«Париждегі ҚОҚЫСТЫ көріп, Қазақстан есіме түсті»: Бірнеше тілді меңгерген отырарлық қыз шет елдегі әсерімен бөлісті

0
3 063

Тіл үйрену арқылы әлемнің ҚҰПИЯ СЫРЛАРЫН білуге болады.


«Париждегі ҚОҚЫСТЫ көріп, Қазақстан есіме түсті»: Бірнеше тілді меңгерген отырарлық қыз шет елдегі әсерімен бөлісті

Автор мен редакцияның жазбаша рұқсатынсыз көшіріп басуғы тыйым салынады.

Бүгінде шет тілін меңгеру арқылы көптеген мүмкіндіктерге ие бола аласыз. Бұл талай жылдан бері айтылып келе жатқан пайдалы кеңес. Осы орайда өзгелердің де тіл үйренуіне сеп болар деген оймен шет тілін үйрену арқылы әлемнің бірнеше елін аралап, бұрын білмеген дүниелермен танысқан Тұрдалы Таңшолпанмен сұқбат құрдық.


Тұрдалы Таңшолпан Лескенқызы 1997 жылы Түркістан облысы Отырар ауданы Отырар ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Орта мектепті бітіргеннен кейін, шет тілдері мамандығына Алматыға оқуға түсіпті. Қазіргі уақытта мәдени астанадағы жетекші тіл үйрету орталықтарының бірінде ағылшын тілінен сабақ өтеді. Ана тілінен бөлек, ағылшын, қытай, орыс тілдерін еркін меңгеріп үлгеріпті.


Өзің шет тілін меңгерген жастардың бірі екенсің. Ал, алғашқы саяхатың қай елден басталды және ол жер несімен есте қалды? Қандай ерекшеліктері есіңнен кетпейді?


Жалпы, тіл білу көптеген жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашады. Осы тұрғыда сөзімді 2 жыл бұрынғы Африка құрлығындағы озық дамыған елдердің бірі – Руанда елінің астанасы Кигали қаласында өткен маңызы зор конференциядан бастағым келіп отыр. Бұл кезде Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің бірінші курс магистранты едім. Шет елге шыққан алғашқы саяхатым үрейге әрі қызыққа толы болды. Бөгде құрлыққа Қазақстаннан жалғыз бару оңай болмады. Десе де, осы елден көрген, түйген нәрселер өте көп. Шағын ғана ел бар жоғы жиырма төрт жылда (1994 жылғы геноцидтен бері) Африка құрлығындағы Сингапур іспетті елге айналған. Халқы өте білімді әрі заңға бағынады, такси жүргізушілерінің өзі туған тілдері кинаруанда және суахили тілдерінен бөлек, құлдық салдарынан қалып қойған француз тілінде, сондай-ақ ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Тіпті келген қонақтар мен туристерді супермаркеттердің өзіне детектормен тексеріп кіргізді. Қонақжайлығы мен мейірімділіктеріне шынайы риза болдым. Зерттей келе, бұл елде жемқорлық атымен жоқ екенін білдім.


Өзге нәсілдің адамдарымен уақыт өткізген қандай болады екен? Жалпы, дүниетанымда ерекшелік бар ма?


Африканың әр түкпірінен келген қара нәсіл өкілдерімен тез арада дос болып кеттім. Әлемнің түрлі елдерінен, Гватамела, Гондурас, Куба, Гайана сияқты Орталық Америка елдерінен келген адамдарды көріп таң қалдым. Мәдени кеш болған кезде домбыраны көрген олар гитара ма деп сұрап, қайта қайта тартып көргілері келді. Қайыр сұрап жүргендер бірен-саран, халқы негізінен кофе мен шәй шаруашылығымен айналысады екен. Супермаркетке сол жақта танысқан тунистік араб құрбыммен барғанымда, бәрі бізге таңдана қарап, үстімдегі ақ кофтаға қарап, теріңнің ақтығы кофтамен бірдей ғой деп таңданғаны әлі есімде. Бір таңғаларлығы сол, супермаркеттері кірген кезден-ақ парик сатудан басталады екен. Яғни, африкалық қыздардың шашы климат әсерінен ұзын болып өспейді, тек сол парикті киіп жалғап жүреді екен.


