Әлемдегі ең ҚЫМБАТ қонақүй нөмірлері ҚАНША тұрады?

0
247

Ыстамбұлдан Дубайға, Нью-Йорктен Мальдив аралдарына дейінгі люкстер әлемі


Әлемдегі ең ҚЫМБАТ қонақүй нөмірлері ҚАНША тұрады?

Сурет: i.pinimg.com

Әлемдегі алдыңғы қатарлы, танымал қонақүйлер тек қана қонып шығуға, демалуға арналған орын емес, кейде олар шынайы өнер туындысы мен сән-салтанаттың шыңы ретінде қабылданады. Ал ондағы ең қымбат нөмірлер – жай жайлылық қана емес, сән-салтанат пен эксклюзивтіліктің шынайы символы.

Су астындағы жатын бөлмелер, мегаполистің үстінен қарататын пентхаустар, жеке аралдардағы виллалар... – мұндай нөмірлерде жайлы ұйқы ғана емес, ерекше өмір тәжірибесі ұсынылады. Жеке бассейндер, батлерлер, тікұшақ трансферлері, эксклюзивті SPA рәсімдері, су астындағы экскурсиялар, басқа да эксклюзивті қызметтер қонақтарға өзін патшадай сезінуді сыйлайды.

Бұл мақалада біз әлемнің ең қымбат және сәнді қонақүй нөмірлеріне шолу жасаймыз. Олардың қайда орналасқаны, қандай қызметтер ұсынылатыны, бағасы мен ерекшеліктері туралы ақпарат береміз (бағалар маусымның ең қызған кезеңінде көрсетілген). Ал сіз Ыстамбұлдан Дубайға, Нью-Йорктен Мальдив аралдарына дейінгі люкстер әлеміне саяхат жасап, қай нөмірде түнеуді таңдайтыныңызды шешіп, шекңсіз арманға беріліңіз. Олардың ерекшелігін, сән-салтанатын, қандай сезімдер сыйлайтынын тұла боймен сезінуге тырысыңыз. Бәлкім, бұл сіз үшін жай арман боп қалмай, шынайылыққа айналар.


  • Shangri-La Bosphorus, Ыстамбұл
  • Бағасы бір түнге — 25 мың АҚШ долларынан басталады

Босфордың тарихи жағалауында орналасқан бұл қонақүй — Шығыс пен Батыс әлемі тоғысқан заманауи сарай. Қонақтарды су мен көпірлерге ашылатын әсем көріністер, сондай-ақ жаңа ғасыр рухында қайта ойластырылған османдық сән-салтанат қарсы алады. Нөмірде алтын жалатылған және мәрмәрмен көмкерілген жеке түрік хамамы бар.

Ақпан айында бұл нөмірді 25-28 мың доллар аралығында жалдауға болады. Егер ол бос болмаса, қарапайымырақ Barbaros Suite нөмірі бар, оның құны – 10 мың доллар шамасында. Ал қонақүй атмосферасын сезіну үшін стандартты нөмір — тәулігіне 355 доллар тұрады.


  • Burj Al Arab, Дубай
  • Президенттік люкс 30 мың доллардан жоғар

Дубайдың символына айналған бұл қонақүй екі қабатты, екі жатын бөлмелі Президенттік люкс нөмір ұсынады. Сізді жеке батлер қарсы алады.

Батлер жеке көмекші, жеке хатшы мен үй қызметшісінің біріктірілген нұсқасы. Оның қызметіне мыналар кіруі мүмкін:

  • Қонақты қарсы алу, бөлмесін дайындау, заттарын реттеу
  • Тамақ пен сусындарды жеткізу, дастарқан ұйымдастыру
  • Тікұшаққа немесе көлікке трансфер жасау
  • Қонақтың қалауы бойынша арнайы іс-шара ұйымдастыру
  • Қажет кезде жеке кеңес беру немесе тапсырмаларды орындау

Яғни, батлер – қонақтың барынша жайлы әрі эксклюзивті демалуын қамтамасыз ететін адам.

Қонақүйге Rolls-Royce көлігімен жеткізеді. Ал бөлмеде мейманды таңдауға болатын тоғыз түрлі жастық пен Hermès ваннаға арналған құралдары күтеді. Люкстің ішінде қымбат жиһаз, сусал алтынмен әрленген детальдар және шексіз кеңістік бар. Мұнда «тым көп» деген ұғым мәнін жоғалтады.

