Бұлардың дені бейбіт заманда Испания қоныстары арасында сауда кемелеріне қырғидай тиген теңіз қарақшылары-тын.
Чарльз екінші Жаңа Нидерландтың тұтастай аумағын оның жоғары мәртебелі төрелерінен, Голландияның генералдық штаттарының құдайсымақтарынан тартып алғанына көп бола қоймаған, ел іші әлі де болса аласапыран күйде тұрған бір кездерде бұл өңір өлермен авантюристер мен әсіресе жолдан тайған ұры-қарының жиылып жынойнақ құратын жері болды.
Бұлардың дені бейбіт заманда Испания қоныстары арасында сауда кемелеріне қырғидай тиген теңіз қарақшылары-тын. Олар оп-оңай кіріп-шыға беретін Манхэттен айлағының бостығы мен мимырт өкіметтің салғырттығын пайдаланып бұл жерді өздеріне теңізден тапқан қазына-байлықтарын шашатын, сондай-ақ, алда болатын қарақшылық шабуылдың жай-жапсарын ойластыратын оңтайлы орын етіп алған-ды. Өз елдерінде қуғын көріп қашып-пысқан осынау кезбе-жендеттер күндіздің өзінде топ-топ болып шағын кент көшелерімен жұртты қаға-соға алшаңдай басып жүре беретін. Олар шет жерлік бағалы заттарды есепке жүйрік саудагерге жарты бағасына сататын да, тапқан пайдасын шарапханаларға барып шашатын. Шарапқа сылқия тойып алып құмар ойнайтын. Ауыздарына келгенін айтып балағаттап, кезі келсе жұдырықтарын ала жүгіріп төңіректі бастарына көтере азан-қазан болатын да жататын.
Ақыры, өкімет ұйқысынан оянып, бұндай тойымсыз тоғышарларды елден біржола қуып шығу керек деген пәтуаға келеді. Өздеріне аяушылық болмасын сезген қарақшылар арасын үрей жайлайды. Бұрынғы жерұйықтары енді өздеріне қауіп-қатер боп төнеді. Амалы таусылған олар ақшалары мен асыл бұйымдарын адам аяғы жетпейтін өзендер мен теңіздің алыс жағалауларына жанталаса жасырып, өздері қараларын көрсетпестен басы ауған жақтарына тайып тұрады.
Оларды құрықтауға жіберген жалдамалы теңізшілердің ішінде атышулы капитан Кидд те болды. Кезіндегі нағыз қызылкөз авантюрист кәдуелгі саудагерлік пен тісқаққан контрабанданың құлағын тең ұстаған бәле-тін. Біраз уақыт қарақшылармен алыс-беріс те жасасып тұрған. Ондай кездері, көзге түсе қоймайтын шағын ғана желкенді кемесімен теңіз төсін көлеңкедей кезіп, қазыналы жерлердің бірінен екіншісіне қарай қанатын желге тосқан дауылпаздай жүйткіп бара жатқанын көресіз.
Осынау табиғаты алабөтен жанды өкімет қарқашыларға қарсы жорық кемесін басқаруға лайық бірден бір адам деп табады. Өйтетіні, ол қарақшылар жасырынуы мүкін жерлерді бес саусағындай білетін. Сөйтіп, Кидд оқ-дәрі қоры мол, жақсы жабдықталған Жиһангез кемесіне мініп Нью-Йорктен аттанып кетеді. Сол жүзгеннен жүзіп отырып Мадейрге, сосын Бонавистке, одан ары Мадагаскар асып, соңында Қызыл Теңіздің құяр аузына дейін жүзіп барады. Бір өкінерлігі, қарақшыларға қарсы ұрыс салудың орнына, өзі де сол қарақшылықтың жолына түседі. Дос демей, жау демей кезіккенін тонай береді. Бірде басшысы ағылшын, матростары маврлардан жасақталған үндінің қазына толы кемесін шабуылдап ырғын байлыққа кенеледі. Осылайша теңізден тапқан несібесін кемесіне сықа басып алып, қоластындағы жентеттерімен бірге Бостонға келіп қайранға шығады.
