Жасөспірімнің АЛҒАШҚЫ МАХАББАТЫ: ата-ана НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

0
1 085

​Қателік жіберіп алмаңыз


Жасөспірімнің АЛҒАШҚЫ МАХАББАТЫ: ата-ана НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

фото: ашық дереккөздерден алынды

Жазда балалардың ойы сабақтан босап, бірі ауылға, бірі лагерьге барып жаңа достар табады. Психологтардың айтуынша, көбіне жасөспірім осы айларда алғаш рет ғашық болады екен.

Гормоналды өзгерістер, эмоционалдық реакциялар, болмашыға ашулану, тұйықтық т.б. ата-анамен қарым-қатынаста қиындықтар тудырады. Ата-ана не істеу керек?



Тыйым салған дұрыс па?

«Немене ғашық боп қалғансың ба? Саған әлі ерте», «Оқушысың ғой, махаббат туралы ойлама», «Айна алдынан шықпайтын болыпсың ғой, әкеңе айтам», «Шашыңды жина» т.б. осы секілді тыйым сөздерді айтуға асықпаңыз. Өзіңіздің жасөспірім шақтағы алғашқы ғашықтық сезімдеріңізді еске түсіріңіз. Бұл барлық адам өтетін кезең. Балаңыз да сол бір кезеңнен өтіп жатыр. Демек, перзентіңіз есеюде. Сізге тек осы фактіні қабылдау және көмектесу қажет.

Мысалы, «Көршінің қызын көрсең, сызылып қалатын болыпсың ғой», «Шешеңнің сөзінен сол бір қыз маңызды болды ма?», «Ойбой, біздің қыздың жүріс-тұрысы да өзгеріп сала берді-ау», «Иіссу сеуіп алғансың ба?» деп ирониямен сөйлеп, мазақтауға болмайды. Көп алдында айтып қызартпаңыз. «Түк те әдемі емес», «Талғамын нашар екен» деп алғашқы махаббатын құнсыздандырмаңыз. Ол оған үйленейін деп жатқан жоқ. Өтпелі кезеңдегі өтпелі сезім.


Кеңес: Жасөспірім физиологиялық тұрғыда ғана емес, оның сезімдері де жетілу процесінде. Бұл табиғи процесс.

Ол алғашқы махаббаты арқылы ұнату, жек көру, қысылу, ұялу, қызғану сезімдерін бастан өткізеді. Қысқаша айтқанда, ол сезімдер мектебінен өтіп жатыр. Осылай сезімдерін басқаруға ұмтылады. Айнаға қарап өзінің артықшылықтарын бағалап, өзін-өзі сүюді үйренеді. Осы сәттен бастап ол ішкі және сыртқы күйіне назар аударуды бастайды. Сондықтан оған тыйым салу дұрыс емес. Бірақ бақылауға міндеттісіз!



Тәрбиеші емес, дос болыңыз

«Заманына қарай адамы», қазіргі жасөспірімдер мен өзіңіздің жастық шағыңызды салыстыруға болмайды. Қазіргі бозбала мен бойжеткен әлеуметтік желі арқылы да танысады, түнімен вацап арқылы сөйлеседі. Бұл соншалықты мәселе емес. Алайда жасөспірімдердің өтпелі кезеңіндегі сезімін пайдаланып, басқа әрекеттерге итермелейтін ересек адамдардың, алаяқтардың интернетте отыратынын да ескерсек, ата-ананың уайымы орынды.

Балаңызды жамандықтан қорғау үшін, оның әр қадамынан хабардар болу үшін онымен дос болуыңыз керек. Ал алғаш романтикалық сезімдерді бастан өткізіп жатқан перзентіңізді тәрбиелемек болсаңыз, өзіңізге қарсы қойып, қырсықтырып аласыз.

Сырласына, ең жақын досына айналсаңыз, ол барлық оқиғаларымен бөлісіп отырады. Немесе өзіңіз «Ол кім?», «Қалай таныстың?», «Кездестің бе?», «Не туралы әңгімелесесіңдер?», «Ол несімен ұнады?», «Ортақ қызығушылықтарың бар ма?», «Суретін көрсетші» деген секілді сұрақтар қойып, кіммен сөйлесіп жүргенін біліп алуыңыз қажет.


Кеңес: Досы сияқты қызығушылықпен сұраңыз. Тергеуші сияқты сұрақ қойсаңыз, балаңыз тыйым салмақшы, сөйлесуіме бөгет болмақшы деп ойлап, ешнәрсе айтпай қоюы мүмкін. Сондықтан сұрақ қоюмен бірге өтпелі кезеңдегі ұл-қызыңызға кез келген уақытта ол да өзін мазалаған сұрағын қоя алатынын айтыңыз.



Қолдаңыз, қорғаңыз

Алғашқы махаббат әрқашан сәтті бола бермейді. «Маша Сашаны, ал Саша Дашаны сүйеді» дегендей, қызыңыз жауапсыз махаббатты бастан өткізіп жатқан болуы мүмкін. Немесе ұнатып жүрген жігіті досымен бәстесу үшін ғана сезімін білдіреді. Ұлыңыздың ғашығы жоғары сынып оқушысы шығар, ол бұның сезімімен ойнауы мүмкін. Қызыңыздың ұнатқан жігіті құрбысымен кездеседі т.б.

Осы секілді түрлі жағдай орын алуына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал мұндай жағдайларда жасөспірім түгілі ересектер эмоциясын басқара алмай жатады. Тұйықталады, бөлмесінен шықпайды, тамақ ішпейді, жылайды, ашуланады. Бұның бәрі де жасөспірімнің психологиялық тұрғыда дамуы үшін қажет. Сондықтан да сары уайымға салынбаңыз. Бірақ немқұрайлы қарамаңыз.


Кеңес: Біреуді ұнату – онымен минут сайын сөйлесу емес екенін түсіндіріңіз. Кез келген жастағы махаббат адамға өзінің хоббиімен айналысуға, спортпен шұғылдануға, үйірмеге баруға бөгет болмау керектігін айтыңыз.

Мейір-махаббатыңызға бөлеп, күнде бірнеше рет құшақтап, көңілін басқа нәрселерге аудару үшін әр түрлі демалыс ұйымдастырып, перзентіңізді қолдап-қуаттаңыз.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Сізге қай мінезіңізді «жөндеу» керек?

Үш заңдылық: БАҚЫТСЫЗ болудан САҚТАЙДЫ