Африкалықтар қандай тағамдармен тамақтанады? Жаңа дүниелер ол жаққа да жеткен бе?


Тек үлкен KFC, MCDonalds сияқты фаст-фуд ресторандары ғана жетіспей тұр. Қалғанының бәрі бар, дамыған қала. Қонақүйдегі таңғы аста әр елдің тағамдары туралы сөз болғанда, мен де қалыс қалмай, жылқы етінен бешбармақ жасайтындығымызды айтқанымда, Гватамелалық қыздың қатты таңданып, тіпті мені жек көре бастағанын көріп, мен де «Байқамай шатасып кетіппін, сиыр етін жейді екенбіз» деп, әрең сабасына түсіргенімді осы күнге дейін айтып келемін. Жалпы, бұл ел маған ерекше әсер қалдырды. Елді басқару үлгісі де ерекше. Тағамдары, қоңыр қант пен қоңырқай сүттері де керемет. Нағыз табиғи, қоспасыз өнім.


Расында алғашқы саяхатыңнан көп естеліктер есіңде қалыпты. Саяхаттың Африкадан басталғанының өзі көп адамда бола бермейтін мүмкіндік қой. Осыдан кейін қай елде болдың?


Магистратураның екінші жылында ақылы шет елдік іс-тәжірибені Еуропадағы Польша елінің Варшава қаласында өттік. Еуропа еліндегі ең таза, материалдық тұрғыдан да ең арзан ел деп айтар едім. Бір қызығы, біз туристер орыс тілінде керек нәрсені сұрағанда, түсініп тұрса да, поляк тілінде жауап берді. Бұрығы саяси қақтығыстар әсер етсе керек.



Поляктардың өмірінде қандай ерекшеліктерді байқадың?

Тек шәйді мүлдем ішпейтіндігі болмаса, бұл елдің тағамдары қатты ұнады. Бірақ сиыр еті өте қымбат болғандықтан, тұрғындары тек тауық етін жейді және электр қуаты өте қымбат болғандықтан, халқы да оны үнемдеуге өте бейім екен. Сенбі және жексенбі күндері бүкіл сауда орындары, супермаркеттер жабық тұрады. Біз көбіне кешке таза ауамен тыныстауға шықсақ, айналада халық жым-жырт. Сұрастырсақ, мұнда халық таңғы 7-ден 4-ке дейін жұмыс істейді екен.


Еуропа елдері мен қалалары бір-біріне жақын орналасқан ғой. Тек Варшавамен тоқталмай, тағы басқа қалаларға сапар шеккен шығарсың?


(«Тілшілер не айтатыныңды алдын ала біліп отыра ма?» деп бір күліп алды.:) Алты күннен соң сертификатымызды алып, алғысымызды Қазақстаннан ала барған шоколадтарымызбен білдіріп, ежелгі Рим қаласына жол тарттық. Көшелері лас, халқы жол ережелеріне бағынбайтын бұл қаланы көргенде қатты таңдандық. Ватиканға бара жатқанда, туристік жерлердің бәрінде қаптаған үндістер мен африкалықтар тауарларын ұсынып жүр. Бірі су, бірі білезік, бірі монопад сатып, турситер арқылы күн көріп жүргендей. Мен ұнатқан нәрсе тек әр көшедегі шағын қуыстарда жанды дауыста ән салып тұрған ұл-қыздар болды. Ал Милан атты сән қаласына келгенімізде, шаһардың ерекше үлгіде киінген адамдары бірден көз тартты. Бір қызығы, босқындар, жан-жақтан келген адамдар өте көп екен. Бәріне MCDonalds қолжетімді баға болғаннан-ау, түскі астарын сонда апарып ішеді екен.



Екеуміз әлеуметтік желіде дос болғаннан кейін, өзіңнің қай елдерге барғаныңды көріп отырдым. Өзім каталониялық «Барселона» футбол клубына жанкүйер болғандықта ба, Испаниядан салған суреттерің есімде жақсы сақталыпты. Футбол тілімен айтқанда, «Қызыл фурия» елі қандай екен?


