Дубайға барғанда БҰЛАЙ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ!

0
4 884

Көптен күткен демалыста қиындыққа тап болмас үшін БАӘ-нің бірнеше заңын білу керек!


Дубайға барғанда БҰЛАЙ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ!

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Әр елдің өзіне тән заңдары, ережелері болады. Ал, оны білмей, тәртіп бұзсаңыз, қиындыққа тап болуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан саяхатты жоспарлаған әрбір адам Бірікен Араб Әмірліктеріндегі бірнеше ережені есінде сақтауы қажет. Бұл мақаланы Дубай қаласына саяхаттайтынадамдар көп болғандықтан ұсынып отырмыз.


БАӘ-дегі құқықтық жүйе жайлы жалпы мәліметтер

Біріккен Араб Әмірліктерінде федералды және Әмірліктердің жергілікті заңдары бар. Құқық бұзушылық жасалғанда қолданылатын заңдарға жағдайға қарай басымдық беріледі.

Заңдардың едәуір бөлігі шариғатқа негізделген. Себебі, ел билігі дәл сол ережелердің сақталғанын қалайды. Сондықтан, кейбір қатаң заңдар туристер мен инвесторларға, туристік бизнес және экономиканың басқа да салаларына кедергі келтіреді.

БАӘ-де қонақүйлерде орындалуы міндетті емес және тек белгілі бір Әмірліктерде қолданылатын заңдар бар. Ал, кейбір құқықбұзушылықтар үшін ауыр жазалар қолданылмай, полиция ескертулерімен шектеледі.


Енді бұл елдегі туристерге қажетті ережелерге тоқталайық:

1. Алкогольді ішімдік

Ең бастысы кез келген адам қоғамдық орындарда мас күйде болмауы тиіс және алкоголь ішуге қатаң тыйым салынады. БАӘ Қылмыстық кодексіне сәйкес, бұл ережені бұзғандар 6 айға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 2000 дирхамға (шамамен 260 мың теңге) дейін айыппұл төлейді.

Ал, осы әрекет тағы бір рет қайталанса, бұл ендігі жерде қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Ішімдікті барларда, үйде немесе қонақ үй бөлмесінде ішуге болады.

Туристер Шарджадан басқа кез-келген әмірлікте алкогольді еркін сатып алуға құқылы. Дубайда алкоголь алу үшін төлқұжатты көрсету керек, ал дүкен қызметкері арнайы туристік лицензия береді. Басқа Әмірліктерде рұқсат етілген жас – 21 жас немесе одан үлкен екенін растау үшін төлқұжат ұсынылуы керек. Дегенмен, бұл елде ішімдіктің бағасы әжептәуір қымбат.



2. Рамазан айындағы тыйымдар

Рамазан-Исламдағы қасиетті ай. Бұл айда мұсылмандар ораза ұстайды, ішімдік ішпейді, тамақ ішпейді, күн шықаннан бастап күн батқанға дейін темекі шекпейді. Көптеген ислам елдерінде заңдар ешкімді, тіпті мұсылмандарды да ораза ұстауға міндеттемейді. Бірақ БАӘ-де жағдай басқаша. БАӘ Қылмыстық кодексіне сәйкес, тамақ, сусын ішіп, Рамазан айының оразасын көпшілік алдында бұзатын кез-келген әрекетті жасаған адам 1 айға дейін қамауға алынады немесе 1000 дирхамға (шамамен 130 мың теңге) дейін айыппұл төлейді.

Яғни, заң аштықты міндеттемейді, бірақ барлығына, соның ішінде туристерге де көпшілік алдында тамақ ішуге тыйым салады. Сондай-ақ, көпшілік алдында сусын ішуге, темекі шегуге, сағыз шайнауға, тіпті сілекейді жұтуға болмайды.

Рамазан айында көптеген кафелер мен мейрамханалар күндіз ашыла береді. Яғни ешкім көрмейтін жерде тамақтануға болады. Ал, кейбір қонақүйлерде тіпті алкогольді ішуге болады.



3. Барлық жерде суретке түсу мүмкін емес

БАӘ заңдары суретке түсіру арқылы біреудің жеке немесе отбасылық өміріне араласуға тыйым салады. Әрине, сіз көптеген адамдар бар жерде еш қиындықсыз суретке түсіре аласыз. Бірақ, барлығының рұқсаты болуы керек. Дәл осы ереже аудиожазбаларға дай байланысты.


БАӘ-де "киберқылмыс туралы" заңы бар. Осы Заңның 21-бабы адамдардың келісімінсіз суретке түсіруге және сол фотоларды интернетте жариялауға тыйым салады. Жаза – 6 ай түрмеге жабу немесе 150 000-нан 500 000 дирхамға дейін айыппұл салу.

