Жан жарақатын жеңілдетуге, емдеуге, жеңуге көмектесетін бірнеше тиімді терапия тәсілдері
Көрнекілік сурет: i.sunhome.ru
Балалық шақ – өмірдің іргетасы екенін бәрі біледі. Ал бұл кезеңде алынған жан жарасы адамды өмір бойы іштей мазалайтынын көп біле ме?
Бала кездегі жан жарасы келешекте адамның өзін-өзі бағалауына, қарым-қатынастарына және психологиялық денсаулығына кері әсер етеді екен. Сондықтан да психологтар мұндай жараларды емдеу өте маңызды дейді. Ол үшін маманның көмегіне жүгінуге немесе өзіңізге қолжетімді терапия әдістерін қолдануға болады.
Біз жан жарақатын жеңілдетуге, емдеуге, жеңуге көмектесетін бірнеше тиімді терапия тәсілдерін ұсынамыз. Өзіңізге ұнағанын немесе барлық терапияны қолдануға болады. Алдымен бала кездегі жан жарақаты туралы түсінік берейік.
Жан жарақаттары – бұл баланың психикасына терең әсер етіп, болашақта эмоционалдық және мінез-құлықтық мәселелер туғызуы мүмкін оқиғалар. Олар физикалық, эмоционалдық немесе психологиялық сипатта болуы мүмкін.
1. Эмоционалдық жарақаттар
- Қорлау: Баланы кемсіту, оны үнемі сынға алу, өзгемен салыстыра беру. Мысалы: "Қолыңнан ештеңе келмейді", "Ертең пәленше сияқты жүресің ешнәрсеге жарымай", "Әкеңнің түрі анау, одан асып сен қайда барасың" деген сөздерді жиі есту.
- Қабылдамау немесе назардың жетіспеуі: Баланы елемеу, оның сезімдерін түсінбеу, жетістіктерін мақтамау, ол қайғырып немесе қорқып тұрған кезде ата-анасының назар аудармауы. Баланы үйде көп жалғыз қалдыру немесе оны қараудан бас тарту.
2. Физикалық жарақаттар
- Денеге зақым келтіру: Ашуланған сайын баланы ұру, шапалақтау, басқа физикалық жазалар қолдану.
- Қауіпсіздіктің болмауы: Баланың физикалық қажеттіліктерінің орындалмауы (тамақ, баспана, киім). Мысалы: Баланың бірнеше күн аш жүруі, үнемі қарнының тоймауы немесе суықта жұқа киіммен жүріп жиі ауыруы.
3. Жыныстық зорлық-зомбылық
- Жыныстық әрекеттер жасау немесе баланың көзінше жалаңаш жүру, әлдекімнің баланың ұятты жеріне қол тигізуі, балаға тиісті емес әңгімелер айту.
4. Отбасындағы бітпейтін керіс
- Ата-анасының немесе туыстарының бір-біріне күш көрсетуін көруі. Мысалы: Әкесі ішіп келіп үйін тас-топалаң қылуы, анасын ұруы, әжесі мен анасының үнемі ұрысы, атасының айқайлауы, шешесінің күйзелістен ыдыстарды сындыруы т.б.
5. Ауыр оқиғалар
- Жақын адамын жоғалту: Ата-анасының қайтыс болуын басынан өткізу.
- Апат немесе табиғи апат: Жер сілкінісі, өрт, автокөлік апатын көру.
- Куә болу: Біреудің өлімін, жан-жануарды аяусыз өлтіргенді көру.
6. Мектептегі немесе қатарластар арасындағы кемсіту
- Буллинг: Басқа балалардың оны қорлап, "Сен кедейсің", "Сен ақымақсың", "Сенің әкең маскүнем", "Жетім" т.б. деген сөздерді жиі естуі. Баланы сыныптастарының шеттетуі, достарының болмауы.
7. Ата-ананың қатал талаптары
- Баладан әрдайым жоғары нәтижелер күту, тым қатаң тәртіп және қателіктер үшін жазалау.
- Баланы үлкендердің міндеттеріне итермелеу. Көбіне үйдің тұңғышы немесе ата-анасының бірінен ерте айырылған бала үй шаруасын толық өз мойнына алып, бауырларын қарауға мәжбүр болады.
Міне, осы және осыған ұқсас жағдайлар жанды жарақаттайды. Әрине ересек өмірде де мұндай оқиғалар орын алуы мүмкін, бірақ үлкен адам жағдайды саралайды, түсінеді, қабылдай алады, кешіреді. Сондықтан есейгенде жан жарақаты терең із салмайды. Сондай-ақ ересек адамға бала кездегі жан жарасын емдеу де оңайырақ. Қалай емдеу керек?
1-терапия: Түсіну
1) Себебін анықтаңыз. Балалық шақтағы ауыртпалықтардың қайдан шыққанын анықтауға тырысыңыз. Мысалы, ата-ананың қатал болуы, буллинг немесе назардың жетіспеуі т.б. Естеліктеріңізді жазыңыз. Бұл ішкі сезімдеріңізді жүйелеуге көмектеседі.
