Бұл жер қазақ даласының ең көрікті орындарының бірі.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Қазақ даласы ежелден-ақ қасиетті, әлемге әйгілі әрі жұмбақ болған десек қалелеспейміз. Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасын жайлаған ұлан ғайыр атырапта небір сырын қойнына бүгіп жатқан жерлер бар. Тіпті әлі күнге дейін толықтай зерттелмеген, тек қана аңыз-әпсана бойынша ақпарат беретін таулар мен көлдер бар.
Солардың бірі қазақ даласының ең оңтүстігіндегі орта биіктіктегі тау – Қаржантау және оның баурайындағы Сырған көлі. Табиғаты тамаша Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы бұл орынның құпия сыры көп болғанымен, туристік орталыққа айналып үлгермеген. Тек жергілікті тұрғындар мен бірлі-жарым білетіндер ғана барады. «Неге осынша тамаша жерде туризм дамымайды?» деп күйінуге де, бір жағынан «табиғат ананың кереметін аяқ көп баспайды!» деп қуануға да болады. Одан қалса, бұл орынға барар жолдағы сезімнің өзі бір бөлек. Ойлы-қырлы, тас-шатқалды жолмен жүріп, бірнеше бұлақ суын кешіп өтесіз. Керемет емес пе?!
Өз көзіммен көргеннің әсерінен бұл жер туралы зерттеп, мынандай ақпараттарды білдім. Қаржантау – Өгем жотасы жотасының батысындағы тау жотасы. Келес, Өгем өзендері аралығында солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 85-90 шақырымға созылып жатыр, ені 15-20 шақырым. Ең биік жері – Мыңбұлақ тауы (2828 метр). Тас көмірдің әктас, гранит жыныстарынан түзіліп, сай-жыралармен тілімделген. Қаржантаудың батыс беткейінен Мұғалысай, Көкпарсай, Қаржансай, Жүзімсай, Ұялысай, Қызылатсай, Бадам өзендері бастау алып, шығысында Өгем өзені ағып өтеді. Таудың шалғынды, қоңыр топырағында бидайық, жусан, т.б. шөптесіндер, бұталар, аршалы сирек орман, жабайы жеміс ағаштары өседі екен.
«Ежелден бұл тау көршілес мемлекеттердің табиғи шекарасы қызметін атқарып келді. Ескі тарихтан сыр тартсақ, бұл тау Түргештер мен Соғдылардың, Қарахандар мен Оғыздардың, Моғолстан мен Темір империясының, Қазақ хандығы мен Тәшкен әмірліктерінің шекарасын анықтап келсе, қазір де қазақ-өзбек шекарасы осы таудың суайырығынан өтеді. Ең биік нүктесі – Қосмола (Мыңбұлақ) шыңы, теңіз деңгейнінен 2828 метр биікте. Қосмола шыңы туралы аңыз-әңгімелер көп, қазірдің өзінде халық аузында 4 нұсқасы айтылады. Соның бәрінде елге баса көктеп келген жау қолын бөгеп, бетін қайтаратын қос батыр туралы айтылады. Бірақ, бір аңызда қос батыр тасқа айналыпты десе, келесі бір нұсқада шың басына жерленеді”, – дейді сол жердің тумасы, журналист Сейдалы Дүйсебайұлы.
Ал, Сырған көлі Қаржантаудың етегіндегі ең сұлу жерлердің бірі. Ол көл 1968 жылғы қатты нөсер жауын кезінде Қаржантаудың бір шатқалынан бастау алатын Шет Қаржан өзенінің арнасының алдын бір тау жотасы сырғып кеп бөгеп қалғанынан пайда болған екен.
«Алғаш пайда болған сәтінде көл беті үлкен еді, қазір жыл сайынғы тасқындардың салдарынан кішірейіп бара жатыр. Қазіргі тереңдігі 15 метр. Суында сазан, табан, маринка, форель балық түрлері бар”, – дейді Сейдалы ағамыз.
Расында, бұл көл жайлы ақпарат көп емес. Дегенмен, өз құлағыммен естіген әңгіме бойынша бұл суға шомылуға болмайды екен. Оның себебін түсіндіретін де бірнеше нұсқа бар. Алайда, оның барлығы шындық деуге дәлел жоқ. Ең дұрысы - бір демалысты арнап, барып келіңіз!
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ: Адамның БАС СҮЙЕГІМЕН футбол ойнайтындар әлі бар!