Бұлақ неге бүлінді? Ертегі

0
1 839

Сенің маған қарсы тұра алмайтының анық. Келген жолыңмен кері қайт!, - деп бұлданды қара тас.


Бұлақ неге бүлінді? Ертегі

Ерте, ерте, ертеде мұз құрсанған алып таудың асқарынан бір бұлақ жолға шығыпты. Жылғаларды бойлап ағып келе жатқан бұлақтың алдынан бір үлкен тас шығып жолына бөгет болған екен. Өмірлік сапарында бірінші рет кедергіге ұшыраған бұлақ не істерін білмей абдырап қалады.


- Әй, не түсі, не дәмі, не пайдасы жоқ сылдыр су. Жан-жағыңды жайпап қайда бара жатырсың? Сенің маған қарсы тұра алмайтының анық. Келген жолыңмен кері қайт!, - депбұлдандықара тас.


Бірақ, бұлақ тек ылдидағы жолмен алға жылжуды білетін. Артқа қайта алмасын білген бұлақ не де болса бар күшін жинап, тасты басып өтуге бел буады. Сөйтіп, қайсар бұлақ таудың тапжылмайтын үлкен тастарын артта қалдырады. Ал, тәкаппар тастар жайпап өте шыққан тау суының астында қала беріпті. Сарқырап аққан бұлақтың арнасы ашылып, әрі қарай жол жүреді.


Таудан ағып келе жатқан суға шөлдеп жүрген арқарлар жолығады:


- Сен сондай мөлдір, тұнық неткен сусың!? Сендей таза бұлақты алғаш көруіміз. Шөлімізді басып, өзіңнен дәм татсақ бола ма?


Арқарлардың айтқан сөзіне риза болған бұлақ өзінің тұнық суынан дәм татқызады. Осылай көңілденіп ары қарай жолға шыққан бұлаққа адамдар жолығыпты. Адамдар айтты:


- Сені бізге көк тәңірінің өзі жіберген шығар мөлдір бұлақ. Қандай ерке, қандай кіршіксіз таза едің?! Біз сенің суыңа шомылып, салқындап алсақ бола ма?


Адамдардың лебізіне қуанған бұлақ өзінің суына жуынуға рұқсат етеді. Олардың алғысын алып мөлдір бұлақ тағы жолға шығады. Осылайша, бұлаққа жолыққан тірі жанның бәрі оның игілігін көріп, рахметін айтып жүретін болыпты. Көктегі күн де, тау баурайындағы орман да бұлақты еркелетіп, оның сондай ерекше жаратылыс екенін айтудан жалықпапты.


Күн өткен сайын бұлақ бойындағы ерекше қасиеттің бар екенін естіп, бақыттан бал-бұл жайнай түсіпті. Сөйтіп, күндердің бір күні бұлақ тау етегіне де келіп жетеді. Жердегі тіршілік иелері де бұлақты құшақ жайып қарсы алады. Бұлақ жер бетінде жалғыз өзі ғана тұратындай еркінсіп,түнде гүрілдеп ақса, күндіз еркелеп сыңғырлап, сықылықтай күліп ағады.


Енді тау суының алдынан үлкен өзен шығады.


- Ерке бұлақ, армысың! Таудың құзар шыңынан бойыңдағы бар тамашаны бұзбай сақтап, бізге жеткеніңе қуаныштымын. Енді маған қосыл, екеуміз бірігіп үлкен теңіздер мен мұхиттарға қосыламыз. Қаншама кемелерді жағасына жеткіземіз. Қаншама тіршілік иелерінің панасына айналамыз.


Осы күнге дейін табиғаттың сүйіктісі болып келген бұлаққа бұл ұсыныс ұнамайды. Өзенге қосылса оны бұрынғыдай ешкім мақтап, қошеметін төкпейтіндей көрінді. Бұлақ сондықтан мынадай шешімге келді:


- Қош көрдік, өзен! Өзің мендей тұнық емес, лай екенсің. Менің саған қосылатын ойым жоқ. Тау басынан бері көп жол жүріп шаршадым. Енді тынығуым керек. Сен мені күтпей, жаңағы, теңіз дедің бе, мұхит дедің бе соларға бара бер.


Осыны айтты да бұлақ арнасынан бұрылып бір шұңқырға келіп жайғасты. Мақтау сөзді, құрмет-қошеметті көтере алмаған бұлақ алға қарай жылжымастан сол шұңқырда демалып ұзақ жатады. Өзен болса өзінің өмірлік сапарын жалғастырып аға берді. Әлемнің көрікті жерлерін де көрді, небір кедергілерді де жеңді. Ал, бұлақ болса сол күйі орнынан қозғалған жоқ. “Мені онсыз да бәрі жақсы көреді, әдемімін, тазамын, талай тіршілік иесі маған зәру.Енді қайда асығам?”. Осылай ойлап жатқан мөлдір бұлақ көп ұзамай сасық шалшыққа айналды. Ешқайда жылжымай қойған соң суға балдыр өсіп, айналасын мүк басты. Өзінің даралағын біліп дандайсып кеткен мөлдір бұлақ бойындағы бар кереметтен айырылып, лай көлшік күйінде қала беріпті. “Болдым деген бүлінеді, жеттім деген жығылады” деген нақыл сөз осы бұлақ сияқтыларға қарап айтылса керек.


Айым Алтайқызы.

Бөлісу