Испания еліндегі әлемге танымал Барселона қаласының таксилері сенімді, адамдары өте сыпайы, ашық жарқын екен, бізді құшақ жая қарсы алды. Каталония деп аталатын бұл жерде де үйсіз-күйсіз, орындықтарда күллі затымен орналасып түнейтін адамдарды кездестірдік. Бір қуантарлығы, теңізге барып, толқынның әсем дыбыстарын естідік, әйгілі футбол стадионына бардық. Жарты сағатқа ғана ақша төлеп кірсек те, сол жердің ғажайып атмосферасын сезіне алдық.


Содан кейін, Барселонаны қимай, Францияға жол тарттық. Бұрын естігенімдей, Париж ең лас қала екендігіне көзім жетті. Қонақ үйді жағалай жатқан қоқыстар бізді елдегі жағдайды есіме түсірді. Бірақ, Лувр музейіндегі Мона Лиза портретін көргенде ерекше сезімде болдым. Көлемі ауқымды бұл музей барлық адамды сыйдырып алады екен. Эйфел мұнарасының жанындағы жанды дауыстағы ән мен адамдардың көңіл күйі мені өздеріне ғашық етті. Тек афроамерикандықтардың өте көп екендігі таңқалдырды.



Білуімше, инстаграмдағы парақшаңа шетелден соңғы пост Прагадан салынды. Чехия астанасы ұнады ма?

Рас, бұл саяхатымның соңғы аялдамасы Чехия Республикасының астанасы Прага қаласы еді. Варшава секлді тап таза, халқы орыс тілінде сөйлейтін мемлекетке риза болдым. Карлов көпірін аралап жүргенде, басын көтермей, екі бүктеліп жатып қайыр сұраған жандарды көріп, қатты көңіл күйім түскені де бар. Тек «Билеп тұратын үй» деген ғимратты көргенде және Карлов көпірінен өтекенде жадырап шыға келдік. Атақты вафли балмұздақтарынан дәм таттық. Еуропаның үй құрылыстары ұқсас болғанмен, әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Чехия бізді заманауи троллейбустарымен, трамвайларымен, тазалыққа беріктігімен таңқалдырды. Жалпы еуропа елдеріндегі адамдар бізге салқын қабақ танытқандай болды. Елімді сағынып келдім. Көптеген қайыршы адамдарды, кейбір құнарсыз тағамдарын, әсіресе, нандарын және қымбатшылықты көріп, өз еліме еш жер жетпейтіндігіне куә болдым. Дегеммен,ел шекарасынан шығу арқылы танымды кеңейтуге болады.


Алдағы уақытта қай елдерге саяхаттауды жоспарлап отырсың? Сондай-ақ, сенің әңгімеңді оқып, саяхаттауға ынталанған адамдарға қандай кеңес бересің?


Алдағы уақытта Америка мен Корея, Қытай, Жапония елдеріне барсам деймін. Батыстық мəдениетпен біраз таныс болдым, енді шығыс елдерінің мəдениеті мен тұрмысын білгім келеді. Достарыма айтар кеңесім – ешқашан өз мақсаттарыңыздан айнымаңыздар, тіл үйренуден еш жалықпаңыздар, өйткені тіл арманыңызға жетудің бастапқы баспалдағы болмақ.

Қорыта айтарым, әсіресе, жастар, шет тілін үйренуге асық болса, көп нәрсеге қол жеткізе алады! Әлемнің сан қилы құпия сырлары мен ерекшеліктеріне көз жеткізу арқылы ой-санасы да жетіле түседі. Ең бастысы, теория жүзінде оқып жүрген білімді іс-тәжірибеде қолданған рахат сыйлайды екен. Өйткені өзіңізді толыққанды қазіргі заманға сай адам ретінде сезінесіз. Сондай-ақ, осындай мамандық таңдағанда қолдау білдірген ата-анама, бауырларыма және білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма шексіз алғысымды білдіремін. Білім ордалары – Отырар жалпы орта мектебіне, Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем тілдері университетінің білікті ұстаздарына шексіз ризамын.

Рақмет! Әрдайым алға қойған мақсатыңызға жетуіңе тілектеспін!


Сұқбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Фото: жеке мұрағаттан

Тағы оқыңыз:


Әлемдегі ЕҢ ЕРЕКШЕ қонақүйлер Сізді тәнті етеді!


СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ: Адамның БАС СҮЙЕГІМЕН футбол ойнайтындар әлі бар!