Бүгін ЖҮРЕК дертінен 15 мыңнан аса адам қайтыс болған - әлемдегі ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

0
3 480

2023 жылы Үндістан Қытайдан ОЗЫП КЕТЕДІ!


Бүгін ЖҮРЕК дертінен 15 мыңнан аса адам қайтыс болған - әлемдегі ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бүгінгі таңда Жер ғаламшарындағы адамдардың саны 7.93 миллиардты құрап отыр. Бір айта кетерлігі адамзат санының 1 миллиардқа жетуі үшін 200 000 жылдан астам уақыт кеткен болса, бұл көрсеткіштің 7 миллиардқа жетуі үшін небәрі 200 жыл ғана өтуі қажет болған. Осы орайда Біріккен ұлттар ұйымы халық санының бір миллиардқа көбею кезеңдерін анықтаған. Атап айтсақ, жер бетіндегі халық саны 1 миллиардқа 1804 жылдары, 2 миллиардқа 1927 жылы (123 жылдан кейін), 3 миллиардқа 1960 жылы (33 жылдан кейін), 4 миллиардқа 1974 жылы (14 жылдан кейін) және 5 миллиардқа 1987 жылы (13 жылдан кейін) жеткен. Ал, 1999 жылы, яғни 12 жылдан кейін 6 миллиардқа жетсе, 2011 жылы халық саны 7 миллиардты құраған. Бұл хронологияға қарап, жер ғаламшарындағы адамдардың көбеюі жылдан жылға жедел жүріп жатқанын байқауға болады. Қазіргі уақытта жер планетасының халқы жыл сайын 90 миллионнан астам адамға артып келе жатыр екен. Ал, адамдар арасындағы жыныстық көрсеткіш 1.018-ге тең, яғни ер адамдарға қарағанда әйелдер көп. Сондай-ақ, жер тұрғындарының орташа жасы 30.4 жас шамасын құрайды.


Тағы бір айта кетерлігі – жер халқының 70 пайыздан астамы әлемдегі ең тығыз қоныстанған 20 елде өмір сүреді. Оның ішінде бір миллиардтан астам халқы бар Қытай және Үндістан елдерін ерекше атап өту қажет. Қазіргі уақытта Қытай халқы ең көп мемлекет болғанымен, шамамен 2023 жылға қарай алпауыт екі ел тұрғындары теңесіп, Үндістан алға шығады деген болжам бар.


ХАЛҚЫ ЕҢ ТЫҒЫЗ ҚОНЫСТАНҒАН ЕЛДЕР


Осы орайда жер шарындағы халқы ең тығыз қоныстанған 20 елдің тізімін ұсынғымыз келіп отыр. Бұл елдерде шамамен 5.55 миллиард адам күн кешуде.

Атап айтсақ, соңғы деректер бойынша Қытайда 1 449 799 426, Үндістанда 1 404 207 131, Америка Құрама Штаттарында 334 479 376, Индонезияда 278 309 511, Пәкістанда 227 008 170, Бразилияда 215 254 744, Нигерияда 213 347 052, Бангладеште 167 392 621, Ресейде 146 010 078, Мексикада 131 401 162, Жапонияда 126 401 293, Эфиопияда 118 700 806, Филиппинде 111 938 830, Египетте 105 343 095, Вьетнамда 98 844 977, Конго Демократиялық Республикасында 93 221 209, Түркияда 86 421 082, Иранда 85 348 357, Германияда 83 745 100 және Тайландта 70 182 063 адам өмір сүріп жатыр. Дегенмен, бұл көрсеткіштердің минут сайын өзгеріп жатқанын ескерген абзал.



