Үздік баланы ҚАЛАЙ тәрбиелеу керек?

0
3 702

Ата-аналарға кеңес


Үздік баланы ҚАЛАЙ тәрбиелеу керек?

(фото ашық дереккөзден алынды)

Перзентінің оқуда озат болғанын барлық ата-ана қалайды, армандайды. Өйткені мектепте үздік оқыған бала есейгенде өмірден өз орнын қиналмай таба алады.

Бұны психолог мамандар біліміне, көп нәрсені білетініне сенімді баланың өзін-өзі бағалау дәрежесі де жоғары болатынымен байланыстырады. Ал өзіне сенімді ұл-қыз кез келген ортада өзін еркін ұстап, қарым-қатынасқа ашық болады екен.

Олай болса, балаңыздың ертеңгі өмірінің жарқын болуын бүгіннен бастаңыз. Психологтар ол үшін ата-ана тарапынан мынандай қадамдар жасалуы керек дейді.



ҚАДАҒАЛАУ

Бала түгіл үлкендер де егер әлдекім анда-санда қадағалап отырмаса, жұмысына, өміріне селсоқ қарайды. Нәтижеге емес, жалақы үшін ғана жұмысына ілініп-салынып барып келеді. Қарапайым мысал, әйелі күйеуіне «Неге жұмыстан кешіктің?» деп сұрамаса, ер адам түнделетіп достарымен қыдырып, сауық-сайран салып жүре береді. Сол сияқты күйеуі әйеліне «Неге басқаша дәмді тамақ пірісмейсің?» демесе, 3-4 оңай тамақты қайталап әзірлей береді.

Негізі әйел дәмді ас еркектерге ұнайтынын, ал еркек түн кезген бір пәлеге жолығатынын біледі. Сонда да олар біреу «әй, тәйт» демесе, талап қоймаса, сұрамаса ойланатыны кемде-кем. Адамның психологиясы солай.

Әрине, бұл балаларда да бар. Қай жаста болса да ата-ана перзентін қадағалап, талап етіп отыруы қажет. Мысалы, мектепте оқитын балаңыз «Қай сабақ қиын боп жатыр?», «Қай пәнді жақсы көресің?», «Қандай баға алып жүрсің?», «Неге кітап бетін ашпайтын болғансың, әлде мұғалім үй тапсырмасын бермейтін болған ба?» деген сұрақтардан соң ғана ол сабаққа көңіл бөлуге көшеді.

Әрине, ешкім айтпаса да сабағын, өзін қадағалайтын балалар да бар, бірақ аз. Көбісі қадағалау болмаса жүгенсіз кетеді.

Есте ұстаңыз: Оны қадағалап отырмасаңыз, бала да оқу үлгерімін, күн тәртібін қадағаламайды. Баланың тек оқу үлгерімін емес, тәрбиесін, жеке бас гигиенасын да қадағалап отыру керек.



ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТУ

Балаңызды тек қадағалай бермей, оның не істеп жүргеніне, оқу үлгеріміне қызығушылық танытып қоюды да ұмытпаңыз. Әрине бұл да – (мысалы мектептегі өміріне қызығушылық таныту) қадағалауға жатады.

Мектебіне жылына екі рет болса да барып, сынып жетекшісінен перзентіңіздің оқу үлгерімі мен тәртібі туралы сұраңыз. Бұл баланы тез «жинайды». Сонымен қатар баланың «мен ата-анам үшін маңызды екенмін ғой» деген ой туғызып, ол да білімі мен тәртібіне маңызды деп қарай бастайды.

Есте ұстаңыз: Сіздің тарапыңыздан баланың оқу үлгеріміне қызығушылық болмаса, баланың да сабаққа қызығушылығы кемиді.



ҚОЛДАУ

Ата-аналардың ең көп жіберетін қателігі – баланы мақтаса есіріп, еркелеп кетеді деп ойлау. Сонымен қатар, бала армандарын айтса, «бестік» баға алып келіп мақтанса, немқұрайлы қарау.

Ал бала ата-анасынан әрдайым қолдау, қолпаштау, мақтау сөз күтеді. Бұл мотвацияның бір түрі. Мотивация адамды ары қарай жылжуға, одан жақсы әрекеттерге итермелейді. Бұны ата-ананың кейбірі елей бермейді.

Сөзіңізбен, іс-әрекетіңізбен және махаббатыңызбен қолдап, жақсы қасиеттерін, артықшылығын есіне салып отырыңыз.

Психологтар қолдау балаға шабыт қана беріп қоймайтынын, сонымен бірге оның өзіне сенімділігін арттыратынын айтады. Осы орайда өмірде болған бір оқиғаны мысал етейік.

МЫСАЛ: Американың Миннесота штатында математика пәнінің мұғалімі оқушыларға «Сыныптағы барлық оқушының аты-жөнін тізіп жазып шығыңдар да, әрқайсысының қасына қай мінезі, қай жері ұнайтынын жазыңдар» деп тапсырма береді. Бұл жұма күні болатын. Сабақтан соң тапсырманы жинап алып, сенбі және жексенбі күндері әр оқушының аты-жөнін әр қағазға бөлек жазып, сыныптастарының жазғанын көшіріп шығады. Дүйсенбі күні қағаздарды таратады да оқушылардың реакциясын бақылайды.

«Шынымен бұл мен туралы ма?», «Сыныптастарым мені жақсы көреді екен», «Менде жақсы қасиет көп екен ғой» деп оқушылар бір-біріне сыбырлап жатты. Мұғалім сырттай бақылап отырып, өз мақсатына жеткеніне қуанды. Мақсат – оқушылардың өзіне деген сенімі артты.

Сіз де балаңыздың кемшілігін айтып тұқырта бергенше, артықшылықтарын атап мақтап қоюды әдетке айналдырыңыз.


Есте ұстаңыз: Балаңыздың әлсіз жағын жөндеймін деп уақыт құртқанша, оның өзгеден артық қабілет-қарымын дамытуды ойлаңыз.


Әрине, бұл үздік баланы тәрбиелеудің бастапқы сатысы ғана. Бастапқы саты – бағдар беру боп табылады. Бала кішкентай кезде бағдар берсеңіз, арықарай одан жан-жақты үздікті тәрбиелеу қиын емес!

Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Баланың ӨТІРІК айтуын ҚАЛАЙ қойдыруға болады?

Балаға ЖЫЛДАМ өлең жаттатқызудың 6 тәсілі