19-наурыз – халықаралық клиент күні. Осы атаулы күнге орай клиенттің жұмсаған ақшасын «қайтаруға» көмектесетін пайдалы бір әдіспен таныстырғанды жөн көрдік.
Еліміздегі салық ережесіне сай бүгінде халыққа қызмет көрсететін барлық медициналық орталықтар, сауда үйлері, мейрамханалар мен жанармай құю бекеттері, дәріханалар т.б. бәрі-бәрі POS-терминал қолданады, кассалық аппараттармен жұмыс істейді. Яғни, міндетті түрде клиенттің қолына төлемді растайтын түбіртекті (чек) ұстатады. Клиенттің көбісі оны қоқыс шелегіне лақтырады. Сіз ше?
Не істеу керек?
«Симорон» мектебінің психологтары "түбіртектерді өртеңіз" дейді. Өртеп жатқанда «Түбіртектердегі ақшаларды босатамын, байлықты шақырамын» деп айту керек екен. Өртенген түбіртектердің үстінен су құйыңыз немесе суға ағызып (унитаз арқылы) жіберген дұрыс.
Қарапайым ғана осы техника жұмсаған ақшаңыздың өзіңізге қайта оралуына көмектесетінін айтады қолданып көргендер. Әрине, өртенген қағаздағы санның бәрі ақша түрінде қайта оралады деп ойлау қате.
Бұл ритуалдың нәтижесі былай байқалады:
- Ұзақ жылдан бері ала алмай жүрген қарызы қайтарылады;
- Қосымша жұмыс ұсынылады;
- Жалақы көтеріледі;
- Біреу қымбат бұйым сыйлайды;
- Президент көп балалы аналардың несиесін жауып бергені секілді ойламаған жерден банк қарыздарын кешіруі мүмкін...
Иә, бәрі де мүмкін, тек жағымсыз ойларды жақсы оймен алмастырыңыз.
Техника қалай жұмыс істейді?
Түбіртектерді өртеу техникасы 1988 жылы симорондық ритуалдар негізінде пайда болған. Авторы Бурналовтар әулетінен шыққан екі психолог.
Олар өткен ғасырдың соңында адамдарды позитивті ойлауға, жақсы сөз айтуға дағдыландыру мақсатында заманауи бағытта «Симорон» деген атпен сиқыршылар мектебін ашқан.
Ойдың затқа айналатынын, не нәрсе де адамның ниетіне қарай берілетінін қарапайым халыққа түсіндіру қиындық тудырғандықтан «Симорон» мектебінің психологтары іс-әрекет арқылы ойды өзгертуге сеп болатын түрлі ритуалдар ойлап тапқан. Олардың айтуынша симорондық ритуалдарда ешқандай сиқыр жоқ, мұнда адамның ойын артық, қажетсіз, жағымсыз ақпараттардан тазалау, жақсы тілек тілеуге, армандауға үйрету ғана бар.
Мысалы симорондық ритуалдардың бірі – түбіртектерді өртеу техникасын авторлар былай түсіндіреді:
- Адам қымбат зат, бұйым сатып алғаннан кейін «Бекер сатып алдым ба? Одан да ол ақшаны бірнеше ай азық-түлікке жұмсағаным дұрыс па еді?» деген секілді оймен өзін мазалаумен болады. Немесе несиеге алған затының төлемін ай сайын төлегенде «Шамама қарасам қайтер еді, әлі бес жыл төлеуім керек» деп өзін жазғырады. Осындай ойлар адамды күйзеліске түсіріп, өмірден түңілдіруі мүмкін. Ал түбіртекті өртеген кезде адам өзін осындай кінәлау, жазғыру ойларынан азат етеді.
- Түбіртектерді өртеп жатып «Мен байлықты шақырамын» деген аффирмацияны қайталау арқылы адамның түпсанасы қосымша қаржы табуға, қаржылық қиындықтар мәселесін шешудің жолдарын іздеуге автоматты түрде кіріседі.
- Қаржылық мәселелері шешілетініне сенеді. Сенім қол қусырып қайғырып отырған адамды іс-әрекетке жетелейді.
- Бұл техниканың тағы бір ерекшелігі – от, ал от – тазартушы стихия. Қоқысты, ауладағы жапырақтарды өртеп тазалаймыз. Дәл сол сияқты адам жанып тұрған отқа қарағанда оның аурасы теріс энергиядан тазарады. Бұл әбден дәлелденген, сондықтан да психотерапияда от кеңінен қолданылады.
Бұл техниканы кез келген уақытта жасай беруге болады. Өте қарапайым әрі оңай ритуалдың нәтижесі жылдам байқалады. Сенбесеңіз қолданып көріңіз.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Адам НЕГЕ қырсық мінез көрсетеді?