​УАЙЫМдауды ТОҚТАТА АЛМАЙ жүрсіз бе? ҮШ жолы бар

0
456

Сізге қай әдіс ұнады?


​УАЙЫМдауды ТОҚТАТА АЛМАЙ жүрсіз бе? ҮШ жолы бар

Фото: ашық дереккөзден алынды

Бірер аптадан соң тағы да бір мүмкіндікке толы жаңа жылға қадам басамыз. Мақсат пен жоспарды саралап, алға ұмтыламыз. Бірақ жаңа жоспарға кірісу үшін уайымдарды ойлай беруді тоқтату керек. Өйткені мазасыз ойлар күш-жігерді, энергияны сорып, бір орыннан қозғалтпайды. Сондай-ақ физиологиялық, әлеуметтік зардабы да көп.



Кері әсері

  1. Уайым кезінде ағзада кортизол (стресс гормоны) деңгейі көтеріледі. Бұл гормонның ұзақ мерзім бойы жоғары болуы иммундық жүйенің әлсіреуіне, жүрек-қан тамыр ауруларының басталуына, қан қысымының жоғарылауына апарады.
  2. Уайым ұзақ уақыт бойы жалғасса, депрессия мен мазасыздықтың пайда болуына себепші болады. Бұл жағдайлар адамның өмір сапасын төмендетіп, қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіреді.
  3. Уайымдаған адамдар жиі ашушаң немесе енжар болады, бұл олардың отбасымен және достарымен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді.
  4. Қатты уайым адамды әлеуметтік ортадан алыстатып, жалғыздыққа ұрындыруы мүмкін.



Не істеу керек?

Уайымдау – адамның табиғи реакциясы, ол сезімді мүлде жойып тастау көп уақытты қажет етеді. Бірақ бұл эмоциялық жағдайды өз бетіңізше азайтуға, бақылауға үйренуге болады. Біз бірнеше тиімді әдіс ұсынамыз, ал сіз орындаңыз.



1. Мәселенің түйінін іздеңіз

Ең алдымен уайымыңызды қағазға жазып, талдаңыз. Бұл уайымдарды "бастан шығарып", сырттай қарауға мүмкіндік береді.

Уайымдауыңыздың нақты себебін түсінуге тырысыңыз. Оны жазып, жан-жақты шешу жолдарын іздеңіз. Уайымға салған мәселенің түйінін шешіп, оны біржолата санадан өшіріп тастаған жөн-ақ. Өйткені уайымдай берудің жоғарыда айтылғандай, кері әсері жетерлік.

Мысал: Бір данагөй шәкірттеріне үлкен тастарды көтеруді бұйырады. Олар тез шаршайды. Дана:

– Тастардың ауырлығы емес, оны көтеру уақытың маңызды. Егер сен оны ұзақ көтерсең, шаршайсың. Қиындықты уақытылы шешсең, ауыртпалық болмайды, - дейді.

Мораль: Қиындықты уақытында шешуге тырысыңыз, оны ұзақ ойлап жүре беру тек зиян.



2. Ойыңызды басқа жаққа бұрыңыз

Ойыңызды қазіргі сәтке аударыңыз. Болашақты немесе өткен істі уайымдаудың орнына, қазіргі сәтке ойды шоғырландырыңыз. "Осы сәтте мен не істей аламын?" деп өзіңізден сұраңыз. Ал егер мәселені шешудің жолы болмаса, өзгертуге кеш болса, оны ұмытуға, елемеуге тырысыңыз. Бастапқыда уайымды уайымдамауға үйрену қиындау болады. Сондықтан бұл эмоцияны тек бақылауда ұстау қажет.

Мысалы, уайым ойыңызға келе қалса, бір орында отырмаңыз, тәнді қозғалысқа түсіріңіз: үй шаруасы, спорт немесе жаяу жүріп серуендеу. Дене белсенділігі мидың стресске жауап беретін бөлігін тыныштандырады.

Сондай-ақ уайым күшейген кезде, көңіліңізді пайдалы істерге немесе шығармашылыққа бұруға тырысу да жақсы көмектеседі.

Сонымен қатар уайымдаған сайын жағымды нәрселерді еске түсіріңіз немесе жетістіктеріңізге көңіл аударыңыз. Негативті ойларды позитивке ауыстырыңыз. Мысалы:

Уайым: "Бекер олай істедім, дұрыс болмады".

Поизитивті ой: "Әр нәрсенің қайыры бар, солай болайын деп тұрған шығар. Бұл маған дамуға берілген сынақ. Бұдан қандай сабақ алуым керек?".



3. Аллаға тапсыру

Уайымға салған мәселемен күресу, оны түзету қолыңыздан келмейтінін немесе бәрі де кеш екенін, уақытты кері қайтаруға дәрменсіз екеніңізді мойындаңыз. Мойындаудан кейінгі келесі қадам - өзіңізден күштіге, яғни Жаратушыға тапсыру.

Уайым мазалай бастағанда дауыстап былай деңіз:

- Мені уайымға салып жүрген мәселелерді (қай мәселе атаңыз), болашағымды, өткен шақтағы қателіктерімнен болатын мазасыздықты Аллаға тапсырдым.

- Мен өз өмірімнің, балаларымның қауіпсіздігін бізді жаратқан Жаратушыға тапсырдым.

- Бүкіл мәселемді, уайымларымды Тәңірге тапсырып, сеніп өмір сүрген әлдеқайда жеңіл екенін сезем.

Расында да мазалаған ойларды, уайым-қайғыны Аллаға тапсырып өмір сүруді үйренсеңіз, қиындықтар жеңілдейді.


ЕГЕР, бұл үш әдіс те көмектеспесе, уайым тұрақты түрде өміріңізге әсер ете берсе, психолог немесе психотерапевттің көмегіне жүгініңіз.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жақсы әдетке үйрететін 2 супер әдіс


Отбасындағы ұрыс-керісті ушықтырмай шешуге болады: 3 әдіс