Оның дақпырты Бостонға өзінен бұрын жеткен. Теңізде тағы бір қарақшының пайда болғаны айтылып, дабыл қағылады. Тұтқындау жөнінде жоғарыдан бұйырық түседі. Бірақ, айтуға қарағанда, ол қазынасының үлкен бөлігін жасырып үлгерген-мыс. Тіпті, тұтқындар кезде қылышын суырып қарсыласпақ та болыпты, әбүйір болғанда қаруы тартып алынып, бірнеше серігімен түрмеге қамалады. Оларды қарауыл кемесімен Англияға жөнелтеді. Сол жерде үкімі оқылып, дарға асылады. Кидд бірден өле қоймапты. Мойынына байлаған арқан ауыр салмақты көтере алмай үзліп кетіпті де, Кидд жерге құлапты. Сосын екінші рет қайта асыпты. Сонда барып жаны үзілген. Оның дарға екі рет асылғаны туралы алыпқашпа әңгіме содан қалса керек.
Кидд жайлы әңгіменің ұзын-ырғасы осы ғана. Бірақ оның аты бірнеше ұрпақ бойы азуыздан түскен жоқ. Тұтқындалардан бұрын алтын мен бағалы бұйымдарға толы қазынасын жасырып үлгергені жайлы әңгіме мейірімді қауымның көзін қызартып, тыныш алды. Қазына анда екен, мында екен деген алыпқашпа әңгімелерде есеп болмады. Бірде осында десе, енді бірде шетелде десті. Әйтеуір, не ағаш не таста жасырулы көмбеге адаспай апаратын құпия белгілер салынған көрінеді. Тіпті, Кидд Қызыл теңізде жүргенде үнді кемесінен тонаған, бетінде арап жазулары бар алтын жармақ табылыпты-мыс. Қарабайыр қауым оны ібісітің қолтаңбасы десіп, гуілдесіп жүрді.
Қазына Плимут пен Кейп Кодтың адам тұрмайтын иен түкпірлерінің біріне жасырылған деп тайға таңба басқандай ғып айтқандар да болды. Әйтеуір, осы сияқты дақпырт пен жел сөзге желіккен қазына іздеушілер Шығыс жағалауды түк қоймай қопарып, Лонг Айлндтағы Саундты бұлын-пұшпағына дейін үгел тақтарып-теңкеріп шықты.
Сапырылысқан осынау қазу мен қопарыстырулардың бір басында қашанда азғырушы әзәзілдің өзі тұрды. Алдымен ол қазынаны тауып беретінін айтып алдап-арбап, қызықтыратын, не іле-шала соның бұлтартпас шарттарын орындауға тырп еткізбей көндіретін. Ол әлі күнге дейін қазынаға құнығушылардың көзін қызықтырып, алдап-арбаумен жүр. Кейбірінің жолы болып қазына толы сандықты өз көздерімен көргендері де бар. Бірақ, бәрінің соңында міндетті түрде бір қырсық дайын тұратын. Әйтеуір, қазылған ордың топырағы опырылып бетін жауып қалатын, не күңіренген бір дауыс естіліп әлде қайдан бір елес пайда болатын да, зәресі ұшқан байқұстар ол маңға қайтып жоламайтын. Кейде әзәзіл оларды бұйырғалы тұрған қазынадан өзі мақұрым ететін. Келесі күні келгенде қазылған ордан ешқандай белгі қалмайтын.
Құлағымда жатталып қалған осы әңгімелер менің ұзақ жылдар бойы қарақшылар өмірінің қызықты тұстарын білсем деген құшрталығымның адам төзгісіз азабына шыдауыма себепші болды. Дүниеде ақиқатты іздеуден асқан машақат жоқ шығар. Бірақ мен қанша жерден барымды салғаныммен, осынау өлкенің өткен-кеткенін мендей толық ешкім білмесе де, ұзаққа дейін менің жанкешті ізденісімнен жартымды нәтиже шыға қоймады.
Ақыры мынадай бір оқияғаға тап болдым. Жаздың соңғы айнының маужыраған бір күні болатын. Дамылсыз еңбектің мехнатынан өзімді бір күнге босатпақ болып, бала күннен сүйікті мекеніме айналған жағалау суына қармақ сала бардым. Жалғыз емеспін. Қасымда қаланың бірнеше құрметті азаматы бар. Қанша күтсек те қармағымызды қапқан балық болмады. Балық аулайтын жерімізді қайта-қайта ауыстырсақ та ештеңе өзгермеген соң, ақырында Манхэттен аралының күншығыс жағындағы жартасты жағалаудың кемеріне таяп барып зәкір тастадық. Күн тымық, жылы болатын. Су беті толқынсыз, жай шымырлап қана қозғалады. Төңірек құлаққа ұрған танадай. Кенет, бізді таңқалдыра қураған ағаш бұтағынан зу етіп аспанға көтерілген балықшы құс жемін көздеп ауада бір ауық қалықтап тұрды да, артынша тік шаншылып суға күмп берді. Тымық күннің жылымығы бойымызды балқытып, балық аулаудың жалығышты бір сарынынан маужырай түскен біз қыбыр етпей қайықта отырмыз. Арамыздағы құрметті алдерменнің бірі бір сәт қалғып кеткені сол еді қолындағы қармақтың батырғысы су түбіне шым етіп бата жөнелді. Селк етіп оянған ол қармаққа ауыр бір нәрсенің ілінгенін байқады да, тартып судың бетіне шығарды. Бәріміз қайран қалдық. Тот басып шіруге айналған, ұзын ұңғылы, жат жердікі деуге болатын тұрқы таңқаларлық тапаншаны көрдік. Құрт жеген құндағы мен бақалшық басқан түріне қарап су астында ұзақ жатқанын топшылауға болады.
Күтпеген жерден табылған осынау соғыс жәдігері манадан үнсіз отырған серіктеріме таптырмас тақырып болды. Әркім өз жорамалын айтып гуілдесіп кетті. Бірі бұл Азаттық соғысы кезінен қалған болу керек десе, екіншісі, оның сирек ұшырасатын пішініне қарап алғашқы қоныстану кезіндегі теңізшілерге тиесілі екеніне сенімді, керек десең тіпті, Лоң Айленд Саунды зерттеп, кейін ірімшігімен аты шыққан Блок Айлендты ашқан атақты Адриан Блоктың тапаншасы болып шығуы да ғажап емес. Ал үшінші біреуі тапаншаны ары-бері ұстап көрді де, нағыз Испания туындысы екенін кесіп айтты.
- Бәс тігем, - деді ол, - егер мына тапаншаға тап қазір тіл бітсе, Испан төрелерінің қиян-кескі шайқастары жайлы небір хикаяны жатқа соғар еді. Бұның сонау қарақшылық заманынан қалған көненің көзі екеніне күмәнім жоқ.
- Қисыны бар - деді тағы бірі әңгімеге араласып, - кезінде Лорд Беламонт қарақшыларды теңізден түре қуғанда Қарақшы Брадиш деген біреу алтын-күмістерін осы маңға ма әлде Лонг Айлндқа ма әйтеуір көміп кетіпті деседі. Оның артынан әлгі Капитан Кидд деген тағы шығады...
- Өй, ол капитан Кидд деген немең нағыз жүрек жұтқан иттің өзі - деді салқын жүзді Кейп Кодтық кит аулаушы, - тіпті оған арнап шығарған өлең жолдары да бар:
Ныспым менің Роберт Кидд,
Келем жүзіп, келем жүзіп.
Керек десең, қасиетті інжілді жерге көміп, әзәзілдің батасын қалай алғаны да айтылған.
Алғаным інжіл кітап қолыма,
Жүзіп келем, жүзіп келем.
Көмдім оны терең құмға,
Жүзіп келем.
Құдай атсын, егер бұл тапанша шынмен сол қарақшы Кидтің тапаншасы болса, онда оны ойланбастан бәсі жоғары заттың қатарына қосар ем. Айтқандай, Кидтың көмулі қазынансын әлде қандай Том Волкер деген біреудің қалай тауып алғаны жайлы естігенім бар. Балық қазір қармағымызды қаба қоймайтын тәрізді, уақыт өтсін, соны сіздерге айтып берейін.
Ағылшын тілінен аударған Нағыз Қапшықбайұлы