Ақ шегіргүл – ертегі. Жібек Зинелова

0
1 438


Ақ шегіргүл – ертегі. Жібек Зинелова

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Көктемнің жаймашуақ күндерінің бірінде аппақ Шегіргүл бүр жарды. Жапырақтары мен күлтесі әлі кіп-кішкене болатын. Бірақ күн өткен сайын жайқалып өсе түсті.


Жаз жақындап қалған-ды. Шегіргүлдің әуелі сабағы, артынан жапырақтары ұзарып, түймедей гүлі бүр жарғанда, айнала нұрлана түскендей болды.


Сол күннен бастап Шегіргүлдің өмірі өзгеріп сала берді. Себебі кішкентай, жап-жасыл өркендерден пайда болған аппақ гүл кімді де болсын қызықтырмай қоймады. Маңайдағы гүлдердің ішіндегі әдемісі өзі болатын. Алайда Шегіргүл кішкене кезіндегі ақжарма көңілінен тайып, басқаларға тәкаппарлана қарай бастады. Олардың өзі сияқты сұлу болмағанына масаттанып, көздерінше кемсітуді шығарды.


–Аһ, не деге-е-н сұлу-у-у-у жаратылыс едім мен! – деп таң атпастан басқалардың мазасын алатын. Айқайлап өзін әнге қосқанды жаны сүйетін.


Айтса айтқандай, Шегіргүл өте әдемі жаратылыс. Иісі қандай ғажап десеңізші! Көз алмай қарайтын нағыз сұлудың өзі болатын.


Оның жұпар аңқыған иісін аралар мен басқа жәндіктер де байқады. Олар аппақ Шегіргүлдің жанынан бір елі шықпай, оған қарайлаумен болды. Әрі тозаңына да қызығып жүрді. Бірақ әттеген-ай! Біздің гүліміз олардың бұл қылығын мүлдем ұнатпай қойды.


Шегіргүлдің осы мінезін байқаған аралар мен басқа жәндіктер оған ренжи бастады. Шегіргүл болса оларға:


–Ей, аралар мен жәндіктер! Мені тыңдап алыңдар! Ешқайсың жаныма жолаушы болмаңдар! Күлтелерімді лас аяқтарыңмен кірлеткендеріңді қаламаймын. Сондай-ақ менің тозаңдарымнан бекер үміттеніп жүрсіңдер. Өтінемін, менен алыс жүріңдерші! – деді.


–Солай де, Шегіргүл! Бұлай тым артық кетпе! Біз тек өзіміз үшін еңбектеніп жүрген жоқпыз. Бұл саған да пайдалы. Сенің тозаңдарыңнан бал жасар едік. Адамдарға бал беріп, игі істерге күш жұмсап жүрген жайымыз бар, – деді ара Шегіргүлге жақсылап ұғындырғысы келіп.


–Біздің міндетіміз мұнымен бітпейді. Сондай-ақ гүлдердің тозаңын жан-жаққа таратамыз. Ол тозаңдардан жаңа гүлдер өсіп шығатын болады. Осылайша гүлдердің көбейіп, өсуіне де үлес қосамыз, – деп жалғады сөзін ара.


–Олай болуы мүмкін емес, – деді Шегіргүл мұрнын шүйіріп. – Сендердің қызметтеріңе қарап қалған жоқпын. Әрі мен осы өлкедегі бір түйір Шегіргүл болуды қалаймын. Мен сияқты толып жатқан шегіргүлдер керек емес. Олай болмайды да!


Оған ара:

–Шегіргүл, сен шынымен өте әдемі гүлсің! Сенің аңқыған жұпар иісің де керемет. Бірақ өзің ойлап көрші, осы әдемілігің мен хош иісің шартарапқа жайылса, қандай керемет болар еді! Әрі көптеген дос табасың. Әйтпесе өмір бойы жалғыз қаласың!


–Бұл менің шаруам! Сендер-ақ басқа жақсы гүлдермен достаса беріңдер! – деп Шегіргүл әңгімені тоқтатты.


Аралар да, басқа жәндіктер де амалсыз аппақ Шегіргүлдің жанынан ұзай берді.


Ал біздің қырсық гүліміз жалғыздықта күндерін өткізе бастады. Ән айтты, өлең оқыды, әйтеуір уақыт өткізді. Егер қатты зеріксе, өзімен-өзі сөйлесетінді шығарды.


Бірақ бір күні күтпеген жағдай орын алды. Ақ Шегіргүлдің жанына бейтаныс бір гүл өсіп шығыпты. Кезінде өзі таласқан аралар қазір бұл маңда жоқ. Алайда олар айласын асырып, алыс жақтардың бірінен әкелген гүл тұқымын Шегіргүлдің қасына егіп кеткен болатын. Осылайша Шегіргүлдің жанында әдемі гүл жапырағын жая жайқалып тұрды.


Көрші гүлдің әдемілігі Шегіргүлден өткен сұлу еді. Енді ақ Шегіргүл назарсыз қалып, бәрінің көңілі жаңа гүлге ауды.


Жаңадан шыққан гүл жай ғана сұлу гүл емес. Оның аппақ көңілі мен жылы жүзі бәрінің көңілін марқайтып тастады. Ол әрдайым айналасына жымия қарайтын. Тіпті түсі де Шегіргүлдікіндей аппақ еді. Бірақ Шегіргүлден әлдеқайда биік әрі еңселі болатын. Иісі де жұпар аңқиды.


