Қапшағай жақтағы «Көшпенділер» қамалы жайлы естуіңіз бар ма?

0
4 010


Қапшағай жақтағы «Көшпенділер» қамалы жайлы естуіңіз бар ма?

Еліміздің сайын даласында қалың көпшілікке аса танылып үлгермеген, алайда құндылығы мен қадірі биік қаншама орындар бар. Мәселен, сан соғысты бастан кешіріп, жау оғына жауырын төсеп, бұқара халыққа қалқан болған қамал-бекіністерді алайық. Қандай бекіністер болды, қайсының тарихы қалай өрбіді – білесіз бе? Жә, оны қоя тұрайық. Қазіргі уақытта сол қамалдар мен бекіністердің қайсысының қаңқасы сақталған? Тым болмаса, осыны біліп, барып танысып, ежелгі ержүрек халқымыздың асқақ рухын сезініп қайтудың өзі бір белесті бағындыру болар еді.


Көшпелілер өмірін көз алдыңа келтіреді


«Номад» аталған бекініс Қапшағай қаласынан 30 шақырым қашықтықта, Іле өзені жағасында орналасқан. «Көшпенділер» фильмін түсіру барысында декорация ретінде қолдану мақсатында 2004 жылы бой көтерген. XVIII ғасыр үлгісінде салынған айрықша құрылысты нысан аумағында бірнеше мұнара, мешіт, тұрғын үйлер бар. Айналасы биік қамалмен қоршалып, дәл сол замандағыдай қақпа орнатылған.

Фильм түсірілімі аяқталған соң бекіністі бұзбай, барлық реквизиттерімен қоса сол қалпында сақтап қалуды ұйғарыпты. Дұрыс болған. Себебі, айналадағы пейзажбен әсем үйлесім тапқан бекініске барып көргісі келетін туристер саны жыл санап артып келеді екен. Сонымен қатар, мұнда келіп мастер-класс, түрлі мәдени шара өткізушілер, клип түсіргісі келетіндер де көптеп табылуда.

«Көшпенділер» бекенісін аралай жүріп өзіңізді уақыт машинасына отырып, өткенге сапар шеккендей сезінесіз. Қайталанбас ғажап әсер.


Талғар маңындағы тарихи қамал


Тарихымыздан терең сыр шертетін тағы бір қамал – Талхиз бекінісі. Бүгінде Талғар қаласы территориясына кіреді.

Уақыт тезіне төтеп бере алмай, күл-талқаны шығуға аз қалған қамалға қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта солтүстік қақпасы мен мұнарасы қайта бой көтеріп тұр. Археологтардың бір бөлігі бекіністі толығымен қалпына келтіруге болады десе, енді бір тобы қираған үйінділерді сол қалпында қалдырған дұрыс деген пікірде.

Қалай болғанда да, Талхиздегі тарихи көрініс, өткенге оралуға көмектесетін айрықша атмосфера жоғалмаса болғаны.

Нысан 2014 жылдан бері ЮНЕСКО ұйымымен қорғалатын жәдігерлер тізімінде.


Қайта құралған Сауран қирандылары


Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған бұл қамал орны қазіргі Түркістан қаласынан 35 шақырым қашықта жатыр. Заманында Сауран қаласы толықтай қамалмен қоршалған екен. Жеті бөліктен тұратын қамалдардың әрқайсының ұзындығы 660-850 метрден болған.

Қыз-қыз қайнаған қала тіршілігі 1723 жылы жоңғар шапқыншылығынан кейін сілтідей тынып, қираған Сауран өлі үйіндіге айналады. Бүгінде бірнеше ғасыр бойы топырақ астында жатқан қирандылар зерттеліп, мешіт, орталық көше және солтүстік қақпасы реставраторлар еңбегінің арқасында қалпына келтірілді.


Орнында бар, оңалған Отырар


Осы уақытқа дейін үйіліп төбе болып жатқан ежелгі Отырар қаласының орны көпшілікке «Отырартөбе» деген атпен танымал. Биіктігі 18 метрдей шығатын қалың топырақ астында қаншама адамның тағдыры, тарихы жасырынып жатты. Ең кемеліне келген, гүлденген шағында бұл шаһарда 200 мыңнан астам адам өмір сүрген екен. Алты ай бойы аңдысып, ақыры алған Шыңғысхан әскері күл-талқанын шығарған қамалды қайта оңалту жұмыстары жүргізілуде. «Орнында бар оңалар» деген. Бәз баяғы қалпына келмесе де, құнды ақпаратқа қанықтырып, қайталанбас әсер сыйлайтын аспан астындағы керемет мұражай болары сөзсіз.

Өзге өлкені зерттеуге кіріспес бұрын, өз өткенімізге үңілейік. Ел аумағындары тарихи орындарды аралау өз болмысымызды бұрынғыдан да жақсырақ тануға мүмкіндік сыйлайды. Әсіресе, небір жаугершілікті бастан өткерген, сансыз батырлар ерлігіне куә болған қамалдар мен бекініс орындары бойға қуат беріп, рухты асқақтатады. Барып көріңіз, өкінбейсіз. Балаларды да ала барыңыз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


ТАУҒА АЙНАЛҒАН қос батыр немесе "Сырған" көлдің СЫРЫН білесіз бе?


«Париждегі ҚОҚЫСТЫ көріп, Қазақстан есіме түсті»: Бірнеше тілді меңгерген отырарлық қыз шет елдегі әсерімен бөлісті