Оларды жеңгенде табыс та, бақыт пен жетістік өзі келеді.
Фото: 24.kg
Қазақта "Жауды алыстан іздеме" деген сөз бар. Бұны әркім әрқалай түсінер. Ал психологтар әр адамның жауы – өзінің бойындағы жағымсыз қасиеттері мен әдеттері деп түсіндіреді. Иә, жау басқа жақта емес, өз бойымызда. Шәкәрім атамыз да жау өзімізде екенін меңзеп, "...Өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс өлгенше" деген.
Жалпы адамды көрге де, өрге сүйрейтін - өзі. Ал артқа тартатын, жетістікке жетуіне кедергі болатын ең үлкен жеті жауы мыналар.
1. Кейінге қалдыру әдеті
Кешіктіру (прокрастинация) немесе жұмысты созып жүру – бұл адамның жетістікке жету жолындағы ең үлкен жауы. Істі бастауға асықпай жүргенде қаншама уақыттың босқа өткенін аңғармай қалады. Бұның астарында сылбырлық, жалқаулық, жауапкершіліктен қашу жатыр.
Бүгін бітетін істі кейінге ысыра беру адамды күнделікті жұмысқа деген қызығушылығын жоғалтуға, өзіне деген сенімнің азаюына әкеледі. Дер кезінде шешім қабылдамау әдетіне ұласады. Бұның бәрі адамның дамуын тежейді.
Қарапайым мысал: Емтиханға дайындалуды кейінге қалдырған студент төмен баға алады. Дәл сол сияқты кез келген істі кейінге қалдыра берген адамның ммтериалдық жағдайы да, энергиясы мен эмоциялық жай-күйі де төмен дәрежеде болады.
2. Күмәншілдік
Күмән кейде пайдалы болуы мүмкін, бірақ оны шектен тыс қолдану өмір сапасын нашарлатады, жігерсіз етеді.
Күмәншіл адам өзгелерге ғана емес, өзіне де сенімсіздікпен қарайды, қабілеттеріне сенбейді. Сонымен қатар адамдар мен олардың ниеттеріне үнемі күмәндану сенімсіздік тудырып, достық пен отбасы қарым-қатынастарын бұзады.
Күмәншіл адамның жаңа зат сатып алуы қиын, тым көп ойланады. Тым көп ойлау мен күмәндану маңызды шешімдерді қабылдауды баяулатады, мүмкіндіктерді жіберіп алуға апарады. Ең жаманы, бұл мінез әрекетсіздікке жетелейді және күмәншіл адамдар жиі уайымға салынады.
Мысал: Басқа жұмысқа орналасудан күмәнданып, әрекет етпеген адам 40 жыл бір жерде жұмыс істейді.
3. Өзін-өзі төмен бағалау
Өзін-өзі бағаламау, сенімсіздік – адамның ең басты жауларының бірі. Өз күшіне сенбеген адам ешқашан толыққанды даму мен жетістікке жетпейді. Егер сіз өзіңізді әлсіз немесе жеткіліксіз деп санасаңыз, онда әрбір қадамды қорқып, жүрексініп жасайсыз. Бұл күйде сіздің болашағыңыз ешқашан айқын болмайды, тек шағын мақсаттарға ғана жетуге тырысуыңыз мүмкін.
4. Қорқыныш
Қорқыныш – көптеген адамдардың жетістіктеріне кедергі келтіретін тағы бір жау. Ол кез келген өзгеріске, жаңа нәрсеге бастама жасауға деген қорқыныш түрінде болуы мүмкін. Жаңа мүмкіндіктерден немесе қиындықтардан қорқу адамды тұсап тастайды. Тәуекелге баруға бөгет болады. Ал табыс, жетістік, байлық тәуекелшіл адамдарды ұнатады.
5. Өтірік айту
Өтірік айту немесе өзіңе жалған үміт беру – бұл ішкі тәртіпсіздікке жол ашады. Өзіңді алдау, шындықты қабылдамау - тек қиындықтар туғызады. Егер адам шындықты қабылдамаса, оның өмірінде нақты өзгерістер болмайды. Тек шынайы өзіңе сеніп, жағдайды дұрыс бағалап, оны қабылдай білу ғана алға жылжуға мүмкіндік береді.
Дәл солай өзгелерге өтірік айту да - ең бірінші өзіңді алдаумен тең. Екіншіден, бұл кәсіпте, жұмыста да сый-құрметтен, сенімнен айырады, қарым-қатынасты бұзады.
6. Тәртіпсіздік
Өмірінде тәртіп жоқ адамда жоспар да болмайды. Жоспарсыз адамда нақты мақсаттың болуы екіталай. Ал адам өз өмірінің мақсатын, бағытын анықтамаса, әрекеттері нәтижесіз болады. Мақсат қоймаған адам жылдар бойы бір орында тұрып, басқа адамдардың жетістіктеріне қызығып, өз өміріне өкініп жүруі мүмкін. Иә, бұл өмірде орындалмаған армандар мен өкінішке әкеледі.
Сондай-ақ тәртіптің, жүйеліліктің жоқтығынан уақытты тиімді пайдалану мүмкін емес. Ал жүйесіз әрекет ету адамды агрессивті және бақытсыз етеді.
7. Өкпешілдік
Өкпешіл адам сынды ауыр қабылдайды, сол себепті қателіктерінен сабақ алмайды. Өзгелердің пікірі мен әрекеттеріне тым көп мән беріп, уақытын босқа жоғалтады.
Ұсақ-түйекке ренжіп, ұзақ уақыт өкпе сақтау достық пен іскерлік қарым-қатынастарды бұзатыны белгілі. Бұндай адам командалық жұмыста да қиындық туғызады. Ол үнемі тоңтеріс боп жүреді де, айналасындағылардың ынтасын азайтады. Одан бөлек, реніш адамның энергиясын сорып, шығармашылық пен еңбекқорлыққа кері әсер ететіні бар.
Өкпешілдіктің ең басты зияны - кешірмеу, ренішті жинай беру. Ал іште жинақталған реніш адамды бақытсыз етіп, психологиялық және физикалық ауруларға (депрессия, стресс) шалдықтырады.
Сізді артқа тартып, жетістік жолында кедергі боп жүрген - осылар. Дегенмен есте ұстаңыз, әрбір кедергі – бұл өсу мен даму мүмкіндігі.
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз: