Расында, барлық мағынасында солай. Оған «джунгли қаласы» деген атауын тағы қосыңыз. Мұндай ерекше сипаттамаларға ие болуына себеп — көкке қол созған зәулім ғимараттары. Мұнда 12 қабаттан немесе 35 метрден биік ғимараттар саны 8000-ға жетіп жығылады.
фото: vdt.ru
Ауданы — 1104 км2
Тұрғын саны — 7 200 000
Ресми тілдері — қытай, ағылшын
Валютасы — гонконг доллары
Сағат айырмашылығы — Астана уақыты +2 сағат
Гонконг — өзіндік заңдары, ерекше мәдениеті мен дәстүрі бар мемлекет ішіндегі мемлекет, Қытайдың арнайы әкімшілік аймағы. Ол — дәстүрлі өмір салты мен заманауи технологиялар сабақтаса өрілген Батыс пен Шығыстың тоғысқан жері.
Қытайдың оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан қала-мемлекеттің аумағына Гонконг аралы, Коулун түбегі, Жаңа Территория және Оңтүстік-Қытай теңізіндегі 262 кішігірім аралдар кіреді.
Гонконгты «биікке өрлей өсіп жатқан қала» деп бекер айтпайды. Расында, барлық мағынасында солай. Оған «джунгли қаласы» деген атауын тағы қосыңыз. Мұндай ерекше сипаттамаларға ие болуына себеп — көкке қол созған зәулім ғимараттары. Мұнда 12 қабаттан немесе 35 метрден биік ғимараттар саны 8000-ға жетіп жығылады. Миллиондаған тұрғынға мекен болып, саяхатшылар серуеніне қолайлы жағдай жасаған шаһарда кеңселер ғана емес, тұрғын үй, балабақша, мектеп, аурухана, тіпті, ғибадат үйлері де төбесі көк тірегін зәулім үйлер ішінде орналасқан.
Гонконгта алғаш болған туристердің таңдайын қақтыратын — биік бағаналарға ілінген автожолдар. Тауларды түйреп өтетін туннель-жолдар, бұғаз үстінде созылып жатқан аспалы жолдар бастапқыда көкейге қорқыныш ұялатқанымен, көп ұзамай көзіңіз де, көңіліңіз де үйренеді.
Гонконгқа келушілердің риза болатын тағы бір тұсы — қаланың тазалығы. Қала көшелері мен демалыс орындарындағы, жалпы, барлық жердегі тазалық пен баптылықты көріп, тур үшін төлеген ақының текке кетпегеніне сүйсінесің.
Назар аударарлық орындар мен оқиғалар
Әлемдегі ең көлемді лазерлі шоуды Гонконгта тамашалауға болады. «Оттар симфониясы» аталатын сауық аясында қаланың орталық іскерлік ауданындағы ғимараттар күн сайын кешкісін көз қарықтыратын жарқын түстерге боялады. Сағат 20:00-де басталып, 13 минутқа созылатын жарық шоуын тамашалауға ең ыңғайлы жерлер — Tsim Sha Tsui жағалауы, Сағат мұранасы маңы, Жұлдыздар авенюі және Star Ferry пирсінің оң жақ беті.
Бір сәт тарих тереңіне үңіліп, өткен күндерге саяхат жасағысы келетін туристерге дәстүрлі қытай архитектурасының үлгісі мен көне ғимараттар сақталған Шенгван орамын аралау қызықты өтері сөзсіз. Ғарыш мұражайы, Ғылыми мұражай мен Гонконг тарихы мұражайынан да көптеген қызықты ақпараттарға қаныға аласыз.
Қала-мемлекетті тек зәулім ғимараттар мен қызылды-жасылды шамдармен жарықтандырылған жасанды нысандардан ғана тұрады деп ойлайтындар қателеседі. Мұндай ойға берілушілердің басым көпшілігі — алғаш келген туристер. Алайда, саяхат барысында қызылды-жасылды қала көркінен бөлек, Виктория шыңы, Жаяу жүргіншілер аралы, Жаңа Территория аталатын аумақ сынды табиғи нысандар да көзіңді тойдырады.
Виктория шыңы — Гонконг үстінде асқақтаған, аралдың ең биік нүктесі (552 м). Оның ұшар басындағы көру алаңына жыл сайын 6 миллионнан астам адам көтеріледі екен. Көру алаңынан аралдың толық көрінісін, Жаңа Территорияны және алыстан мұнартқан тауларды тамашалауға мүмкіндік бар. Ең керемет көрініс тәуліктің қараңғы мезгілінде, Гонконг ғимараттары самаладай шамдармен көмкерілген кезде туады.
Абердин елдімекені — «жүзбелі үйлерімен» аты шыққан аудан. Мұндағы тұрғын үйлер де, мейрамханалар да су үстіндегі қайықтарға орналасқан. Елдімекен тұрғындарының тұрмысына жақын маңдағы мегаполис еш әсер ете алмағандай. Жұпыны үйлер мен жаңа технологиялардан жырақ өтіп жатқан өмір жүздеген жылдар бұрынғы тұрмыс-тіршілікті көз алдыңа келтіреді. Сонысымен де туристерді өзіне тартатын аймақтардың бірі болып тұр.
Коулун аралындағы қытай стилінде жасақталған саябақ — табиғат аясында, тастар мен мүсіндер арасында сейіл құруға қолайлы орын. Мұнда 06:30 бен 23:00 аралығында келуге болады. Кіру тегін.
Аталған аралдағы Нефрит базарын нефрит пен жадеит асыл тастарының патшалығы деуге болады. Бұл базарды да арнайы іздеп келушілер саны басым. Күн сайын 10:00 мен 15:30 аралығында көңіліңіз қалағна тасты сатып алуға мүмкіндігіңіз бар.
Коулун аралының тағы бір кереметі — Құстар бағы. Мұнда сайрауық құстар базары қыз-қыз қайнап жатады. Тіпті, ақша шығындап сатып алмағаның өзінде, базарды аралай жүріп, қанаттылар әнін тыңдағанның өзі не тұрады?!
Күн сайын 6:30 бен 23:00 аралығында келушілерді есігін айқара ашып қарсы алатын Гонконг саябағына да кіру тегін. Ірі мегаполис ортасындағы жасыл желекпен көмкерілген кішкентай жер бөлігі демалыс үшін таптырмайтын орын.
Ескілікті ағылшын қонақүйі сақталған Отпора мүйісі — Гонконгтағы ең үздік жағажай.
Мұхит саябағына келушілер жер жүзіндегі ең ұзын эскалатормен жылжып, дельфиндер қойылымын тамашалап, балықтар мен акулалар тіршілігін бақылай алады.
«Биікке ұмтылған» қаланы биіктен тамашалағыңыз келсе, Central Plaza және Халықаралық сауда орталығы ғимараттарының көру алаңына жол тартыңыз.
Ша Тин төбесінің бөктерінде 10 000 Будда ғибадатханасы тұр. Ал, төбе биігіне бір-біріне еш ұқсамайтын көптеген мүсіндермен қоршалған 400 сатыдан тұратын баспалдақ апарады. Гонконгқа келіп тұрып, осында соқпайтын, мүсіндермен суретке түсіп, саяхатын фотокарта түрінде сақтамайтын турист кемде-кем.
Пайдалы ақпараттар легі
Гонконгтың көрікті мекендері мен назар аударарлық орындарына, демалыс аймақтарына қызықтыра алдық па? Ендеше, туристік саяхатқа әзірленіңіз. Әзірлік барысында төмендегі ақпараттар міндетті түрде қажет болады.
Қазақстан азаматтарына Гонконгта визасыз саяхаттау мерзімі — 14 күн.
Гонконг қонақтарына ірі халықаралық қонақүйлер желісі сапалы қызмет көрсетеді. Мұндағы қонақүйлер салтанаттылығымен, кеңдігімен мақтана алмайды. Оған себеп — жергілікті жерде баспана бағасының тым жоғары болуы. Алайда, тазалық пен жайлылық, сапалы қызметтен кенде болмайтыныңызға сене беріңіз. Ереже бойынша, қонақүйге жайласушыдан алдын-ала 100-200 доллар көлемінде депозит алынады. Кредиттік картамен есеп айырысу жүйесі бірнеше айға созылуы мүмкін, сондықтан, ең дұрысы қолма-қол ақшамен төлеу.
Аймақ климаты — тропикалық. Мамыр-қыркүйек айлары аралығында тропикалық циклон маусымы орнайды. Көктемде орташа температура +18 бен +26 градус аралығында болады. Нөсер жауындары да жоқ емес. Жазы да ыстық (+320...+340С) әрі жауын-шашынды. Өлкеге саяхаттап баруға ең қолайлы мезгіл — күз. Бұл мезгілде жауын-шашын мөлшері де айтарлықтай азаяды. Ал, қысы құрғақ әрі салқын.
Жергілікті банк мекемелері дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 9:00-ден 16:00-17:00-ге дейін, ал, сенбіде 9:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс жасайды.
Кез келген қонақүй, сауда нүктелерінен ақша айырбастау пунктін таба аласыз.
Халықаралық қолданыстағы Master Card, JCB, American Express, Visa Diners Club карталарымен қоғамдық тамақтану мекемелері, дүкендер мен қонақүйлердің барлығында дерлік есеп айырысуға болады.
Гонконгта қоғамдық көлік инфрақұрылымы жақсы жетілдірілген. Негізгі қатынас құралдары — автобус, метро, трамвай, электрпойыз, фуникулер, құрлық пен аралдардың арасын сал (паром) жалғайды. Гонконг қаласының өзінде көшелер жылжымалы түрде — эскалатор және траволатор түрінде жасақталған. Жол ақысын қолма-қол төлеуге де, жол жүру картасымен есептесуге де болады.
Туристерге байланыс үшін Discover Hong Kong сим-картасы ұсынылады. Онда ақысыз түрде Wi-Fi, жергілікті және аздаған халықаралық байланыс, смс-хабарландыру қарастырылған. Көше автоматтарынан хабарласу құны 5 минут үшін — 1 гонконг доллары.
Гонконгта заңсыз эмигранттармен күрес белсенді түрде жүргізілетіндіктен, тексерістер жиі болып тұрады. Құжаттарыңыз бен жеке куәлігіңізді жаныңыздан тастамаңыз.
Кей ғибадат үйлерінде фото-видеоға түсіруге тыйым салынған. Сондықтан, камераңызды қоспас бұрын рұқсаттың бар-жоғын анықтап алыңыз.
Қала мемлекет аумағындағы көпір, әуежай, вокзалдарды да түсіруге рұқсат жоқ.
Мемлекеттік мекемелерге жақын маңда, кпөшілік орындар мен қоғамдық көліктерде темекі шегуге тыйым салынады. Ол үшін сауда орталықтарында, мейрамхана, басқа да ойын-сауық орталықтарында арнайы орын бекітілген.
Тыйымның тағы бірі көше мен қоғамдық орындарды ластауға, түкіруге қатысты. Мұндай әдепсіздікке жол бергендерді көлемді айыппұл күтіп тұр.
Дайындаған: Айгерім Мейірханқызы
ERNUR.KZ