2) Эмоцияларды тану керек. Жарақатыңызбен байланысты оқиғаларды сыни көзқараспен қарап, сол сәтте қандай сезімде болғаныңызды еске түсіріңіз. Сосын сізді мазалайтын эмоцияларды (ашу, өкініш, реніш, кек, қызғаныш) түсініңіз.
Бала кезде адам көп нәрсені түсінбейді. Ал қазір сіз ересексіз, бұрынғы жағдайға басқаша көзбен қарайтыныңыз анық. Бұл жан жарасын жеңілдетеді.
2-терапия: Эмоцияларды босату
1) Эмоция күнделігін" жүргізіп, өзіңізді қандай оқиғалар мазалайтынын жазып, іздеңіз. Бала кездегі жан жарасы еске түскенде қандай эмоцияға берілесіз? Сол эмоцияларды (мысалы: ашу, реніш, қайғы, мұң т.б.) өзіңізден босатыңыз. Бұл орайда сурет салу, күнделік жазу немесе спортпен шұғылдану, айқайлау немесе жақын адамыңа айту арқылы эмоцияларды шығаруға болады. Егер жылағыңыз келсе – жылаңыз, бұл ішкі шиеленісті азайтуға көмектеседі.
2) Қорытылған астың сыртқа шығуы оңай. Сол сияқты эмоцияны да "қорыту" керек. Балалық шақта үлкендерден қорыққаннан жанға жара салған оқиға кезінде эмоцияңызды іштен түгел шығара алмаған шығарсыз. Сол эмоцияны тағы бір сезініп, бойдан өткізіңіз.
3-терапия: Ішкі баламен жұмыс
1) Ішкі бала – бұл сіздің ішіңізде қалған ренішті, қорқынышты, ыза-кекті, зорлық-зомбылықты көрген, сүйіспеншілікке зәру кішкентай өзіңіз. Сол кішкентай өзіңізді жұбатып, бала кезіңізде үлкендерден ала алмаған қолдауды, қамқорлықты ойша елестетіп беріңіз. Ол үшін өткен шақтағы оқиғаға қайта оралып, балаңызға жетпеген махаббатты ойша сыйлаңыз.
2) Айнаға қарап: "Мен сені түсінемін", "Сен қауіпсіз жердесің", "Мен сені жақсы көремін", "Енді сені ешкім ренжіте алмайды, мен сені қорғаймын" деген сөздерді айтып, өзіңізді қолдаңыз.
4-терапия: Позитивті әдеттерді дамыту
1) Пайдалы дағдылар қалыптастырып, өткеннің негативін позитивке ауыстырыңыз. Жаңа, жағымды істермен айналысыңыз. Мәселен, күн сайын өзіңізге ұнайтын әрекеттерді жасаңыз (музыка тыңдау, йога, бассейн, билеу, таза ауада серуендеу т.б.).
4) Жарақатыңыз мазалай бастағанда, медитация арқылы табиғаттағы немесе тыныш жерде екеніңізді елестетіңіз.
5-терапия: Кешіру
1) Реніштерді жүректе ұстау ары қарай жүруге кедергі келтіреді. Кешірім – бұл өзгелер үшін емес, өзіңіз үшін маңызды қадам. Сондықтан жанға жара салған оқиғаларды, адамдарды, тіпті өзіңізді де кешіріңіз.
2) Жараңыз жазылғанша күнде "Мен ата-анамның (немесе басқалардың) қателігін түсінемін және оларды кешіремін" деп қайталаңыз.
6-терапия: Өзіңізді бағалау
1) Өз-өзіңізге достық қарым-қатынас жасаңыз. Ішкі сыншыны тоқтатып, өзіңізді қолдай біліңіз. Өзіңізді жазғырудың орнына, өз күшіңізге, артықшылықтарыңызға назар аударыңыз.
2) Қолыңыз қалт еткенде "Мен құндымын", "Мен өз өмірімнің иесімін", "Мен бақыттымын", "Менің әр күнім мереке" деген аффирмацияларды айтыңыз.
Есте ұстаңыз:
- Жан жарақатымен жұмыс істеу – оның күрделілігіне байланысты әр түрлі уақытты қамтиды. Сондықтан нәтиже күтпестен, өз-өзіңізге көмектесуді тоқтатпаңыз.
- Жан жарасымен жұмыс істеу барысында жағымсыз эмоциялар күшейсе, өзіңізді қауіпсіз күйге қайтару маңызды.
- Егер сіздің ортаңызда бала кездегі жарақаттарды қайталайтын адамдар болса, оларға шекара қойыңыз.
- Егер жан жарасы өте ауыр болса немесе өз бетіңізше жеңу мүмкін болмаса, кәсіби маманмен жұмыс жасау – ең дұрыс шешім.
Ж. Смағұлова,
ERNUR.KZ
Тағы да оқыңыз: