​Жақсы әдетке үйрететін 2 супер әдіс

0
646

Жаңа жылға дейін осы әдістің бірін қолдануды бастаңыз.


​Жақсы әдетке үйрететін 2 супер әдіс

Фото: ашық дереккөзден алынды

Кез келген жетістікке жетудің басты құпиясы – тоқтамау. Жеңіс пен жетістік – үздіксіз әрекеттің арқасында келеді. Алайда не нәрсені де тұрақты орындауға кей адамның ерік күші жете бермейді. Тез жалығады. Бір аптадан соң-ақ шабыты таусылып, бұрынғы өмір сүру салтына көшеді.

Бұл сізге таныс па? Не істеу керек? Аз-аздан, бірақ үздіксіз жасалған кішкентай қадамдар қуатты тауыспайды және үлкен нәтижеге, ірі өзгерістерге апарады дейді психологтар.

Осы орайда біз үздіксіз әрекет жасауға көмектесетін екі әдісті ұсынамыз. Ал сіз өзіңізге ыңғайлысын қолданып бастаңыз.



1. Кайдзен әдісі

Кайдзен – үнемі дамуға және өзін-өзі жетілдіруге, күнделікті кішкентай қадамдар арқылы үлкен жетістіктерге жетуге бағытталған жапондық әдіс. Оның принциптері бизнес пен жеке өмірде де, тұлғалық дамуда да тиімді.

Егер адамға жалқаулықпен күресу қиын болса, ол өзіне өте кішкентай, бірақ нақты мақсат қоюы керек. Мысалы, "5 минут ішінде бір тапсырма орындау".

  • 5 минутта ыдыстарды жуып тастау;
  • 5 минутта жұмыс үстел үстін реттеу;
  • 5 минутта кір киімдерді кір жуатын машинаға салып, қосу;
  • 5 минутта жақын адамларға қоңырау шалып, хал-жағдай сұрау;
  • 5 минутта еденді сүртіп шығу;
  • 5 минутта шайынып, бет-қолға крем жағу;

Бұл миға күнделікті қиын боп көрінген жұмыстарды "5-ақ минутта бітетін іс" деп сендіріп, жалқау тәнді әрекетке көшіреді. Күнде әр істі 5 минутта тындырамын деп адам біртіндеп бұған әдеттеніп қалады. Осылай жалқаулықтан арылады.

Келесі мысал: Мақсатыңыз спортпен айналысу әдетін қалыптастыру делік.

Кайдзен қадамдары:

  1. Алғашқы аптада күнде 5 минуттық жаттығу жасаңыз. Ол үшін екі әнге билеуді дағдыға айналдыруға да болады.
  2. Екінші аптада күнлелікті жаттығу уақытын 7 минутқа ұзартыңыз.
  3. Әр апта сайын 1-2 минут қосып отырыңыз.
  4. Екі айдан кейін 30 минуттық тұрақты жаттығу әдеті қалыптасады. Ары қарай күнде жарты сағат жаттығуды денеңіз өзі іздеп тұратын болады.

Тағы бір мысал: Мақсат күнделікті маңызды тапсырмаларды уақытында орындау.

Кайдзен қадамдары:

  • Бірінші күні тек 5 минутты жұмыс жоспарын жасауға арнаңыз.
  • Екінші күні осы жоспардан бір ғана тапсырманы орындаңыз.
  • Үшінші күні тапсырмалар санын екіге арттырыңыз.
  • Бір ай ішінде сіз уақытты тиімді басқару әдетін дамытасыз.

4-мысал: Мақсат аптасына бір кітап оқу.

Кайдзен қадамдары:

  1. Бірінші күні тек 5 минут кітап оқыңыз.
  2. Екінші күні 7 минут оқыңыз.
  3. Әр апта сайын оқуға бөлінген уақытты 5-10 минутқа арттырыңыз.
  4. Бір айдан кейін күніне 30-40 минут тұрақты түрде оқи алатын боласыз.


Несімен маңызды? Кайдзенде негізгі назар кішкентай, бірақ жүйелі өзгерістерге аударылады. Қадамдардың қарапайым және жүзеге асыруға жеңіл болуы мотивацияны жоғалтпауға көмектеседі.



2. Атомдық әдеттер әдісі

Атомдық әдеттер — бұл үлкен өзгерістерге жетудің жолындағы кішкентай, бірақ маңызды қадамдар. Кішігірім, бірақ тұрақты әдеттер арқылы күн тәртібін жүйелеуге жетелейтін тәсілдің авторы - Джеймс Клир. Әлемдегі миллиондаған адамның өмірін өзгертуге себепші болған бұл супер әдіс туралы Джеймс Клир өзінің "Atomic Habits" кітабында кеңінен түсіндірген. Кітапта адамдардың күнделікті өмірінде кішкентай, бірақ тиімді әдеттерді қалай қалыптастыруға болатындығы туралы айтылады.

Түсінікті болу үшін бірнеше мысал келтірейік.

1. Физикалық белсенділік: Әр күнде 5 минут жүгіру немесе жаттығу жасау. Бұл кішкентай әдет уақыт өте келе артық салмақтан құтқарады, тәнді шыныұтырады.

2. Оқу: Күн сайын 10 бет оқуға арналған әдет. Кішкентай көлемде бастасаңыз да, жыл бойы сіз бірнеше кітап оқып бітіре аласыз.

3. Жұмысқа жүйелілік: Әр күні таңертең белгілі бір уақытта жұмысқа кірісу. Бұл әдет көп ұзамай уақытты тиімді басқаруға көмектеседі.

4. Тазалық сақтау: Әр кеш сайын үйдің бір бөлігін тазалап қою. Бұл кішкентай әдет үйді әрқашан таза ұстап тұруға көмектеседі.

5. Өз ойларыңызды жазу: Күнделікті ойларыңызды, мақсаттарыңызды немесе алғыс айтатын нәрселерді жазып қою. Бұл әдет психологиялық тепе-теңдікті сақтауға және көңіл күйді жақсартуға көмектеседі.


Несімен маңызды? Мотивация алысқа апармайды. Ал тәртіп мақсатыңызға жеткізеді. Атомдық әдеттер әдісі адамды тәртіпке үйретеді.


Байқасаңыз, екі әдіс бір-біріне ұқсас. Екеуінде де негізгі шарт - күнде қайталау. Қайсысын таңдасаңыз да әдісті жүйелі түрде қолдансаңыз, міндетті түрде оң нәтиже болады. Бірақ мынаны есте ұстаңыз: Бір күнде бес тілім пирог жесеңіз, 5 кг салмақ қоспайсыз. Ал егер күнде бес тілім пирог жейтін болсаңыз, міндетті түрде бір айда 5-10 кг-ға семіресіз. Нәтиже күнде бес тілім пирог жегенде болды. Дәл сол сияқты "Кайдзен" және "Атомдық әдеттер" әдістерін бір аптадан соң тоқтатып, сосын бір айдан соң қайта қолға алсаңыз нәтиже болмайды. 5-ақ минут болса да күнде-күнде қайталау арқылы ғана әдет қалыптасады.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Ересек адамның есеюіне көмектесетін 9 әрекет

Бала тәрбиесінде ең көп кездесетін ҮШ қателік