгілі бір температураның әсерінен өніп, жасыл өсімдікке айналады.
Бұл процестерде негізгі факторлар – мыжу, қысым, сығу. Сол сияқты, адам да осындай процестерден - қиындықтардан өту, еңсеру арқылы трансформацияланады. Бұл оның көзқарасын, ойлау жүйесін, өмір салтын, тіпті күн тәртібі мен әдеттерін өзгертеді.
2. Шетелге саяхаттау немесе басқа елде тұру
Шетелге шығу, басқа елде оқу немесе жұмыс істеу – адамды трансформациялайды.
Біріншіден, ешкімді танымайтын, тілі басқа елде жүргенде біршама қиындықтарды жеңуге тура келеді. Бейтаныс ортада өз бетіңізше шешім қабылдау өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырады.
Көкжиегіңіз кеңейеді, өмірге деген көзқарасыңыз өзгереді.
Егер жылдам трансформацияны қаласаңыз, басқа елде бірнеше ай тұрып келіңіз.
3. Орта мен жұмысты өзгерту
Орта ауыстыру – адамның ішкі және сыртқы өзгерістеріне ықпал етеді. Өзіңізді жаңа қырынан танып, ескі әдеттерден арылуға септігін тигізеді.
Жаңа ортаға бейімделу барысында өзіңізге деген сенім күшейеді. Орта өзгерген сайын жаңа әлеуметтік байланыстар қалыптасады, ал бұл адамның дамуына үлкен әсер етеді.
4. Өмірдің жаңа кезеңіне өту
Адам өміріндегі балалық шақ, жасөспірімдік, ересектік кезең, студент атану, отбасы құру, ата-ана атану, құда-құдағи статусына ие болу сияқты кезеңдердің бірінен екіншісіне өткенде автоматты түрде трансформация болады. Өйткені әр кезеңнің өз қиындықтары, мәселелері болады. Соларды шешу, бастан өткеру арқылы адамның ой-өресі трансформацияланады.
Сол сияқты жаңа мамандық игеру, тіл үйрену, кәсіп ашу, басқа қызметке ауысу, өмірді жаңа парақтан бастау секілді бастамалардың жақсы нәтижесіне жету де адамды трансформациядан өткізеді.
Олай болса, өзгеруге қадам жасаудан, өзгерістен, қиындықтардан қорықпаңыз. Керісінше, оларды өзіңізді жаңа деңгейге көтеретін мүмкіндік деп қабылдаңыз. Себебі трансформацияға жетелейтін сынақтар мен өзгерістер алға жылжуға қамшы, келесі деңгейге кқтерілуге баспалдақ.
Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз: