Көпір. Бердалы Рысбеков

0
609

Бірінші боп көпірге балалар келді.


Көпір. Бердалы Рысбеков

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Ауыл шетіндегі шағын өзенге үлкендер көпір салды.


-О, көпіріміз жақсы шықты, жақсы болды - деп шуласты ауыл адамдары біткен көпірді айнала тамашалап.


-Ал көпір, енді адамдарға қалтқысыз қызмет ете бер!, - деді Әбіш ұста ара-балтасын үлкен қара сөмкеге нығарлап жайлап жатып.


-Рахмет!- деп көпір сыбырлады. Бірақ оның даусын адамдар неге де есіткен жоқ.


Бірінші боп көпірге балалар келді.


-Ой, қандай әдемі көпір? –деді олар тақтай көпір үстінде әрі -бері шапқылап.- Рахат! Мына жерден суға секіріп ойнауға да болады екен.


Оған көпір масаттанып дір-р сілкініп бірдеңе айтпақ еді, оны онсыз да мәз боп жүрген балалар құлағына ілер болмады.


Аздан соң ат мінген екі жолаушы келді.- Бәрекелде-е, ел болған соң осындай болу керек! - деді жолаушылар. – Ынтымағы жарасқан ел екен, жап-жақсы көпір салыпты.


Аттар тастай тұяғымен тақтайды тарс-тұрс ұрып ә демей-ақ өте шықты. Ал көпір олардың зілдей салмағын көрдім де демей былқ етпестен тұра берді. Көп ұзамай есек мінген қарт келді. Тарсылдағанөз тұяғынан өзі үріккен есек аяғын санап басады. Шу-шулеген қарт көпірден өтіп, арқасына қарап тұрып;


- Рахмет, саған көпір – деді. - Бұрын мына жаман есекті кешуге сап, су жалдатып қор болушы ек. Жақсы болды.


-Рахметті маған емес, мына елге, анау Әбіш ұстаға айтыңыз - деп айқайлады көпір. - Мені салған солар.


Бірақ оны құлағының мүкісі бар қарт қайдан естісін. –Иә, айналайын жастар аман болсын, мына ел -жұртым аман болсын - деп екі бетін сипап, бата жасады да, есегін ықы-ықылап кете барды.


Бұған марқая түскен көпір тағы да дір-р сілкініп, тағы да бірдеңе деп айқайлағысы келіп еді, бірақ оны бәрібір ешкіместімейтінін ойлап қоя қойды.


Сол-ақ екен, кенет оның өн бойын бір көнілсіздік басты.


-Мені неге ешкім естімейді? - деді көпір қатты мұңайып. -Мені неге ешкім естігісі келмейді ә!.


Сол ақ екен: – Қапа болма!,мен сені манадан бері естіп тұрмын - деді анадайда тұрған кәрі терек. Сен мұңайма! Сен өте бақыттысың көпір. Әне өткендердің бәрі саған риза!


-Мен бақыттымын ба? - деді көпір оны қайталап.


-Әрине бақыттысың- деді кәрі терек, - түсіне білген жанға ел –жұрттың алғысын алғаннан артық бақыт бола ма?