Балалар саяхаты үшін ЕҢ ТИІМДІ бағыттар

0
5 142

Биыл «Балалар жылы» екенін естен шығармай, бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөліңіз.


Балалар саяхаты үшін ЕҢ ТИІМДІ бағыттар

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жазғы демалыс балалармен бірге саяхат жасауға таптырмас мезгіл. Ал, ол демалыстың есте қаларлықтай болуы сіз таңдаған бағытқа тікелей байланысты. Сондықтан, біз ұсынған мәліметтерді ерінбей оқып алыңыз.


Өзбекстан

Өзбекстан балаларды саяхаттату үшін ең қолайлы бағыттардың бірі. Себебі, мұнда ежелгі қалалар мен көрікті жерлер өте көп. Мысалы, Ташкент Өзбекстанның балалармен бірге демалуға арналған ең жақсы қаласы болып саналады. Кез-келген астанадағыдай, мұнда да ең көп ойын-сауық орталықтары шоғырланған. Тіпті, Ташкентті "өзбек Диснейленді" деп те атайды. Көптеген заманауи карусельдер мен аттракциондар, көлдегі паромдар, Жапон бағы, аквапарк және телемұнараның таңғажайып көріністері балаларға ерекше әсер сыйлайды. Сонымен қатар, бұл жерлерді құс ұшатын биіктіктен, яғни аквапарк пен жапон бағының үстінен өтетін кабельді көлікпен тамашалауға болады. Қала орталығында орналасқан Жапон бағындағы шай үйі, көл, ағаш көпірлер, алуан түрлі құстар мен өсімдіктер де бүлдіршіндерге ерекше әсер қалдырады.

Ташкентте балаларға арналған саябақтар өте көп. Мысалы, таңғажайып этнографиялық қалашығы бар «Наурыз саябағында» сіз жергілікті мәдениет пен дәстүрлермен жіті таныса аласыз. Сонымен қатар, мұнда балалар аспаздық және шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысып, балауыздан мүсін жасап, сәнді ұлттық киімдермен суретке түседі. Ал, "Шуақты қала" деген орын шығыс стилінде жасалған, пальмалармен, субұрқақтармен және керемет мүсіндермен қоршалған жүзу кешені. Ал, оның жанында спортпен шұғылдануға арналған "Эко Парк" деп аталатын орын бар.

Ересектер мен балаларға ұнайтын тағы бір орын – Ташкент хайуанаттар бағы. Бұл жерден тоғандар, субұрқақтар, сарқырамалар, мультфильм кейіпкерлерінің мүсіндері, жануарлардың, құстардың, бауырымен жорғалаушылардың, қосмекенділердің және балықтардың бірнеше жүздеген түрлері, "көбелектер үйі", сонымен қатар, балалар аттракциондары мен ойын алаңдарын таба аласыз.



Қырғызстан

Қырғызстан белсенді демалысты қалайтындар үшін тамаша нұсқа. Өйткені, көптеген туристер Бішкекке барғасын міндетті түрде тауға бір-екі күндік турға шығады. Соынмен қатар, жазда балалар үшін Ыстықкөл нағыз шомылу орталығына айналады.

Жалпы, Қырғызстан астанасында отбасылық демалыс үшін қажеттінің бәрі бар. Атап айтсақ, Бішкекте көптеген әдемі бақтар, заманауи балалар ойын-сауық орталықтары, ең үлкен шолу дөңгелегі, карусельдер мен аттракциондар және т.б. Ал, Smile деген орталықта ересектер де, балалар да 28 спорт түрімен айналыса алады. Сонымен қатар, Қырғызстанда алғаш болып балаларға интерактивті ойын-сауық ұсынған Jungle park саябағы орналасқан.

Қала орталығындағы Ала-Тоо алаңының жанында зоологиялық мұражай бар. Оның коллекциясына көптеген саяхатшылар тәнті болған екен.



Әзірбайжан

Бұл елге балалармен бірге саяхаттағанда Баку атмосферасына ену үшін алдымен Приморск бульварына бару керек. Мұндағы саябақтың жеті шақырымдық жағалауында балаларға арналған түрлі ойын-сауық аттракциондары, карусельдер мен түрлі мейрамханалар орналасқан. Балаларға ерекше серуен сыйлайтын пойыз да бар. Онымен «Баку Венециясындағы» туннельдер мен ашық көпірлер арқылы жүріп өтуге болады. Сондай-ақ, «Луна» және «Коала» саябағындағы карусельдер мен аттракциондар, қаладағы хайуанаттар бағы да саяхаттың сәтті өтуіне септігін тигізеді.

Әзірбайжандағы Ичери Шехер қаласының ескі бөлігінде барлық жастағы туристердің назарын аударатын орын бар. Ол – коллекциясы арқылы Гиннестің рекордтар кітабына енген Баку миниатюралық кітап мұражайы.


Бакуден 40 шақырым жерде орналасқан "Гала" тарихи-этнографиялық мұражайы да баруға тұрарлық жер. Ашық аспан астындағы мұражайда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған артефактілер, ыдыс-аяқ пен басқа да тұрмыстық заттардың үлгілері, тұрғын үйлердің фрагменттері мен жартастағы суреттер, жалпы қола дәуірінің ортасынан орта ғасырдың соңына дейінгі кезеңге жататын жәдігерлер бар. Бірақ, кешеннің басты ерекшелігі – оның интерактивтілігі.


Ал, елордадан 70 шақырым жерде орналасқан Гобустан қорығына барып, 10 мың жыл бұрын салынған жартас суреттерін тамашалауға болады. Мұндағы бейнелер бұрын қандай адамдар мен жануарлар өмір сүргені туралы түсінік береді.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Жанартауды көргісі келетіндер ОСЫ ЕЛДЕРГЕ баруы керек!


Қазақстандықтар ҚАЙДА саяхаттағанды ұнатады?