Бұрқасын ханым – ертегі. Ағайынды Гриммдер

0
505

Бір күні жіп иіріп отырып, саусағының қанын ұршыққа жұқтырып алады.


Бұрқасын ханым – ертегі. Ағайынды Гриммдер

Бір жесір әйелдің туған қызы және өгей қызы болыпты. Өгей қызы көрер көзге көрікті, биязы екен де, өз қызының сырт пішіні ұсқынсыз, оның үстіне кержалқау болса керек. Жесір әйел туған қызын жанындай жақсы көріп, тамақтың тәтті-дәмдісін соның аузына тосып, сөкет қылықтарын да елемейді екен, ал өгей қызына күндіз-түні жұмыс істетіп, жарытып тамақ та бермепті.


Ол күн сайын таң сәріден құдықтың басында отырып, жіп иіретін болса керек. Ұршықты иіре-иіре кейде саусақтары қанап та қалады екен.


Бір күні жіп иіріп отырып, саусағының қанын ұршыққа жұқтырып алады.


Ұршықтағы қанды шайып жібергелі құдыққа еңкейгенде, ұршық қолынан құдыққа түсіп кетеді.


Өгей қыз ботадай боздап, үйге келіп, болған істі өгей шешесіне айтады. —


Түсірген өзің, өзің алып шығасың,— дейді өгей шеше тас-талқан болып ашуланып.— Байқа, ұршықсыз табалдырықтан аттаушы болма.


Қыз байғұс құдықтың басына қайтып келеді де, күйініп кетіп, суға күмп береді. Күмп беруі-ақ мұң екен, есінен танады.


Есін жиғанда көзін ашса, жайқалған көгалдың үстінде жатыр, күн төбеден нұрын төгіп тұр, төңірегі құлпырған гүл-бәйшешек.


Қыз түрегеліп, біраз жер жүріп еді, алдында жазықта тұрған пешті, пеште пісіп жатқан нанды көреді. Нан қызға тіл қатады:


— Ау, қыз, мені пештен тезірек ал! Ой, ал тезірек! Әбден пісіп болдым. Алмасаң, күйіп кетемін!


Қыз қолына күректі ала салып, нанды пештен шығарды.


Сонсоң біраз жүріп, алма ағашына тап болады. Ағашта піскен алма тұнып тұр екен.


Алма ағашы: — Ау, қыз, селкілдетші, мені, селкілдет! Алмам піскелі қай заман!—деп үн қатады.


Қыз ағашты селкілдетіп еді, алма жерге жаңбырша жауды. Бұтақта бірде-бір алма қалмай, түсіп болғанша, ағашты селкілдете берді.


Қыз алманы бір жерге үйеді де, әрі қарай жүре береді. Ақыры, бір кішкентай үйдің қасына келеді. Терезеден бір кемпір қарайды. Аузынан аппақ үлкен тістері сойдиып көрініп тұр. Кемпірді көре салып, қыз зәресі ұшып тұра зытпақшы болып еді, кемпір дауыстап:


— Қарағым, қорқып кеттің бе? Менің жанымда қалғаның жақсы. Шаруаны жақсы істесең, өзіңе жақсы болады. Тек төсегімді жайлап салып беретін бол, құс төсек пен құс жастықты жақсылап сілкі, қауырсын бұрқырап жан-жаққа ұшатын болсын. Мұнда менің құс төсегімнен қауырсын бұрқырағанда, жер үстіне қар жауады. Менің кім екенімді білемісің? Мен — Бұрқасын ханыммын,— дейді.


— Құп,— дейді қыз,— мен сіздің шаруаңызды істеуге ризамын.


Сөйтіп, қыз кемпірдің қолында тұрып қалады. Ол жақсы, үлгілі қыз болатын, кемпірдің айтқанын екі етпей, бұлжытпай атқарып жүреді.


Құс төсек пен құс жастықты қатты қаққанда, қауырсын жан-жаққа бұрқырап қарша ұшады.


Қыз Бұрқасын ханымның қолында жақсы тұрып жатады. Бұрқасын ханым даусын көтеріп бірде-бір зекімейді, тәтті, дәмді тағамды аузына тосып отырады.


Дегенмен, біраздан соң қызға бір сағыныш пайда бола бастайды. Бастапқыда нені сағынатынын өзі де түсінбейді — мұндағы жағдайы үйіндегіден мың есе артық қой, бірақ өз үйін, ошақ басын сағынатынын сонсоң барып сезеді. Қанша жаман болғанмен, туып-өскен, бауыр басқан мекені ғой ол.


Бір күні қыз кемпірге мұңын шағады:


— Үйімді сағындым. Сіздің үйде тұрмысым жақсы болғанмен, мұнда енді қала алмаймын. Туған-туысқанымды көргім келеді.


