​Үнемі кешігіп жүретіндерге қажетті 2 КЕҢЕС

0
837

Өзіңізге де, өзгеге де зияны көп бұл жаман әдеттен құтылуға асығыңыз дейді психологтар.


​Үнемі кешігіп жүретіндерге қажетті 2 КЕҢЕС

Фото: ашық дереккөзден алынды

Кешігу – жаман әдеттердің бірі. Кешігіп жүретін адам үнемі жұртты ашуландырады, сылтау табам деп өтірік айтуға мәжбүр болады. Өзгелер тарапынан «жауапсыз», «басқалардың уақытын құрметтеу керек» деген сөзді жиі естиді. Осылай ол бірте-бірте айналасындағылардың сенімінен шығып, сый-құрметінен айырылады.

Бұдан бөлек, кешігудің сол адамның өзіне де зияны көп. Сондықтан кешікпеуге үйреніп, адам өзін-өзі тәрбиелегені дұрыс. Бұл орайда психологтар зерттеу жүргізіп, мынандай негізгі екі кеңес ұнамсыз әдеттен құтылуға көмектесетінін айтады.



1. Жоспарлауға дағдыланыңыз

Психотерапевтердің айтуынша, көбіне баяу қимылдайтын, бүгінгі істі ертеңге қалдыратын жалқау адамдар мен бір жұмысты аяқтамай екіншісіне секіріп кететіндер кешігіп жүреді екен. Мұндай адам уақытын жоспарлап үйренуі тиіс.

Ол баратын жеріне алдын ала дайындалып, арнайы жоспар құруы қажет. Мәселен, сыныптастармен кездесу белгіленді делік. Өзіңізге мынандай үш сұрақ қойыңыз: «Қай жерде болады?», «Не кием?», «Қандай дайындық керек?».

«Қай жерде болады?» деген сұрақ арқылы кездесетін мекенжайды 2GIS арқылы алдын ала тауып, қанша уақытта жететініңізді анықтайсыз.

«Не кием?» деген сауал қоюдан кейін гардеробыңызды ақтарып, киетін киімді үтіктейсіз. Аяқ киіміңізді сүртіп, сөмкеңізді тазалайсыз. Ал «қандай дайындық керек?» деген сұрақ шашты жуып шомылуға, кафеге төлейтін ақшаны дайындауға, үй шаруаларын ертерек орындауға жетелейді.

Жоспарлауға үйренгенше бұл сұрақтарға жауапты қағазға тәптіштеп жазып, орындалған істі сызып отырған жөн. Бұл жұмыс өнімділігін арттырады және жаңа дағдыға үйретеді.

Сонымен, кешігу әдетімен күресті ең бірінші жоспарлаудан бастаңыз. Әр күнді жоспарлап, жоспарланған істің бәрін өз уақытысында (кешіктірмей, еретңге қалдырмай) орындауға тырысыңыз.



2. Негативті жағдайлардан сабақ алыңыз

Психологтар кешігіп жүретін адамдардың түрлі негативті оқиғаларға тап болатынын анықтаған. Рас. Бәрі сіз жоспарлағандай бола бермейтініне көзіңіз жеткен болар. Мысалы:

- Үйден шығарда түймеңіз үзіліп, көйлегіңізге май (бояу) тамызып аласыз;

- Жолда кептеліс болып, маңызды кездесуге кешігіп жатқаныңызды ойлап өз-өзіңізді жазғырасыз.

- Жылдам жете қалам деп, жол ережесін бұзып, хаттама толтырылып айыппұл төлейсіз.

- Жылдамдықты асырып, жол-көлік оқиғасына ұшырайсыз. Сол күні тіпті кездесуге бара алмай қаласыз. «Бастысы адам тірі. Егер адамды соғып кетсем не болар еді? Бұдан былай асықпай айдаймын» дейсіз.

- Кездесуге (немесе емтихан, сайыс, семинар, олимпиада, сұхбаттасу т.б.) кешігіп келіп, көпшілік алдында сөйлейтін сөзіңізді ұмытып қаласыз. Я болмаса түнімен оқып жаттаған тест жауаптарын есіңізге түсіре алмайсыз.

- Үйден асығып шыққандықтан жол бойы, тіпті қайтқанша «Үтікті сөндірдім бе?», Есікті кілттедім бе?», «Терезені жаптым ба?» деген сұрақтар мазаңызды қашырады.

- Телефоныңызды немесе басқа қымбат затыңызды, құжаттарыңызды жиі таксиде қалдырып кетесіз.

- Кешіккеніңіз үшін басшылыққа жиі түсініктеме жазасыз, сөгіс естисіз.

Кешігу салдарынан орын алатын мұндай негативті жағдайлар туралы көп мысал келтіруге болады. Қай-қайсысынан да шығын мен стресті көреміз.

Тоқтаңыз. Негативті оқиғалардан, әр шығыннан, күйзелістен сабақ алатын уақыт жетті. Ойланыңыз, сізге стресс, шығын керек пе?

Жағдайлардан сабақ алғанда ғана адам жаман әдеттен құтылуға қадам басады.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:

Негативті туысқанмен қалай қарым-қатынас құру керек?

Жұмыста бұл 4 қателікке жол берме
Бөлісу