Сонымен қатар, БАӘ-де стратегиялық және үкіметтік нысандарды суретке түсіруге тыйым салынады. Сондықтан суретке түсірген кезде абай болыңыз!



4. Есірткіден аулақ болыңыз

БАӘ-де тыйым салынған заттардың тізімі біздікінен өзгеше. Тіпті, дәрігер тағайындаған кейбір дәрі-дәрмек Араб Әмірліктерінде есірткі тізімінде болуы мүмкін. Сондықтан сізге қандай да бір дәрі керек болса, дәрігердің тағайындауын қоа алып жүріңіз. Ол анықтама дәрі-дәрмекті БАӘ аумағына тасымалдауға рұқсат бермейді, бірақ жауапкершіліктен қорғайды.


Ал, есірткіні сату, оны қолдану қылмыс болып саналды. Құқықбұзушы 4 жылға бас бостандығынан айырылады және 10 000 дирхам айыппұл төлейді. Сонымен қатар, темекі қоспаларына немесе сұйықтықтарға есірткі заттарын қосып әкелу әрекеті де қатаң жазаланады. Билік күдіктілерден қан анализін мәжбүрлеп алуға құқылы.



5. Такси

Әрқашан тек ресми таксиді қолданыңыз. Дубайда олардың түсі ақ, төбесі қызыл және төбесінде "такси" деген жазуы болады. Бұл таксилер тек есептегішпен жұмыс істейді, яни ешкімді алдамайды. Немесе UBER, Careem қызметтерін пайдаланыңыз.

Ешқашан такси ретінде көрінетін жүргізушілерге, күмәнді көліктерге мінбеңіз. Көлік салонына отырар алдында әрқашан автомобиль нөмірін суретке түсіріңіз. Бұл біріншіден қауіпсіздік үшін керек болса, екіншіден осы фото арқылы таксиде қалып кеткен затты табу оңай болады.



6. Метро, автобустағы тыйым мен айыппұлдар

Араб Әмірліктерінде қоғамдық көліктерде көптеген айыппұлдар қарастырылған. Мұнда сіз тек билетсіз жүргеніңіз үшін ғана емес, сонымен қатар салондағы тыйым салынған жерде тұрғаныңыз үшін де айыппұл төлейсіз.

Метродағы туристер жиі ұшырайтын қиындық – дұрыс емес вагонмен жүру. Әдетте мұндағы метроның вагондары үш түрлі болады: күміс (қарапайым), алтын (жоғары жайлылық) және қызғылт (тек әйелдер мен балалар үшін). Рұқсат етілмеген вагонда жүргені үшін адамдар 100 дирхам айыппұл төлейді.

Автобустарда жиі кездесетін қиындық – билетсіз жүру. Бұл үшін айыппұл салынады.

Егер, сізге де айыппұл салынса, талонын алып, кез келген метро кассасына жүгіну қажет. Сонымен қатар, электрондық почтаға келетін түбіртек арқылы интернетпен төлей аласыз. Дұрысы, айыппұлдан аулақ болу.



7. Жағажайдағы әйелдердің купальниктері туралы

Шарджа мен Рас Аль-Хаймнан басқа барлық Әмірліктерде заңдар мен ережелер әйелдерге жағажайларда ашық шомылатын киім киюге тыйым салмайды. Бірақ, сіз купальникпен жағажайлардан тыс жерде жүре алмайтындығыңызды есте ұстаңыз! Ал, бұл ереже бұзылса, полиция бірден айыппұл салмайды. Әдетте олар жай ғана ескертеді және киінуді сұрайды. Егер адам одан бас тартса, онда олар полиция бөлімшесіне жеткізіп, сол жерде ұстай алады. Бірақ мұндай жағдайлар сирек кездеседі.



8. Еркек пен әйел арасындағы қатынас көріністері

БАӘ-де ерлі-зайыптыларға қоғамдық орында қолұстасып жүруге немесе иығынан құшақтауға рұқсат етіледі, бірақ одан басқасына тыйым салынады. Бұл ереже барлық Әмірліктерде қолданылады.

Сонымен қатар, сүйісу, сүю, дененің жабық бөліктерін ұстап, ішінен құшақтау құқықбұзушылық болып есептеледі.

Мұндай заңбұзушылық орын алған жағдайда, "Жария әдепсіз әрекет"деген бап қолданылуы мүмкін.

Сондықтан махаббат көріністерін қонақүйге немесе үйде қалдырған дұрыс.

Негізі Біріккен Араб Әмірліктерінде бұдан өзге ережелер де бар. Біз маңыздыларын атап өттік.



Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Сіз мұндай пойыздарға әлі МІНІП КӨРМЕГЕНСІЗ!


Еуропада көлікпен саяхаттайтын КЕРЕМЕТ БАҒЫТТАР бар