Ақпанда туроператорлардағы бағасы 41 мың доллар шамасында. Президенттік люкстен бөлек, Burj Al Arab-тағы ең қолжетімді нөмір 2350 доллардан басталады.


  • Four Seasons, Нью-Йорк
  • Ty Warner Penthouse 50 мың доллар

Four Seasons – Манхэттеннің дәл жүрегіндегі зәулім ғимарат. Бұл жай ғана қонақүй емес, «Миллиардерлер аллеясының» үстіндегі тыныштық оазисі. Пентхауста мүлгіген тыныштық орнаған, мегаполистің сырттағы гуілі мүлде естілмейді.


  • Conrad Maldives Rangali Island, Мальдив аралдары
  • The Muraka су астындағы вилласы 50 мың доллар

Ұзын көпірмен жалғанған екі жеке аралдағы мальдив арманының футуристік көрінісі. Вилла толықтай су астында орналасқан. Мұндағы атмосфера — абсолютті тыныштық. Нөмірде жатып періште-балықтар мен скаттардың баяу биін тамашалап жатасыз.

Ақпанда бұл вилла басқа айлардағымен салыстырғанда арзанырақ, 20 мың доллардың айналасында болады. Жалпы, мұндағы ең қарапайым нөмірдің құны 1800-2000 доллардан басталады.


  • Grand Resort Lagonissi, Афины
  • The Royal Villa (Корольдік вилла) – 52 мың доллар шамасында

Афиныдан 30 км жерде, қарағайлы тоғайдағы оқшау курортта орналасқан. Бұл вилла қонақтардың жеке Грекиясы бола алады. Аппақ террассалар бойымен төмендеген сайын көгілдір теңізге кіре бастайсыз. Теңіз самалымен араласа келетін қарағай иісі жан сарайыңды ашады. Ал виллаға бекітілген жеке пианистің әуені Эгей теңізі толқындарының гуілімен үндесе құлақтың құрышын қандырады.


  • COMO Laucala Island Resort, Фиджи
  • Hilltop Villa 52 мың доллардан

Мұндағы сән-салтанат алтынмен, ақшамен, мәрмармен өлшенбейді. Мұндағы ең басты байлық – тұмса табиғат. Құны табиғаттың шаршы километрлерімен өлшеніп, бағаланады. Төбе басында орналасқан вилла табиғи ландшафтқа сіңісіп кеткен. Мұнда жайлылықты жасайтын жоғары технологиялар мұхит және джунглимен үйлестіріліп, қарапайымдықтың артына жасырылғандықтан «жалаңаяқ люкс» философиясы үстемдік құрған деуге болады.


  • The Mark, Нью-Йорк
  • The Grand Penthouse — 75 мың доллар

Жоғарғы Ист-Сайдтағы люкс-қонақүй, мұнда париждік шик сезіледі. Жак Гранждың аңызға айналған дизайны – батыл геометрия, қара мен ақтың контрасты, жүн мен барқыт үйлесім тапқан. Голливуд жұлдызы немесе медиа-магнат кіріп келетіндей әсер қалдырады.


  • Hotel President Wilson, Женева
  • Royal Penthouse Suite нөмірі – 80 мың доллар

Швейцариялық сапа, дипломатия және салқын, мінсіз элеганттылықтың көрінісі. БҰҰ штаб-пәтерінің қарсысында орналасқан қонақүй талай маңызды келіссөздердің орны болған. Бұл нөмір Женева көлі мен Монбланға қарайтын, қауіпсіздік пен бақылауды паш ететін мызғымас қамал.


  • The Palms Casino Resort, Лас-Вегас
  • Empathy Suite нөмірі – 100 мың доллар шамасында

Бұл жай нөмір емес, тұтас инсталляцияны құрайтын өнер туындысы дерсің. Атмосферасы айрықша: формальдегид, акула тістері және кристалмен көмкерілген бас сүйектер арасында өмір сүруге тура келеді.


  • Atlantis The Royal, Дубай
  • Royal Mansion 100 мың доллардан

Дубайдағы бұл қонақүй — әлемдегі ең сәнді люкстердің бірі. Мұнда екі қабатты люкс-сарай бар, ол нағыз жеке сарай секілді. Онда төрт жатын бөлме, ойын бөлмесі, жұмысқа арналған кабинет және жеке террассалар орналасқан. Артықшылығы — екінші қабаттағы басты жатын бөлмеден қаланың керемет көрінісін тамашалауға болады.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Танымал туристік елдердің көпшілік айтпайтын кемшіліктері