Шегіргүлді қызғаныш сезімі билей бастады. Алайда оның қызғанышы әдемілігін де бірге алып бара жатқандай. Ол күннен-күнге солғын тартты. Аралар мен жәндіктер әлсін-әлсін жаңа гүлдің жанынан табылатын. Ал жаңа гүл болса, ешқандай қарсылықсыз тозаңдарымен бөлісетін еді.


Шегіргүлдің жағдайы қиындай берді. Оның амалы құрыды. Күндіз-түні “Бұл гүлдің көзін қалай құртсам болады?” деп ойлаумен болды.


Осылай жүргенде, бір күні ойына бір іс келді. Сөйтіп жаман ойын орындауға асықты.


Жаздың соңғы күндері болатын. Айналадағы барлық гүлдер қысқы ұйқыға дайындалып жатты. Себебі келесі көктемде қайтадан гүлдейді.


Ақ Шегіргүл барлық гүлдердің қысқы ұйқыға кеткенін күтті. Ойын жүзеге асыру үшін, біраз күтуге тура келді. Ақыры барлық гүл ұйқыға кетті.


Жылы күндерді салқын ауа райы алмастырды. Бір күні Шегіргүл жанына таныс жел досын шақырды. Одан жанындағы топырақтарды қарсы бетке үйіп қоюын өтінді. Әрине, желдің Шегіргүлдің арам ойынан еш хабары болмады. Жел одан:


–Осынша топырықты жаныңа ұшырып не қылмақсың, Шегіргүл досым-ау?!


–Мен бұл топырақтардан айналамдағы әсемдікті көре алар емеспін. Сен бұларды тура мына жерге үйіп қойсаң, керемет болушы еді, – деп жаңа гүл тұрған жерді нұсқады. – Топырақ осы жақта тұрса, айналамды да жақсы көре аламын әрі кейбір долы дауылдардан ық болады.


Жел оның айтқандарын еш мән берместен орындай берді. Барлық топырақ біткенді жаңа гүлдің өскен жеріне үйіп тастады.


Ал Шегіргүл болса, арам ойының іске асқанына масаттанып, қысқы ұйқыға кетті. Көктем келген бойда, жалғыз өзінің жайқалып, сұлу болып тұрарына сенімді еді. Ал жанындағы гүл мына үйілген топырақтан шығуы мүмкін емес. Содан соң ақ Шегіргүл қайтадан ең әдемі гүлге айналатын болады.


Ақ Шегіргүл көктемнің тезірек келуін қалады. Бірақ... Бірақ ол өзінің арам ойы орындалмай қалғанын көктем келгенде бір-ақ білді. Сол үшін жаны күйзеліп, қайғыра берді.


Көктем келе, тіршілік жаңарып, гүлдер бүр ата бастады. Бүкіл тіршілік атаулыға жан бітіп, ұйқыларынан оянды.


Алайда Шегіргүлдің топырақпен көміп қойған гүлі де жайқалып өсіп шығыпты. Жаңа гүл топырақ биік болғандықтан, оның ең төбесіне жайғасыпты. Әрі бұрынғысынан да құлпыра түскендей. Желдің үйіп кеткен топырағы оны суықтан қорғап, керісінше баптап жіберген бе?!


Жаңа көктемнің тосынсыйлары мұнымен бітпеді. Әлгі гүлдің тозаңдары былтыр жан-жаққа таралып, биыл әр жерден қылаң беріп, жайқалып өсе бастапты. Аралар мен жәндіктердің жүздері қуаныштан бал-бұл жайнады.


Ақ Шегіргүл болса, құлпырған гүлдердің арасында жалғызсырап, бір өзі қалды.


Біразға дейін ішіндегі мұңын шағатын ешкім таппады. Бір күні араларды жанына шақырып көріп еді, ешбіреуі оның жанына жоламай қойды.


Ақыры ақ Шегіргүл:

–Достар, маған үлкен сабақ болдыңдар. Сендердің арқаларыңда ақ көңіл болу керектігін үйрендім. Қателігім үшін бәріңнен басымды иіп кешірім сұраймын, – деп өкінішін жеткізді.


Жанындағы гүл болса, оған қолдан келгенше көмегін берді. Алдымен онымен әңгімелесті. Артынан дос болып алды.


Ақ Шегіргүлдің жүзіне күлкі үйірілді. Ол бұдан кейін досын мүлдем қызғанбайтын болды. Әрі бұл өмірде әдемі болудан басқа да маңызды нәрселер барын ұқты...


Ақ Шегіргүл мен оның жанындағы өсімдіктер өмірлерінің соңына дейін бақытты да баянды ғұмыр кешкен деседі.


Зинелова Жібек Құрашқызы – Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында дүниеге келген. Аудармашы, автор. Балаларға арналған «Кәмпитті жеген кім?», «Кербезмүйіз», «Әдептілік қағидалары», «Қиялдағы ғаламшар», «Сұр қоян», т.б кітаптарының авторы. Әңгіме, ертегі, фэнтези жанры бойынша ересектер мен балаларға арналған шығармалар жазады.

Бөлісу