"АВТОСТОП": ШЫҒЫН шығармай ТЕГІН саяхаттауға болады

0
2 775

Автостоп арқылы саяхаттау – кез-келген жерге шығынсыз баруға, әлемді жаңаша көзқараспен тануға және өз табандылығыңызды сынауға мүмкіндік беретін тұтас бір мәдениет.


иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Кейбір автостоп әуесқойлары саяхатқа шығар кезде тур-агенттіктердің көмегіне жүгінеді. Алайда, өз еркіңізбен сапар шегу көптеген артықшылықтарға ие. Ал, ERNUR.KZ жаңадан бастаған автостопшыларға саяхаттан тек оң әсер алуға көмектесетін кеңестерді ұсынады.


● Тәжірибелі автостопшылар енді бастаған адамдарға жақынымен немесе досымен саяхаттауды ұсынады. Әсіресе, қыздар қауымына тікелей байланысты. Себебі, жалғыз саяхаттау қауіпті әрі іш пыстырарлық. Ал, үшеу болу қиындық тудырады, өйткені «автостоп» барысында жол-жөнекей тоқтатқан көліктердің 3 адамды тегін отырғызуы екіталай.


● Кез-келген автостопшы барғысы келетін жерлерді анықтап, маршрутты алдын ала жоспарлау керек. Сонымен қатар, сапарының басым бөлігінде жаяу жүретін саяхатшылар жолға алып шығатын заттардың санын мүмкіндігінше азайтқаны дұрыс.


Жолдорбаңызға дәрі-дәрмек, пышақ, ауыстыратын жеңіл киімдер мен аяқкиім, сіріңке мен шам, құжаттар және 1 күнге жететін су мен тамақ қорын салсаңыз жетеді.


● Бұндай саяхаттың қаупі де жоқ емес, сондықтан автостопшыларға өзімен бірге электрошокер секілді қорғаныс құралдарын алып жүру артық етпейді. Сонымен қатар, Сізге тоқтаған жүргізуші күдікті болып көрінсе, отырмаған жөн. Сондай-ақ, киіміңіз таза, тартымды, турист екеніңізді білдіріп тұратындай болуы керек. Ал, қыздарға қарапайым үлгіде киінген дұрыс.

Көлікті үлкен трассалардан, тоқтауға тыйым салынбаған жерлерде тұрып, бас бармақты көтеру арқылы (бұл "автостопшы" екеніңіздің басты белгісі) тоқтату керек. Сондай-ақ, өзіңіздің қандай саяхатшы екеніңізді және шарттарыңызды бірден айтыңыз. Себебі, көптеген автостопшылардың заңдылықтарын түсінбейтін жүргізушілер олардан жолақы сұрап, жағымсыз жағдайлар тудырып жатады. Тағы бір ескертетін жағдай – түнде көлік тоқтатпаңыз, ол Сізге қауіп төндіруі мүмкін. Дұрысы – қараңғы түскенше түнейтін жер тауып, саяхатты таңертең жалғастыру.


Қаржының негізгі бөлігін банк картасында сақтаған дұрыс және ақшаны аз-аздан «шешу» керек.


● Өзге елге саяхат жасайтын болсаңыз, жергілікті тілдің қарапайым сөздерін үйреніп, салт-дәстүрі мен заңдылықтарын зерттеп алу артық болмайды.


● Баратын жеріңіздің атауы бар тақтайша жасап алсаңыз, көп көмегі тиеді. Нақтырақ айтсақ, Сізге дәл тақтайшада жазылған жерге баратын көліктер ғана тоқтайтын болады.


● Қазір барлық жерде сырт келбеті ұсқынсыздар – қаңғыбастар деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан, барынша мәдениетті көрінуге тырысу керек, ол үшін сөмкеңізге ине-жіп, сабын, тарақ секілді тұрмыс құралдарын салып алыңыз.


● Жүргізушімен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысыңыз. Ол саяхатыңыздың сәтті өтуіне кепілдік болады.

Автостоптың артықшылықтары:

1. Бұл тегін саяхат – Сізді жолай кездескен көліктер тегін тасиды;

2. Жолаушылар тасымалдайтын транспорт түрлерінің кестесіне бағынышты болмайсыз және өзіңізге ыңғайлы уақытта маршрутты өзгертіп, ұнаған жерге тоқтай аласыз;

3. Өміріңізде қызықты кездесулер мен, кездейсоқ таныстықтар оын алады;

4. Жауя саяхаттау арқылы жан-жақты өмірлік тәжірибелер жинай аласыз және көптеген елдің тұрмысы, мәдениетімен танысу мүмкіндігіне ие боласыз.


Кемшіліктері:

1. Кейбір жердің тұрғындарымен тілдесуге тіпті халықаралық қатынас тілдері де жеткіліксіз болуы мүмкін;

2. Саяхатты уақытпен жоспарлай алмайсыз. Себебі, Сіз жол жиегінде қанша уақыт тұратыныңызды біле алмайсыз;

3. Барлық жерде мейірімді адамдар кездесе бермейтіндіктен және ақшаңыз таусылғанда банк картасымен төлейтін дүкен табылмай қалуы ықтимал болғандықтан, қиын жағдайға түсіп қалуыңыз мүмкін;

4. Келесіде қайда түнейтініңізді анық біле алмайсыз, кейде көшеде қонуыңыз мүмкін;

5. Тек қана ақкөңіл жүргізушілер жолыға бермейді;

6. Автостоппен саяхаттау барысында әртүрлі қиындықтарға тап боласыз.


Дегенмен, естен кетпес ерекше саяхатты бастан кешіргіңіз келсе, барлық қиындыққа қарсы тұру керек.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Саяхатқа КӨЛІКПЕН шығатын адамдар НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?


Жаздың соңында ТАҒЫ БІР РЕТ саяхаттағыңыз келе ме?