Балаларға арналған өлеңдер. Қуат Адис

0
1 637

Жеу үшін де талқанды, Еңбек етіп терлейсің. Жауыр қылмай арқаңды, Қиындықты жеңбейсің.


Балаларға арналған өлеңдер. Қуат Адис

АТАСЫНЫҢ АҚЫЛЫ


Басқалар да байқасын –

Өсті десем Өркенім...

Ауырлығын айтасың,

Арқаңдағы сөмкенің.


Жеу үшін де талқанды,

Еңбек етіп терлейсің.

Жауыр қылмай арқаңды,

Қиындықты жеңбейсің.


Салмағына сөмкеңнің,

Ауырсынба сен бүгін!

Көтересің ертең күн,

Бұдан да ауыр ел жүгін.


Жарға жықпас нар сенім,

Жетер оған күшің де.

Болашағың бар сенің,

Сол сөмкенің ішінде.


Білсең бәрін жаман ба?

Биіктікпен тау – Ұлы!

Болмайды онда адамға,

Керек заттың ауыры.


ӘЖЕМНІҢ ӨЗІ БІР МЕКТЕП

Жүзіне бүгін түсті әжім,

Ал, менің өңім тұр көктеп.

Алғашқы менің ұстазым –

Әжемнің өзі – бір мектеп.


Жүрегі жұмсақ, алайда

Сөзінің өткір қияғы.

Әбестік көрсе қандай да,

«Тәйт» деген сөзбен тияды.


– Ырымға қазақ бай халық,

Содан да елден ерекпіз.

Адам бар үйді айналып,

Жүгірме дейді себепсіз.


Жасалар туыс, досқа арнап,

Жөнімен бәрі сый-кәдең...

Құлашты жайып қос қолдап,

«Босаға керме!», – дейді әжем.


Болса да білгір кім мейлі,

Пайда жоқ сөзден құр дәмді.

Жаратпай әжем тілдейді,

Табалдырыққа тұрғанды.


Ниетің болса болғаны,

Ісінде әрбір бар үлгі.

Ырымға жаман ол-дағы,

Таянба дейді жағыңды.


Ақылын тағы бастайды,

Есейдік десек біз енді...

Одан да тиып тастайды –

Отырсаң құшып тізеңді.


Жеңіңе жүрме тас тығып,

Халықта тылсым бар кие.

Ырымның түбі – жақсылық,

Тиымның түбі – тәрбие.


Жаманнан мені тиғасын,

Жүремін ылғи құрметтеп.

Үйреткен әдеп-ибасын,

Әжемнің өзі – бір мектеп.


ЖАЙЛАУ

Ұқсамайсың қалаға,

Сөз жетпейді бағаңа.

Керегенің көзінен,

Көз жібердім далаға.


Көтерілді күн төрден,

Тау басынан бұлт өрген.

Көк пен жердің арасын,

Тұтып қойған шілтермен.


Кеңістікті мұнша аумақ,

Қалай қойған құрсаулап.

Төңірекке тұр, әне,

Күн көзінен нұр саулап.


Бөктерлер де бүрленген,

Бір ғажайып түрге енген.

Кілем жайып тастапты,

Қызыл-сары гүлдерден.


Жайлауда отыр ауылым,

Ауасын-ай, тауының!

Шапқылаған құлыншақ,

Сипатпайды сауырын.


Құс сайрайды төбемде,

Қошақан тұр көгенде.

Тастан-тасқа секіріп,

Ұстатпайды «Шөрем» де.


Шектейді екен кім сені?!.

Қызықтың жоқ бір шегі.

Ойнақтап жүр ботақан,

Дір-дір етіп тірсегі.


Жайлау кешін ұнатам:

Мал суғарып жүр атам.

Құлын байлап жүр әкем,

Бие сауып тұр апам.


Жайлау жақсы расында,

Бүкіл бала қасында

Құрт қайнатып жүр әжем,

Қазан-ошақ басында.


Түзге керек бір адам,

Тайға мініп жүр ағам.

Түгендейді түлікті,

Қыр басынан құлаған.


Қимасам да қаланы,

Көрсем деймін даланы.

Басталғанда қыркүйек,

Қайтқым келмей қалады.


Табиғатпен тілдескен,

Төрт түлікпен бірге өскен.

Бабамның да бабасы,

Осы жерде күн кешкен.


ЕҢБЕК


Таңмен тұрып таласып,

Шиқылдайды торғай да.

Жасыл қырдан әрі асып,

Ұшып кетті ол қайда?