Бұрқасын ханым тыңдап болып:


— Туған-туысқаныңды ұмытпағаның маған ұнап отыр,— дейді.— Шаруаны жақсы атқардың. Сол үшін үйіңе қайтатын жолды өзім көрсетіп жіберемін.


Қызды қолынан жетектеп абажадай қақпаның алдына алып келеді. Қақпа айқара ашылып, қыз өте бергенде, үстінен саудырап алтын төгіледі. Қыз сол бойы қақпадан алтынға көміліп шығады.


— Сенің ақ ниетің үшін берген сыйлығым бұл,— дейді Бұрқасын ханым және анада құдыққа түсіп кеткен ұршығын қолына ұстатады.


Сол-ақ екен, қақпа сарт етіп жабылады да, көзді ашып-жұмғанша қыз қайтадан жердің үстіне шығады. Басқа жаққа мойын бұрмай, өгей шешесінің үйіне келеді. Аулаға кіріп еді, құдықтың үстінде отырған әтеш әндетіп жібереді:


Ку-кә-ре-ку, қыз келді!


Алтынға аптар бізді енді!


Өгей қызының көп алтын әкелгенін көрген өгей шеше оны жылы жүзбен қарсы алады. Ұзақ жоғалып кеткені үшін ұрыспайды да.


Қыз көрген-білгенін бастан-аяқ тәптіштеп айтып береді. Өгей шеше өз қызының да мол байлыққа қолы жетіп, үйге көп алтын әкелсе екен деп армандайды.


Жіп иірткелі құдықтың басына апарып отырғызып қояды. Кер жалқау қыз құдық басында отырғанмен, жіп иірмейді. Бар болғаны ұршықтың сабымен тырналап саусағын қанатады да, қанды ұршыққа жағып, құдыққа тастап жібереді, соңынан өзі де суға күмп береді.


Ол да әлгі гүл-бәйшешек құлпырып өсіп тұрған көгалға тап болады. Жалғыз аяқ соқпақпен жүріп, көп ұзамай ішінде нан пісіп жатқан пешке келеді.


— Ау,— деп нан дауыстайды.— Пештен шығарып ала көр! Тезірек шығарып ал! Әбден пісіп болдым. Біраздан соң күйіп кетемін!


— Күймек түгіл, жанып кет! Саған бола қолымды былғасам-ау,— деп, жалқау қыз ары қарай жүре береді.


Сонсоң қыз алма ағашының қасына келеді, алма ағашы қызға үн қатады: —


Ау, қыз, селкілдетші мені, селкілдет! Алмаларым піскелі көп уақыт болды!


— Қарай гөр өзін, қарай гөр өзін,— деп жауап қатады қыз,— мен сені селкілдетсем, алма түсіп, басымды ісіріп жібереді.


Ақыры жалқау қыз Бұрқасын ханымның үйіне келеді. Бұрқасын ханымнан тіпті қорыққан да жоқ. Бұрқасын ханымның сойдиған тістері барын, түрі-түсінен кісі қорқарлық емес екенін әпкесі айтқан болатын.


Сөйтіп, жалқау қыз Бұрқасын ханымның жұмысын істеуге кірісті.


Алғашқы күні өйтіп-бүйтіп жалқаулығы ұстамай, Бұрқасын ханымның айтқанын екі етпеуге тырысып бақты, құс төсек пен құс жастықтарды қаққанда қауырсын жан-жаққа қарша бұрқырады.


Екінші және үшінші күндері жалқаулығы ұстай бастайды. Таңертең орнынан зорға тұратын болады, шешейдің төсек-орнын жөндеп жинамайды, құс төсек пен құс жастықтарды қағып-сілкуді мүлде қояды.


Мынадай қызметші қыздың қылығына мезі болған Бұрқасын ханым шыдамы таусылып:


— Үйіңе қайт!—десе керек.


Жалқау патшағар қуанып кетеді! «Е,— деп ойлайды,— қазір алтынға қарқ етеді ғой». Бұрқасын ханым қызды абажадай қақпаның алдына алып келеді. Қақпа айқара ашылады. Жалқау қыз қақпадан шығып бара жатқанда, үстінен саудырап алтын төгілген жоқ, бір қазан қара май қотарылады. — Істеген жұмысыңа лайық сыйлық осы,— деп, Бұрқасын ханым қақпаны тарс еткізіп жауып алады. Жалқау қыз үйіне келгенде, құдық басында отырған әтеш:


Қыз келді кір-қожалақ, Етер енді жұрт мазақ,— деп шақырып жібереді.


Сөйтіп, үстіне төгілген қарамай әбден сіңіп, терісі өмір бойы қара қожалақ болып қалса керек.

Бөлісу