ЖЕР ХАЛҚЫ 2021 ЖЫЛЫ


2021 жылдың соңында Жер тұрғындарының саны 7 948 118 519 адамды құрап, халықтың табиғи өсімі 96 617 035-ті құрайды деген болжам бар. Жалпы, биыл туу деңгейі күніне 433 382, сағатына 18 057 балаға жетсе, күніне 168 678 немесе сағатына 7 028 өлім-жітім орын алып жатыр екен. Нәтижесінде, 2021 жылғы халық санының өсуі күніне 265 629 адамға жетіп отыр. Сол адамзаттың 4 239 628 482-сі қалалық жерлерде, қалған 3 611 535 374 адамның ауылдық жерлерде тұратыны анықталған.

Ал, 2020 жылдың аяғында адамзат саны 7 851 163 856-ны құрап, жылдық өсім 1.23 %-ға жеткен екен. Оның ішінде, 155 676 622 бала туылса, 60 816 965 адам қайтыс болып, халық санының табиғи өсімі 94 859 658 адамға жетіпті.



ЖЕР ХАЛҚЫНЫҢ ТЫҒЫЗДЫҒЫ

Біздің планетамыздың жалпы ауданы 510 072 000 шаршы шақырымды құрайтын болса, соның 70 %-дан астамы су да, 136 120 354 шаршы шақырымы құрлық екенін білетін шығармыз. Сол құрлықтағы халықтың орналасу тығыздығы бір шаршы шақырымға 57.7 адам болған.


АДАМЗАТТЫ ӨМІР СҮРУ ҰЗАҚТЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Өмір сүру ұзақтығы – маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі. Осы орайда БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті әлем халқының өмір сүру ұзақтыңы 2010-2015 жылдары орташа есеппен 70 жасқа дейін ұлғайғанын мәлімдеген. Дегенмен, бұл орташа көрсеткіш болғандықтан, әртүрл аймақтар арасында едәуір айырмашылық байқалады. Мысалы, Африка құрлығындағы орташа өмір сүру ұзақтығы бүкіл әлемнің ортақ көрсеткішіне қарағанда 12 жылға, ал Солтүстік Америкадағы көрсеткіш 21 жылға қысқа. Ол өмір сүру салты, климаты сынды түрлі жағдайларға байланысты екені белгілі.



ХАЛЫҚТЫҢ САУАТЫ ҚАНДАЙ ДӘРЕЖЕДЕ?

Әлемдік статистикаға сүйенсек, 15 жастан асқан шамамен 4 894 412 455 адам кез келген тілде оқып, жаза алады екен. Ал, жер бетіндегі адамдардың 777 миллионнан астамы сауатсыздар санатына кіреді. Оның ішінде ересек ерлердің сауаттылық деңгейі 89.96 %-ды құраса, әйелдердің сауаттылық деңгейі 82.65 %-ға жетіп отыр. Бұл деректерді ЮНЕСКО-ның статистика институты жариялаған.



ӨЛІМ-ЖІТІМНІҢ НЕГІЗГІ 5 СЕБЕБІ

Сонымен қатар, ғалымдар адам өлімінің негізгі бес себебін көрсеткен. Атап айтсақ, жүректің ишемиялық ауруынан бүгін 15 мыңнан астам адам қайтыс болса, жыл басынан бері 7 473 069 науқас көз жұмған. Ал, инсульттен бүгін 11 мыңдай, жыл басынан бері 5 326 482 адам ажал құшыпты. Сондай-ақ, бұл тізімге төменгі тыныс жолдарының жедел инфекциясы, өкпенің созылмалы ауруы, өкпе, трахея және бронхтың қатерлі ісігі еніп отыр.


Жалпы, мына ғаламдағы адамдар өмір сүретін жалғыз планета және ондағы адамзат жайлы көптеген қызықты, тың ақпараттар айта беруге болады. Өйткені, адамдар жайлы деректер де, біз ұсынған мәлеметтер де сағат, минут, тіпті секунд сайын өзгеріп жатыр.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Мына әдістерді ҚОЛДАНЫП, күзгі демалысты ЕСТЕН КЕТПЕСТЕЙ етуге болады


ҚАЙТА-ҚАЙТА барғың келеді! Еліміздегі ЕҢ КӨРІКТІ орындар