Жеген астың бәрі адал,

Еңбек етсең жан қинап.

Бір тынбайды аралар,

Гүлге қонып бал жинап.


Қарсы қимыл қиынға,

Ол – еңбек қой, ұқса кім!

Жаңғақ жинап тиін де,

Жаз ойлап жүр қыс қамын.


Дән шығарды дөңбекке,

Құмырсқа да тырбанып,

Баулы өзіңді еңбекке,

Осылардан үлгі алып.


НӨСЕР

Бұлт торлады аспанды,

Көк жүзінен жас тамды.

Сап тиылып долы жел,

Нөсер жауын басталды.


Көк аспанның күркірі,

Тал-теректі сілкіді.

Адамзатқа – несібе,

Жаздың осы бір күні.


Қара нөсер құйды бір,

Жер-Ананы сүйді нұр.

Ауырсынып тамшыны,

Басын төмен иді гүл.


Ақ күшігім бұғынды,

Үйшігіне тығылды.

Балапандар пана іздеп,

Әрлі-берлі жүгірді.


...Аспан қайта нұрланды,

Шуақ шашты күн нәрлі.

Нөсерден соң дүркіреп,

Әсем гүлдер бүр жарды.


Ауыл да енді ажарлы,

Дала да енді базарлы.

Бақшадағы бар ағаш,

Шаң-тозаңнан тазарды.


Жапырақтан ән құлап,

Бір жаңарып қалды бақ.

Саф ауамен тыныстап,

Дала жатыр балбырап.


Тіршілік те жанданды,

Нұр көмкерді бар маңды.

Жер мен көктің арасы,

Жібек жіппен жалғанды...


АУЫЛДА

Келді күткен жаз енді,

Қамданайын жолға алыс.

Қуантайын әжемді,

Етіп оған қолғабыс.


Жатып алмай ұзақ күн,

Шаршадым деп сапардан.

Үйренейін сұрап шын,

Шаруа жайын атамнан.


Айналасы көкпеңбек,

Көз тоймайды қараса.

Ауласында шектеу жоқ,

Ауыл неткен тамаша!


Атаммен бір мінгесіп,

Торы төбелмен қой бақтым.

Оңашада тілдесіп,

Күшігімді ойнаттым.


Шиқылдаған ұрыншақ,

Балапанға шаштым жем.

Анау жүрген құлыншақ,

Ол да менен бас білген.


Ботақан жүр ойнақтап,

Үстінде екі түйіншек.

Ондай бота қайда аппақ?!

Ол да маған үйірсек.


Арам шөптен тазартып,

Бақшаны да баптадым.

Қора-жайды жаңартып,

Тезекті де қаптадым.


Бұзауымды суардым,

Қозы-лаққа шөп бердім.

Ата-әжемді қуантып,

Жаз айын да өткердім.


Әжем берді құрт, майын,

Және атамнан бата алдым.

Біліп жер мен жұрт жайын,

Үлкен жігіт атандым.


Аңсап келсем, саялы

Ауыл құшақ жаяды.

Қайтпас едім, әттең-ай,

Қыркүйек те таяды.


Жиғанымды даладан,

Енді есімде сақтармын,

Міне, бүгін қалаға,

Азамат боп аттандым.


АСЫҚТАРЫМ КӨП МЕНІҢ

Қатал кейде қала тым,

Аула да тар, тар үй де.

Ойнап асыр салатын,

Ауыл жақсы, әрине!


Жүр ем жазда барам деп,

Ертіп кетті ағам кеп.

Атам, әжем жинапты,

Бір қалта асық маған деп.


Шиырласам үй маңын,

Берер маған сыйға кім?

Сақамды атып тағы да,

Бір қалта асық жинадым.


Ойынға-ойын ұласып,

Мергендікті сынасып.

Бір жұмада тер төгіп,

Жинап алдым мың асық.


Қайтып үйге олжалы,

Қуанттым көп атамды.

Асығынан құлжаның,

Сайлап берді сақамды.


Әжем үшін дәл бүгін,

Ойыншылар алдымын.

Бояп берді сан түске,

Асығымның барлығын.


Қалада енді күй бөтен,

Ауламыз тар, қиын-ақ.

Сонда да асық үйретем,

Достарымды жиып ап.


Қуат Адис 1978 жылы 14 тамызда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Болашақ уаниверситеті журналистика факультетінің түлегі. Қазірде Жалағаш аудандық Жалағаш жаршысы газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқарады. Көңіл керуені, Қоңырбек пен Содырбек атты кітаптардың авторы.