Қысқа мерзім ішінде толық жаңартылған ғимарат қазіргі заман талаптарына сай безендіріліп, пайдалануға берілді.
Түркістан қаласында жаңа Өнер орталығы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Республика күні Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытуға арналған жаңа Өнер орталығы ашылды.
Салтанатты ашылу шарасына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қала басшысы тұрғындарды жаңа Өнер орталығының ашылуымен құттықтап, жаңа нысанның жас ұрпақтың шығармашылығын дамытуына, өнер мен білімге деген қызығушылығын арттыруға серпін беретін маңызды мәдени кеңістік екенін атап өтті.
К.Байсеитов көшесінде орналасқан нысанға биыл маусым айында мердігер мекеме мен тапсырыс беруші арасында келісімшарт жасалып, үш ай ішінде орталықта ауқымды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қысқа мерзім ішінде толық жаңартылған ғимарат қазіргі заман талаптарына сай безендіріліп, пайдалануға берілді.
Өнер орталығында 36 түрлі үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында робототехника, ағылшын тілі, Ясауитану, би, қолөнер және өзге де бағыттар бар. Жалпы 1460 бала үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытып келеді.
Бүгінде Түркістан қаласында 6 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бүгін жаңа ғимаратқа ие болып отырған қос мекемемен қатар «Оқушылар сарайы», «Ақжайық» музыка мектебі, Балалар саз мектебі және «Қолөнер мектебі» де балаларды қосымша білім беруге қамтып, түрлі үйірмелерді жүргізіп келеді. Аталған білім беру мекемелеріндегі 60-тан астам үйірмеде 3429 бала қосымша білім берумен қамтылған. Сонымен қатар 50000-ға тарта оқушылар мектептегі үйірмелерге қатысады. Бұл қаладғы жалпы оқушылардың 85,7 пайызын құрайды.


