Сізге қай мінезіңізді «жөндеу» керек?

0
897

Суреттен ең бірінші не көрдіңіз?


Сізге қай мінезіңізді «жөндеу» керек?

Фото: ашық дереккөздерден алынды

Бір көріністен немесе болған оқиғадан әркім өзіне керегін көреді дейді психологтар. Иә, әркім өз көкжиегіне, пайым түсінігіне қарай қабылдайды екен. Ал ол адамның мінез-құлқынан хабар береді. Сол сияқты біз де беймәлім мінез қырларын тани түсуге жәрдемдесетін визуалды тест назарыңызға ұсынып отырмыз.

Бір-екі секунд психологиялық суретке көз тоқтатыңыз. Ең бірінші не көрдіңіз?



Қолтырауын

Сіз креативті ойлайтын, көп адам елей бермейтін детальдарды көре алатын жансыз. Бұл сізге жоқтан бар, бардан бал жасауға көмектеседі. Сонымен бірге креативті ойлаудың арқасында түйткілді мәселелердің тиімді шешімін алдын ала болжамдай аласыз.

Шығармашылықтың адамысыз. Жұмысыңызды шығармашылықпен ұштастыра білсеңіз, жетістігіңіз бен табысыңыз көбейеді.

Монотонды, яғни бірсыдырғы өмірден тез жалығасыз. Сізге үнемі жаңа эмоция қажет. Энергияны жаңа эмоциядан аласыз. Соны іздеумен үйде отыра алмайсыз. Дос-жаранды іздеп, жаңадан ашылған кафеге баруды, қыдырғанды, тым болмағанда дүкен аралап келгенді ойлап тұрасыз. Жаңа таныстыққа ашықсыз. Көпшілсіз.

Жұмысты, тұрғылықты жерді ауыстыра салу сіз үшін түк емес. Өйткені тәуекелшілсіз. Әрине, ешнәрсе істемей өкінгеннен бірдеңе істеп өкінген дұрысырақ. Тұңғиыққа батып ойланып отыра бергеннен тәуекелге бел буған жөн. Дегенмен психологтар сізге әр қадамды жеті рет өлшеуді, ақшаны есеппен жұмсауды және адамдармен таңдап араласуға кеңес береді. Себебі, көп мәселелеріңіздің тамыры – осылар.



Жартас

Мінезіңізді, өзіңізді, тіпті өміріңізді жартасқа теңеуге болады. Сізді көрген ескі таныстар «Баяғы жартас – сол жартас» дегенді айтатыны анық. Өйткені сіз өзгерістерден қорқасыз, жаңашылдыққа ұмтылмайсыз.

Консервативтісіз. Сіздің көзқарасыңызды, пікіріңізді өзгерту қиын. Кейде қатып қалған қағидаларыңыз мүмкіндіктерден құр қалдырады.

Арманшылсыз. Бірақ сол армандарға жету үшін әрекеттенбейсіз. «Жайлы аймақтан» шығу керек. Армандарыңыз «жайлы аймақтың» сыртында.

Көп сөйлемейтін, тыныштықты жақсы көргендіктен болар, айналаңыздағылар сізден тез жалығады. Бірақ сіз бірізділіктен жалықпайсыз. Себебі, барға шүкір, азға қанағат ететін жансыз.

Әйтсе де сізде көп адамда кездеспейтін екі қасиет бар, олар – тұрақтылық және сенімділік. Осы қасиеттеріңізді жұрт құрметтейді. Егер жаңа іс бастауда осы қасиеттеріңізді пайдалансаңыз, «баяғы жартаста» көп өзгеріс болар еді.



Пойыз

Ойыңыз пойыз секілді, үнемі қозғалыста, тыным таппайды. Өзіңіз ізденісте жүресіз. Қажетті ақпараттар іздейсіз. Өмірдің әр саласын зерттейсіз. Көп кітап оқисыз. Дұрыс-ақ, бірақ оның бәрін білгеннен не пайда? Өміріңізге және өз салаңызға қажетті мәліметтерді ғана білсеңіз де жетеді ғой.

Қажетсіз ақпараттарды оқу – керексіз заттарды сатып алумен, қолданбайтын бұйымдарды үйге толтырумен бірдей.

Бұл бір шешімге келе алмаудың, тұрақсыздықтың белгісі. Өзіңізге не керек екенін, жаныңыздың нені қалайтынын білмейсіз. Сізге ең бірінші өзіңізді тану, өз қалауларыңызды білу қажет. Барлық жетістік осы жерден басталады.

Ойларыңызды саралаңыз. Жан-жақты білімді болу мен қажетті білімді айыруды үйреніңіз. Әркез қандайда бір ақпаратты іздеуден бұрын «Бұл маған қажет пе?» деп сұрақ қойыңыз. Уақытыңызды жоспарлап үйрену де артық етпейді.

Дайындаған: Ж. Нұрабай,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Үш заңдылық: БАҚЫТСЫЗ болудан САҚТАЙДЫ

Үнемі кешігіп жүретіндерге қажетті 2 КЕҢЕС