«COVID-19» кесірінен енді авиакомпания шарттары өзгереді

0
1 946

Қайтарылған билет ақысы ақшалай берілмейді


«COVID-19» кесірінен енді авиакомпания шарттары өзгереді

«COVID-19» індетінен соң бүткіл дүниеде бірқатар өзгерістер орын алды. Соның ішінде ел мен елдің арасын жалғап тұрған авиакомпаниялар мен аэропорттар да бар. Аталған нысандар коронавирусқа байланысты шаралар тұсында біраз шығынға ұшырады. Сондықтан алдағы уақытта өздері және авиажолаушылар үшін тиімсіз болған кей шарттарды өзгертуге ниетті.


Енді бронь уақытын өзгерткеніңіз үшін қосымша ақы төлемейсіз

Бұрындары алдын-ала бронь жасалып, ақшасы төленіп қойған билетті қайтару не күнін, уақытын өзгерту қиынға түсетін. Тасымалдаушы компания бұл үшін қосымша үстемақы талап ететін. Ендігі жерде жолаушыларға сапарға қатысты нақты жоспар құру қиынға түсуде. Жолаушылар кез келген жағдайға тез бейімделіп, тиісті өзгертулер енгізуге мәжбүр. Осы жағынан көптеген авиакомпаниялар тсүіністік танытып, броньға өзгерту енгізу үшін қосымша ақыны алып тастады.


Қайтарылған билет ақысы ақшалай берілмейді

Кейде билеттің уақтын өзгерту емес, біржолата қайтару керек жағдайлар болады. Ілгеріде бұл жағдайда жолаушы биет ақысын қолма-қол қайтарып ала алатын. Немесе авиакомпания банктік картасына аударым жасайтын. Ендігі жерде әуе компанияларының біразы бұл шарттан да бас тартуда. Олар қайтарылған билет ақшасын келесі бір билет сатып алу кезінде қолдана алатындай етіп сақтап қоятынына кепілдік бермек.


Тегін медициналық сақтандыру ұсынады

Жолаушылардың денсаулығына қауіп төнбейтініне аз да болса сенімін қалыптастыру үшін кей әуе компаниялары тегін медициналық сақтандыру қызметін ұсынуда. Бұл сапар кезінде COVID-19 жұқтырған жағдайда қажетке жарайды. Рейс жерге қонғаннан кейін коронавирус белгілері табылған жолаушыларың карантин және ем шығынын әуе компаниясы өтейтін болады.


Қол жүгінің көлемі мен салмағына қатысты жаңа шектеулер

Кей елдер әуе жолы сапаршыларына ұшақ бортына үлкен көлемді жүк алып кіруге тыйым салуда. Әдетте, жолаушылар үлкен-үлкен сөмкелерді отырғыш үстіндегі сөрелерге сыйғыза алмай жатқанда, айналасында әрлі-берлі өткісі келген адамдар апыр-топыр шоғырланып қалады. Бұл осындай артық топыр мен ұзын-сонар кезекті болдырмау мақсатында қабылданған шара.

Ендігі жерде ұшақ бортына орындық астына сиятындай кішігірім қолсөмке ғана алып мінуге болады. Қазіргі уақытта бұл өзгеріс Түркия мен Италия бағыттарында қатаң талап етілуде.


Бейілділік бағдарламасы шарттарында да жаңартулар бар

Егер белгілі бір әуе компаниясынан жинақталған бонусыңыз болса, осы жылы қолданып үлгермедім деп уайымдамаңыз. Көптеген компаниялар жұмсалмаған бонустарды келесі жылы да қолдануға жарамды етіп өткізбек. Сондай-ақ, жолаушылардың «элита» статусы да автоматты түрде ұзартылады.

Ескерте кетейік, бұл өзгерістер барлық әуе компанияларында бірдей жүзеге асып жатқан жоқ. Алғашқы қадамды жасағандары санаулы. Сондықтан, әуе сапары алдында нақты сіз таңдаған компанияның бұрынғы және жаңартылған шарттарымен толық танысып алғаныңыз абзал.

Аударған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


2020 жылы туристерсіз күні қараң болған 7 ел


Саяхатшы: Венеция СУ АСТЫНДА қалуы мүмкін