Жұмыста бұл 4 қателікке жол берме

0
886

​Жас маманға кеңес


Жұмыста бұл 4 қателікке жол берме

Фото: positivepeople.co.nz

Бірер айдан соң жас маман алғашқы жұмыс орнына орналасады. Біреу жұмысын ауыстырса, ал біреу басқа бөлімге ауысады. Тағы біреу ұзақ уақыт үзілістен соң жұмысын жалғастырады.

Жұмыста күнделікті 7-8 сағат уақыт өтеді. Сондықтан да жұмыс орнын екінші үйге, ал ұжымды төртінші жұртқа теңейді. Дегенмен үйдегідей еркінсуге, барлығын өзіңіздей көруге, бүкіл сырды айтуға болмайды дейді психологтар.

Абыройыңызды, құрметіңізді жоғалтпау үшін жұмыс орнында мына үш қателікке жол беріп алмаңыз.



1. Жұмыс орнында дос, туысқан жоқ

Мекеме басшысы – сіздің туысқаныңыз, есепші – сыныптасыңыз немесе бөлім меңгерушісі – көршіңіз болуы мүмкін. Мүмкін группаласыңыз бір командада жұмыс істеуге шақырған болар. Есте ұстаңыз, жұмыс орнында сіз – мамансыз, жұмысшысыз.

Достық пен қызметті араластыруға болмайды. Әрине жаңа ұжымнан айнымас дос табуға болады, бірақ жұмыс орнында онымен тек қызметтік қарым-қатынаста болу керек. Жұмыстан тыс уақытта, демалыс күндері және мерекелік іс-шараларда дос ретінде түрлі тақырыпта әңгіме-дүкен құруыңызға, қалжыңдасуға да болады. Ал жұмыста субординация ережелері сақталуы тиіс. Яғни лауазымдық қызмет дәрежелеріне қарай кішілер үлкенге және тәртіпке бағынуы қажет.

Бұл жұмыс орнында тек ресми стильде сөйлес, ешкіммен достаспа деген сөз емес. Дос табыңыз, сыйласыңыз, көңілді жүріңіз, ашық болыңыз. Бірақ субординацияны ұмытпаңыз.



2. Жеке және отбасылық мәселелеріңді айтпа

Үзіліс кезінде, түскі уақытта тамақтанып отырып жұмыстан басқа тақырыптарда сөйлесуге әрине болады. Кабинетте әріптестен жұмысқа байланысты білмегеніңізді үйретуге өтініш жасау, тіпті жеке мәселеңізге орай ақыл-кеңес те сұрау да әбестік емес. Бірақ қиын тағдырыңызды баяндап, отбасылық мәселелеріңізді жайып салып, өмірге шағым айту, мұңаю дұрыс емес.

Біріншіден, жұмыста сіздің мәселеңіз ешкімге қызық емес. Барлық адамда мәселе бар, оны жұмыстың сыртқы есігінен кірерде сонда тастап кеткен абзал. Әркім өз мәселесімен және жұмыспен әуре. Барлығы да жұмыс уақытында тапсырмаларды тез-тез орындап, үйіне асығады. Мәселеңізді айтарсыз, әріптесіңіз көңіліңіз үшін тыңдар немесе тыңдаған сыңай танытады. Бірақ келесіде «Жұмысыма кедергі келтіріп жатырсың», "Тыңдауға уақытым жоқ" деп айтуы әбден мүмкін. Басқалардың уақытын бағалап үйреніңіз.

Екіншіден, әріптестеріңіздің көзқарасы өзгереді. Сый-құрметі азаяды. Сөзіңіз өтпей қалуы да мүмкін.

Үшіншіден, оны әлсіз тұсыңыз ретінде өзіңізге қарсы қолданатындар табылады.



3. Бастығыңды жамандама

Басшы болу, ұжымды басқару оңай шаруа емес. Қатал болады, ескерту жасайды, ұрысады, кейде тапсырманы шамадан көп жүктейді. Сондай-ақ басшы да - адам, ол да пендешілік жасайды. Қатты сөйлеп, мереке күндері ұнамсыз мінездерін көрсетіп қоюы мүмкін. Оның да отбасылық мәселелері, мінез кемшіліктері, бір кем дүниесі болады. Бастығыңыз туралы біреуден естігеніңізді ұжымға кеп айтпаңыз.

Ешқашан басшыңызды ұжымдағыларға қосылып өсектемеңіз, жамандамаңыз. Лажы болса, ұжымдағы ешкімді жамандамаған дұрыс. Біреудің сыртқы көрінісін, киімін, діни ұстанымдарын сөз қылудан аулақ болыңыз. Жалпы, жұмыс орнында ешкімнің жеке шекарасына өтпеуді қатаң есте ұстаған абзал. Сонда он пәленің тоғызынан аулақ боласыз.



4. Өтірік айтпа

Барлық адамның ең жек көретіні - өтірік. Әңгіме қызық болу үшін немесе өз бағаңызды көтеру мақсатында өтірік айтпаңыз. Өтіріктің құйрығы - бір-ақ тұтам. Өтірік ашылмай қоймайды. Ол кезде ыңғайсыз жағдайда қаласыз және айналаңыздағы адамдардың сый-құрметі жоғалады.
Қасықтап жинаған абыройыңызды бір-ақ күнде шелектеп төгіп алмас үшін өтірік сөйлеу әдетін бойға жақындатпаған дұрыс.


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Ағайынның үйінде жүріп оқитын студентке 6 ақыл

Бай болуға кедергі келтіретін 7 әдет